Қазақстанда шетелге шығуға тыйым салынған борышкерлерді берешегі туралы әуежайда емес, одан ерте – ұшуға бес жұмыс күні қалғанда хабардар етеді. Бұл туралы әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан президенті 27 маусымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.
Бұл заң елден шығуға тыйым салу бойынша шектеу шараларын жеңілдетеді, ол 8 шілдеде күшіне енді.
Заңға сәйкес, берешек шегі ұлғайтылды, одан асып кеткен жағдайда, елден шығуға тыйым салынады. Бұған дейін ол 20 АЕК-ті құраған еді, енді екі есеге артып отыр – 40 АЕК немесе 111 120 теңге.
Сот орындаушысының өз қалауы бойынша әрекет ету өкілеттігін қысқарту үшін елден шығуға тыйым салар алдында бес жұмыс күні бұрын борышкерге хабарлау туралы норма енгізілді.
Елден шығуға уақытша шектеу қою мерзімі, тәртібі мен негіздері, соның ішінде оның күшін жою мерзімі мен негіздері қайта қаралды.
Қазір сот орындаушылары уақытша шектеулердің күшін үш жұмыс күні ішінде емес, бір күн ішінде жояды.