Қазақстан – тұрақтылықты тұтас өңірге экспорттаушы ел

Мансұр ХАМИТ (фотолар)

Дамушы нарықтың екінші Еуразиялық форумы бұған дейін де бірқатар басқосу өткізіп, көптеген елдердің келешегіне көз жүгірткен, қайсы­бі­ріне кем-кетікті айтып, енді бірінің бағытын баян­ды еткен ұйым. Мұндай форумға сарабдал саясат­керлер мен тұлға қайраткерлер, тау қопармаса да, терең тәжірибесімен көзге түскен бұрынғы мемлекет пен Үкімет басшылары қатысып, өз ой-пікірлерін айтады, бағасын да, батасын да береді. Орталық Азияға алғаш аяқ басып, Астанада ту тіккен осы форумға «Назарбаев Университеті» АҚ мұрындық болып, оның тақырыбы «Еуразия ХХІ ғасырда: Жаңару арқылы жетекшілік» деп аталды. Кеше форумның алғашқы отырысы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтті.
Дамушы нарықтардың Еуразиялық форумы халықаралық аренада салмағы бар саясат­керлер мен шешім қабылдаушы мемлекет арасында пікір алмасу үшін бейтарап тұғыр ретінде саналады. Ендеше, Еуразия кіндігіне келіп, пікір айтуға шақырылған мәртебелі меймандардың әрбір сөзін қалт жібермеу Қазақстан үшін, әлбетте, өзекті. Сондықтан да сындарлы пікір алмасу үшін әуелгі сөзді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алып, мәртебелі мейман­дар алдында Президент «Қазақ­стан-2050: Әлем­нің 30 дамыған мемлекеті­нің қатарына кіру» тақырыбында баяндама жаса­ған болатын. Тақырыпқа келсек, бұның таңдалуы да өзіндік мәнге ие. Мемлекет басшы­сы былтырғы жел­тоқ­санда «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдар­ламасын жариялап, оның негізінде еліміздің әлемдегі озық 30 мемлекеттің біріне айналуы көзделген болатын. «Осы мақсатқа жетуге еліміздің толық мүмкіндігі бар, Тәуел­сіздік жылдарындағы жетістіктеріміздің өзі осыған дәлел. Дегенмен сіздердің бүгінгі тал­қы­лау­­ларыңыз бен ұсыныстарыңыз біздің бағдарла­мамызды толықтырады, бізге дұрыс жолды таңдауға септігін тигізеді деп сенемін», – деп бастады Елбасы шетелдік сақа саясат­керлер алдындағы баяндамасын.

Қазақстан жетекші елдер тобына ену мәртебесін нығыздай түсетін болады
Өткенде ғана Мемлекет басшысы Н.На­зар­баев Петербордағы «G-20» сам­ми­­ті­не шақырылып, онда жаһандық дағ­дарыстан шығу туралы өз көзқарасын «же­тек­ші жиырмалық» алдында жариялаған. Шындап келгенде, анау-мынауға мұрын шү­йіре қарайтын «Үлкен-20» елдерінің ара­сында Қазақстанның қатысуы біраз жайт­ты аңғартса керек-ті. Елбасы да сөз ба­рысында осы жағына назар аудартып қой­май, ел Үкіметінің ендігі басым мінде­тін де саралағандай болды. «Әлем тағ­дыры сөз болған Санкт-Петербордағы «G-20» форумында қызу талқылауларға ара­ласқан Қазақстан бұл клубқа «де фак­то» қатысты. Ендігі міндет елге бұйырғалы тұрған бұл мәртебені «де юре» деңгейінде тіркеу үшін шаруаны нығыздай түсу», – деп түсіндірді Елбасы жиынның мәнін. Шын­ды­ғында, өткен 22 жылдағы жетістік Қа­зақ­стан үшін зор бедел әкелді. Кеңес Ода­ғы күйреген тұста экономикасы 30 пайызға құл­дырап, бұрынғы КСРО елдерінің ара­сында «аутсайдер» аталған Қазақстан қа­зір сенімді экономикалық өсімнің даңғы­л­ы­на түсті. Бұл тұрғыда Н. Назарбаев 1991 жылғы Тәуелсіздік жарияланған күннен бас­тап «тек тіршілік үшін» жұмыс жасалға­нын, сол жылдары Қазақстанның ел болып қа­лыптасу немесе құрдымға кету мәселесі төте­ден тұрғанын айтты. «Мемлекетіміз көп ұлтты болды, экономикамыз тұралап қал­ды, жұмыссыздық жайлап, инфляция 2160 пайыз деңгейге шарықтады. Бол­жам­ның өзі сұсты болды. Алайда біз сол сұс­ты болжамдарды өзгертіп, басқа бағыт­та жол салдық», – деді Елбасы. Сонымен қатар, Президент жаңа ғасыр басында, яғни алғашқы 10 жылда Қазақстан эко­но­микасы 9-10 пайыз қарқынмен дамыға­нын, орташа алғанда осы жылдары даму дең­гейі 6-7 пайызды құрағанын атап өтті. Қа­зақстандықтардың өмір сапасында елеу­лі серпіліске қол жетті, халықтың жан ба­сына шаққандағы ІЖӨ үлесі 600 дол­лар­дан биыл 12,5 мың долларға өсті. Осының бәрі әлеуметтің әлеуметтік жағ­да­йына оң әсер етті. «Бар болғаны 22 жыл бұ­рын ғана біз барша рейтингтен сырт қал­ған едік, мұндай көрсеткішті тек арман ре­тінде елестетінбіз. Ал бүгін бәрі басқаша. Біз ұлттар арасындағы осы бәсекелестікте Қа­зақ елінің тек алға ұмтылып келе жатқа­ны­на тек қуанамыз», – дейді Н. Назарбаев.

Дамыған 30-дың қатары – Қазақ елі діттеген тарихи меже
2050 жылға дейінгі айқындалған стра­те­гия туралы айта келе, Елбасы ондағы жас мемлекеттің алдына қойылған басты мін­дет – барынша дамыған 30 елдің қата­ры­на ену екендігін атап өтті. «Біздің қоғам үшін бұл – құрғақ қиял емес, керісінше аса қа­жетті тарихи меже. Осы отыздықты ең­сер­сек қана біз өзіміз үшін сенімді келе­шек­ті тек ХХІ ғасырда ғана емес, одан ке­йін­гі дәуірде де қамтамасыз ете аламыз. Тек осы жағдайда ғана біз Қазақстанның «әлем­дік жанұядағы» лайықты орнын та­уып, өз азаматтарымыздың сапалы өміріне ке­піл бола аламыз», – деп түсіндірді
Н.Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы 2050 жылға қарай көз жүгірте отырып, «о заманның бүгінгіден барынша өзгеше болатынына» назар аудартты. «2050 жылы әлемдегі барынша дамыған 30 елдің жиынтығы қазір біз көріп жүрген елдерге қарағанда мүлдем басқаша болуы әбден ықтимал. Өйткені осы өткен онжылдықта ғана әлем дамудың аса қиын кезеңіне аттады, дағдарыстар мен болжам­сыз дүниелер, қым-қуыт қақтығыстар өрші­ді. Ал мұндай жағдайда көшбасшылық позициясы шыдамдылықтың жоғары дең­гейін көрсеткен елдерде ғана сақталатыны белгілі», – деді Елбасы. Сонымен қатар Нұр­сұлтан Әбішұлы ендігі 37 жылда (яғни, 2050 жылға қарай) «дамыған ел» ұғымы­ның өзі бүгінгіден әлдеқайда құбылып кетуі мүмкін екенін айтып, оған нақты мысалдарды алға тартты. «Өзіңіз қараңыз, ХХ ғасыр басында дамыған елдер деп негізінен отаршыл империялар айтылатын, ал 30-40 жыл ішінде «дамыған ел» деген терминге жоғары өнеркәсіптік әлеует пен әскери қуатты мемлекет жатты. Тағы 20-30 жыл өткен соң жоғары ғылыми-білім беру әлеуе­тіне ие қоғам «дамыған» деп санал­ды. Қазіргі ғасыр басында дамығанның бас­ты көрсеткіші ақпараттық ілкімдікке қа­рай жіктеледі. Яғни, әлемдік даңғылда жаңа трендтер аяқ астынан туындауы ға­жап емес», – деп пайымдады Елбасы
Н.Назар­баев. Бұл ретте Президент 70 жыл­дары КСРО секілді империяның күйрей­тінін ешкім болжай алмағанын, ал Қытай әлемдегі екінші экономикаға айналуы мүмкін еместей көрінгенін де мысалға алды. Солай дей келе, Елбасы дамыған елдердің негізгі критерийлеріне қатысты бірқатар сапалық сипаттамалар да жасады. Мәселен, Нұрсұлтан Әбішұлы­ның пайымынша, алдағы уақытта дамыған жұрт – ең алдымен экономикалық және әлеуметтік өсімнің жоғары қарқынымен ерекшеленеді. Яғни, «дамыған ел» деп өз елінің өмір деңгейі мен экономикасындағы көпжылдық сенімді дамуды қамтамасыз ете алған мемлекет айтылады. «Екіншіден, д­а­мы­ған елдің мобильді экономикалық құ­рылымдары болуы шарт. Бұл әсіресе ұлт­тық экономиканың құбылмалы конъ­юкту­раға шапшаң әрекет етуі тұрғысынан маңызды. Үшіншіден, «дамыған ел» деп жо­ғары технологиялық, ғылыми қамтым­ды инновациялық экономика секторына ие елдер айтылады. Онда еңбек өнімділігі жо­ғары болып, энергия тұтыну төмен болуы шарт. Төртіншіден, ғасыр ортасында «дамыған ел» деп жан-жақты ақпаратқа ие қоғам аталуы мүмкін. Бесіншіден, жұрт­шы­лықтың әлеуметтік өмір стандарттары жо­ғары болуы керек. Мұндағы басты әң­гіме жоғары білім беру әлеуеті, денсаулық сақтаудың сенімді жүйесі мен аз қамтылған халық жігінің әлеуметтік қорғалуы туралы болып отыр. Сосын нағыз перспективалы болып Жалпыға ортақ еңбек қоғамы саналады деп ойлаймын. Адам өзінің, өз мемлекетінің игілігіне жұмыс істегенде ғана нәтиже оңға басады. Алтыншыдан, да­мудың маңызды өлшемдерінің бірі – сая­си-қоғамдық қатынастардағы өмірдің жо­ғары мәдениетімен байланысты. Жетін­ші­ден, ұлттың даму деңгейін оның жаһан­дық, өңірлік интеграциялық жобаларға жо­ғары белсенділігімен де айқындалады», – деді Н. Назарбаев.
Қазақстан перспективалы ұлттардың топ-парағына ене алады
Баяндама арасында еліміздің өткен жолдарын саралай келе Елбасы, бүгінгі даму деңгейінің елді жетелейтін мүмкін­дік­теріне де тоқталып өтті. «Мен әлемнің бола­шақ даму моделінде Қазақстан лайық­ты орын алатындығына әрі әлемнің перспективалы ұлттарының топ-парағына енетіндігіне сенімдімін. Біз дамыған ел болғымыз келсе бұдан басқа жол жоқ», – деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар Мемле­кет басшысы «Қазақстан-2050» стратегия­сы­ның басты мақсаттарына қол жеткізу үшін жақын жылдары атқарылатын нақты жұмыстар аясында 2 концептуалды басым­дықты атап өтті. «Бірінші басымдық адами капиталды дамыту саласында сапалы серпін жасау үшін жағдай жасау. Кез келген жағдайда да адами ресурстар қоғамның дамуын айқындайтын болады. Сондықтан да, ең алдымен бүгінгі таңда қазақстандық­тар­ға білім берудің жаңа сапасы талап етіле­ді», – деді Н.Назарбаев. Елбасы айт­қан екінші басымдық – бұл ел дамуының жо­ғары қарқынын қамтамасыз ететін эко­но­микалық және құқықтық институттардың тиімді жүйесін қалыптастыру бойынша жұ­мыстардың зор бағыты. «Бұл шаралар өз кезегінде ел дамуының жоғары қар­қынын қамтамсыз ететін болады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Шикізат экономика өсімін қамтамасыз еткенімен, мемлекет кірісінің басты көзі болмауы керек
Сөз арасында Мемлекет басшысы ғылыми қамтымды экономикаға өту үшін барынша маңызды саналатын Стратегия­ның нақты міндеттеріне тоқталды. «Оның бірі – көмірсутек ресурстарын басқарудың тиім­ді жүйесі. Шикізат қоры экономика өсімін қамтамасыз етуі тиіс, алайда мем­лекет кірісінің басты көзі болудан тыйылуы шарт. Бұл – Үкіметтің басты міндеті», – деді Ел­басы. Бұл ретте Мем­лекет басшысы мұ­най өндірудің түрлі сценарийін де саралап шық­ты. Мәселен, Президент пайымынша консервативті сценарий бойынша 2050 жылға дейін мұнай ресурстарын тұрақты өндіру және экспорттауды сақтап қалудың барлық мүмкіндігі бар. Демек, осындай жағдай сақталса дамудың Ұлттық қорына кірістердің тұрақты түсімін қамтамасыз етуге болады. Ал орын алуы мүмкін агрес­сивті сценарийде Қазақстанның мұнай ресурстарын экспорттау мүмкіндігі тез арада түгесілуі әбден мүмкін. «Жалпы Қазақстан халқының тұтынуына жылына 2 млн баррель мұнай өндіру жеткілікті. Сондықтан да, біз бұндай қадамды алдағы уақытта барынша ескеретін боламыз», – деді Н. Назарбаев.
Бұдан бөлек, Елбасы елдегі энерготиім­ділік мәселесін, балама энергияны дамы­ту­ды да қозғады. Тоқтала кететін жайт, Қазақстанда «болашақ энергияның» айтарлықтай әлеуеті бар екенін көп жұрт біледі. Осыған орай, Мемлекет басшысы бұған дейін де 2050 жылға қарай балама энергияны елімізде өндірілетін барлық энергияның жартысына жақындатуды, ал 2020 жылға дейін Қазақстанда энергия тұ­тыну­ды үнемдеу жылына кемі 2,5 пайыз­ды құрауы тиістігін тапсырғаны есте. «Мұн­дай межені бағындыру үшін не қажет? Бі­рін­шіден, таза энергияны дамыту жөніндегі агенттік құру, екіншіден, балама энергия жобаларын қолдау жөніндегі қор құру, үшіншіден, энергия сервистік компаниялар құруды қамтамасыз ету, төртіншіден, энер­­­­гия үнемдеу үшін шаруашылық субъек­­­­­тілерін ынталандыру қажет», – деді
Н.Назар­баев. Сонымен қатар Елбасы өндірісті солғын тарттыратын салалардан бас тарта отырып, ағымдағы индустриалды саясатты оңтайландырудың қажеттігіне де көз жүгіртті. «Біз 4 жыл индустриалды бағдарламаны жүзеге асырып келеміз, жүздеген жаңа кәсіпорындар іске қосылып, 1,5 миллионнан астам жаңа жұмыс орында­ры құрылды. Бірақ Қазақстанда не салып, нені дамытуымыз керек? Бір мезгіл тоқтап, соны қарауымыз қажет», – деді Н.Назар­б­а­ев. Осы орайда Мемлекет басшысы ба­сымдықты салаларды шектеп, жоғары тех­но­логиялық салаға бағдарлану маңызды екен­дігін баса айтты. Мәселен, таза энер­гети­ка, робототехника, нанотех­но­логия, аэроғарыш өнеркәсібі, гендік ин­же­нерия. Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстан үшін ау­мақ­тық даму мәселесі маңызды екенін де атап өтті. «Біз өсудің қуатты нүктесі ретінде қала­лық агломерацияны дамытуға басым­дық берміз. Ұзақмерзімді мақсат – Астана мен Алматы арқылы әлемдік деңгейдегі мегаполистер агломерациясын қалыптас­тыру. Әзірше осы екі қаланың жұртшылығы, оның ішінде Алматы 1,5 млн халыққа жақындаса, Астана халқы миллионға жа­қын­дап келеді. Біздің алдымызда бұлардан бөлек екі мегаполис құру, сосын «ақылды», «жасыл», «қауіпсіз» қалалардың қатарын арттыруды міндет етеміз», – деп түйіндеді Н. Назарбаев.

Сарапшылар бүй дейді:
Романо ПРОДИ, Италияның экс-премьері:
–Менің ойымша, Қазақстан барынша дамыған 30 елдің қатарына 2050 жылдан да ертерек іліге алады. Біз бұл бағытта өз кө­мегімізді көрсете аламыз деген сенімде­мін. Ал маған тиген энергоресурстарды ұқып­ты игеру тақырыбына келсек, энер­ге­тикалық ресурстарды пайдалануды ұзақ­мер­зімді перспективаға ысыру мәселесі ма­ңызды. Бұл энергетикалық ресурстары жоқ елдер үшін ғана емес, Қазақстан се­кіл­ді кенге бай ел үшін де аса өзекті. Өйт­кені энергия ұзақмерзімді ресурс, сондық­тан оған ұзақмерзімді стратегия қажет.

Альфред ГУЗЕНБАУЭР, Аустрияның экс-федералдық канцлері:
–Біз бүгінгі күні бүкіл әлем бойынша білім беру революциясының табалды­ры­ғын­да тұрмыз. Білім беру революциясы –бұл сол білім пирамидасының ең ұшында ғана емес, оның табанынан бастап барлық деңгейін қамтамасыз етуі шарт. Сонымен қатар дәл осы біліммен ұштасқан мәселе Қазақстан секілді мемлекеттер үшін аса маңызды. Өйткені Қазақстан халқының саны бар-жоғы 17 млн адам екенін ескер­сек, оның әрбір тұлғасының, әрбір жаны­ның өз орны, өзіндік салмағы болуы, сол сал­мағы білініп тұруы қажет. Сондықтан да, мен Қазақстанда барлық деңгейдегі ұлт­тық білім беру істеріне толық әлеуетті жұм­сай отырып қана өздері беттеген мақ­сат­қа қол жеткізе алатынына сенімдімін.

Александр КВАСЬНЕВСКИЙ, Польша Республикасының бұрынғы президенті:
–Назарбаев ұсынған стратегия – бұл аса амбициялы жоспар. Мен бұл жоспар­дың шынайы, шындыққа әбден жақын келе­тін дүние екеніне көз жеткіземін. Соны­мен қатар, Қазақстан – тұрақтылық­тың көзі ғана емес, сол тұрақтылықты тұтас өңір­ге экспорттаушы ел.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста