Тәуелсіздіктің 21 жылдығын салтанатты атап өту қазақ халқының жадындағы тарихи сәттердің біріне айналары хақ. Олай деуге себеп: Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кешегі Тәуелсіздік күні салтанатына арналған жиында жұртшылыққа Жолдау арнап, мәңгілік ел болудың 2050 жылға дейінгі жаңа межесін айқындады. Тағы бір жағымды жайт, Тәуелсіздіктің салтанатты мәжілісі елордадағы қазақ мәдениетінің ең биік тұғырына айналған, теңдесі жоқ өнер ордасы – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында тұңғыш рет өтіп, ғажайып мәдениет ордасының шымылдығы Қазақстанның жаңа стратегиялық бағдарын айқындайтын Жолдаумен ашылды.
Елбасы әдеттегідей Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиындағы сөзін ең алдымен еліміздің өткенінен бастады. Қазақ елінің 21 жыл бұрынғы тағдырлы тарихын көз алдына елестете отырып, бүгінгі биікті бағамдап берді. «Өткен күннен алысы жоқ, келер күннен жақыны жоқ» деген бабалардан қалған сөз бар. Тәуелсіздіктің 20 жылдық көкжиегінен көз жіберетін болсақ, біз ғасырларға татитын тарихи жолдардан өттік. Осыдан 21 жыл бұрын әлем жұртшылығы Тәуелсіздігін енді ғана жариялаған Қазақстан Республикасын былай қойғанда, қазақ деген халықтың бар-жоғын әлі танып-білмейтін еді. Бүгінде әлем таныған, күллі дүниежүзі мойындаған Қазақстанның 21 жыл бұрынғы жағдайы дәл осындай болады деп сенудің өзі, шынында да, қиын еді. Бірақ бұл – бәріміз куә болған ақиқат дүние. Содан бері 21 жылда ұланғайыр ұлы табыстарға қол жеткізе алдық», – деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар Президент ел дамуының берік іргетасы қаланып, Ата заңымыз қабылданғанын, жаңа заңнамалық жүйе қалыптасқанын айтты. «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдары айқындалып, Тәуелсіздіктің төл перзенті – барша жұртшылық таңғалатын Астана салынғанына тоқталды. «Осылайша, Қазақстан қазір жаңғыру кезеңін артқа тастап, жаңа кезеңге аяқ басты. Дәл осы белес жаңа замандағы жаңа Қазақстанның орнын анықтады», – деді салтанатты жиынды ашып сөз сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан ары Мемлекет басшысы елдіктің ендігі міндеті егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтап, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру екенін айтты. Демек, басты мақсат – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Ал мықты мемлекет дегеніміз не, сонда? Мұны Елбасының сөзімен сабақтасақ, мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ. Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады. «Мінеки, дәл осы себептен Тәуелсіздік күні қарсаңында, қымбатты менің отандастарым, сіздерге жаңа Жолдау ұсынып отырмын. Бұл – еліміздің даму перспективаларына жасаған өзіндік пайымдауым. Бұл – жаңа саяси бағыт», – деп түйіндеді өз сөзін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы.
«Қазақстан-2030» стрАтегиясында қамтылған көпшілік басымдықтар мерзімінен бұрын орындалды
Қазақстанның қазіргі жетістігінің асқары да, бастауы да осыдан 15 жыл бұрын айқындалған «Қазақстан – 2030» стратегиясы еді. Сол жылдардың бейберекет қиындығы өз алдына, келешекті ойлау да мүмкін болмайтын. Ілгерідегі осындай жағдайларды еске ала сөйлеген Мемлекет басшысы сол жылдар кезеңіне һәм стратегиялық құжатта қамтылып, мерзімінен бұрын орындалған дүниелерге де тоқталды.
«1997 жыл естеріңізде ме? Парламентте мен сөз сөйлегеннен кейін абдырау мен абыржу болды. Көпшілік: «Бұл не: насихат па? Әлде аспаннан түскен нәрсе ме?» – деп сауал қойып жатты. Сол кезде алға қойған міндеттер соншалықты асқақ болып көрінетін. Дегенмен «көз қорқақ, қол батыр» дейді ғой. Біздің алдымызда оқиғалар барысына өзгеріс енгізу сияқты ауқымды міндет тұрды. Жаңа елдің іргесін қалау керек болды. Ол міндетті шешу үшін біз үш бірдей жаңғырту жүргізуге тиіс едік: мемлекеттің іргесін қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау, қоғамдық сананы қайта өзгерту. Біз өзіндік жолымызды айқындауға тиіс едік. Бұл жол «Қазақстан – 2030» стратегиясында белгіленген болатын», – дей келе Нұрсұлтан Әбішұлы сол стратегияның жеті бағыты бойынша атқарылған шараларға тоқталды. Оның біріншісі – ұлттық қауіпсіздік. «Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып, дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық.Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Қазақстан Каспий теңізінің айдынындағы ахуалды сенімді бақылауда ұстайды. Болашақта кез келген аумақтық даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға көршілермен даулы аумақтар қалдырған жоқпыз. Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы тоқталған екінші басымдық – ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлік. Бұл бағытта Қазақстанның өзінің саясатын нығайтып қана қоймай, әлемдік қауымдастыққа үлгі ел ретінде саналатыны да бекер емес. Қазақстан бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналғаны белгілі. Әлемдік және дәстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі нақ біздің елімізде өтті. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «ХХІ ғасырда Қазақстан Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылының көпірі болуға тиіс» – деп атап өтті. «Қазақстан – 2030» стратегиясында басты назар экономикалық өсуге аударылған болатын. Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы 28 триллион теңгеге өсті. Елдің ЖІӨ 16 еседен астам өсті. 1999 жылдан бастап Қазақстанның ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсуі 7,6%-ды құрап, алдыңғы қатарлы елдерді басып озды. Жан басына шаққанда ЖІӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Стратегиядағы тағы бір басымдық – ел азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын арттыру болатын. Мұнда да атқарылған жұмыстың нәтижесі көзге бірден түседі. Мәселен, орташа айлық жалақы 9,3 есе өсті. Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 10 есе ұлғайды. Халықтың нақтылы ақшалай кірістері 16 есе өскен. Соңғы 15 жылда халықтың санының 14 млн-нан 17 млн адамға дейінгі өсімі де соның айғағы.
Бұлардан бөлек, Мемлекет басшысы энергетикалық ресурстар саласындағы межелердің атқарылуын, инфрақұрылым, оның ішінде көлік пен байланыс саласындағы басымдықтардың орындалғанын, ең ақыр аяғы кәсіби мемлекеттің құрылуы жапсарын да егжей-тегжейлі баяндады.
Елбасы атаған ХХІ ғасырдың 10 жаһандық сын-қатері
«Қазіргі уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-тегеуріндермен бетпе-бет келуде. Еліміз бен өңіріміз үшін мен он негізгі сын-қатерді бөліп көрсетемін. Егер біз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрі қол жеткізуді жоспарлайтын болсақ, олардың әрқайсысын міндетті түрде ескеруге тиіспіз», – дейді
Н. Назарбаев. Сонымен, Президент айтқан бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі. «Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерістердің жылдамдығы адамды таңғалдырады. Соңғы 60 жылда Жер тұрғындарының саны үш есе көбейді, ол 2050 жылға қарай 9 млрд адамға жетеді. Осы кезең ішінде әлемдік жалпы ішкі өнім 11 есе өсті. Бүкіләлемдік тарихи процестің жеделдеуі қай кезде де мемлекеттер алдында жаңа шектеусіз мүмкіндіктер ашады, ал оларды толығымен пайдаланғанымызды мен мақтан тұтамын», – деді Мемлекет басшысы. Елбасы тоқтаған екінші сын-қатер – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік. Бұл ретте Президент пайымынша, жалпы әлемдік тренд – адамзаттың қартаюы. Ал енді 40 жылдан кейін 60 жастан асқан адамдардың саны 15-ке толмағандардан асып түседі. Туудың азаюы және адамзаттың қартаюы көптеген елдерде еңбек нарығындағы проблемаларға, атап айтқанда, еңбек ресурстарының жетіспеушілігіне сөзсіз әкеледі. «Біз жас ұлтпыз. Еліміздегі орташа жас – 35. Бұл біздің адамдық әлеуетімізді сақтауға, әлемде өзіміздің дұрыс орнығуымызға зор мүмкіндік береді. Бүгінгі күні алға жылжуға бізде жақсы негіз бар. Елімізде әрбір іздеген адам табуына болатын жұмыс бар. Оның үстіне біздің әрқайсымыздың өзіміз жұмыс істеп, өзімізді асырауға мүмкіндігіміз бар. Бұл – біздің үлкен жетістігіміз. Мен сіздерді жалпыға ортақ еңбек қоғамына бастап келемін, онда жұмыссыздар жай ғана жәрдемақы алушылар емес, олар жаңа кәсіптерді меңгеретін болады, мүгедектер жасампаздық қызметпен белсенді түрде айналыса алады, ал корпорациялар мен компаниялар олардың еңбегі үшін лайықты жағдай жасай алады», – деді Н. Назарбаев. Үшінші сын-қатер – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер. Елбасы мұндай жаһандық қатер астарында Қазақстан үшін орасан зор мүмкіндіктер бар екенін алға тартады. «Біз қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына ендік. Бізде аса ірі экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара аламыз. Ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде сапалы секіріс жасау – толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшін бізге жаңа тұрпаттағы мемлекеттік ой-сана қажет болады», – деді Президент.
Судың тым тапшылығы – бұл төртінші сын-қатер. «Бұл проблеманың геосаяси астары да жоқ емес. Қазірдің өзінде біз трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Аталған мәселенің күрделілігіне қарамастан, біз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз», – деп атап өтті бұл тұрғыда Елбасы. Бесінші сын-қатер – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік. «2050 жылға қарай алғанның өзінде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 %-на дейін өндіруге мүмкіндік береді.
Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады. Мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорларын иеленетін біздің еліміз өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтін болады», –деп пайымдады Президент. Алтыншы сын-қатер – табиғи ресурстардың сарқылуы. «Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің принципті маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек».
Жетінші сын-қатер – Үшінші индустриялық революция. «Адамзат Үшінші индустриялық революция табалдырығында тұр, ол өндіріс ұғымының өзін өзгертеді. Технологиялық жаңалықтар әлемдік нарықтың құрылымы мен қажеттіліктерін түбегейлі өзгертеді. Біз бұрынғыға қарағанда мүлде өзгеше технологиялық болмыста өмір сүріп жатырмыз». Сегізінші сын-қатер – үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық. Ал әлеуметтік тұрақсыздықтың басты себебі – әлеуметтік теңсіздік. «Әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсіз қысым көрсетіп, біздің төзімімізді сынаққа алатын болады. Сондықтан күн тәртібіне әлеуметтік қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі қойылады. Біз үшін маңызды міндет – қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту», – деді Мемлекет басшысы. Тоғызыншы сын-қатер – өркениет құндылықтарының дағдарысы. «Әлем ауыр дүниетанымдық және құндылық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақыры, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі. Жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай отырып, біз үшін осынау кертартпа көзқарастан тартынуымыздың принципті маңызы бар. Өз тәжірибемізден білетініміз, біздің «осал тұсымыз» деп атаған көпэтностылығымыз бен көпконфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық».
Оныншы сын-қатер –әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупі. «Әлемде не болып жатқанын біздің бәріміз көріп отырмыз. Бұл дағдарыстың жаңа толқыны емес, әлемдік экономика әлі еңсере алмай отырған 2007-2009 жылдардағы дағдарыстың жалғасы. Жаһандық экономикалық жүйе 2013-2014 жылдардың өзінде елеулі іркіліске ұшыратып, атап айтқанда, шикізатқа әлемдік бағаның құлдырауын туғызуы мүмкін. Біз үшін мұндай көрініс аса тиімді бола қоймайды. ЕО мен АҚШ-тағы ықтимал рецессия дамыған елдердің шикізат ресурстарына қажеттілігін төмендетуге әкелуі мүмкін. Еуроодақтағы жоқ дегенде бір мемлекеттің ықтимал дефолты «домино әсерін» тудырып, біздің халықаралық резервтеріміздің сақталуы мен экспорттық өнім беруіміздің тұрақтылығына күмән туғызуы мүмкін. Валюталық резервтердің қысқаруы валюталық бағамдар мен инфляцияның қысымын күшейтіп, бұл қайтадан әлеуметтік-экономикалық ахуалға кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты біз халықаралық ахуал дамуының кез келген көрінісіне жан-жақты дайын болу үшін биліктің барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдауға тиіспіз», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында отыруы тиіс
Сөйтіп, жаһандық сыни-қатерлердің жай-жапсарына көз жүгірткен Тұңғыш Президент бұны лайықты қабылдау да елдікке сын болатынын аңғартты. Ал ондай қатерге төтеп беруге 2030 Стратегиясының аясы жеткілікті емес. Яғни, Қазақ елі ендігі елдік дамуының бағдарын бүгін бекітіп, жоспарлау көкжиегін кеңейтіп, кезекті дүниетанымдық серпілісті жасауы аса маңызды. Оның үстіне 15 жыл бұрынғы «Қазақстан – 2030» стратегиясы мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңі үшін жасалған болатын. Жоғарыда айтқандай, барлық базалық өлшемін де мерзімінен бұрын тауысқан. Ақыр аяғы мемлекеттің алдында жаңа сынақтар мен қауіп-қатерлер тұр. Сондықтан «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдаудың маңызы зор болмақ. «2050 жыл – жай бейнелі дата емес. Бұл – бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім. БҰҰ-да 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленді. 2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады. Қазір елдердің дені осындай ұзақ мерзімді стратегиялар әзірлеп, қабылдауда. Қытай өзі үшін дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегін айқындап алды. Ірі трансұлттық компаниялардың өзі алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеуде», – деді Н.Назарбаев. Бұл ретте межеленген бағдарға тоқтала келе Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – «Қазақстан – 2030» стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы екеніне мән берді. «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап – осы. Жас ұрпақтың нақ осыған мүдделі екеніне сенімдімін. Осыған орай, ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында отыруы тиістігін қадап айтты. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, дамушы елдер арасында дәл осы клубтағы орынға бәсекелестік қатал болмақ. Соған орай, Нұрсұлтан Әбішұлы «күн астындағы орын» тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиістігін атап өтті.
Бұдан бөлек, Елбасы 2050 жылға дейін кезең-кезеңмен бірқатар міндеттерді шешу принципті маңызды екенін айтады. Ондай бағыттың ішінде мемлекеттің макроэкономикалық саясатын жаңғырту, салық саясатын жетілдіру, ақша-кредит саясаты, мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты секілді мәселелер бар. Бұл ретте Президент жаңа салық саясаты әлеуметтік бағыт алуға тиіс екенін алға тартады. «Бұл үшін 2015 жылдан бастап ынталандыру шаралары кешенін, соның ішінде білім беруге, өзін, өз отбасын, қызметкерлерін медициналық сақтандыруға қаражат салатын азаматтар мен компанияларды салықтан босату практикасын көздейтін ынталандыру кешенін әзірлеу қажет», – деді Елбасы.
Табиғи ресурстарды басқарудың түбегейлі жаңа жүйесін енгізу
«Егер ұлтымыз шикізат ресурстарынан түсетін кірістерді 35 жылдан кейін пайдаланғысы келсе, бұған бүгіннен бастап дайындалу керек. Бізге арнайы стратегия әзірлеу – барлық ірі корпорациялар мен концерндер тәжірибесіндей, алда тұрған барлық жылдарға барша жұмысты бөліп жоспарлау үшін басымдықтарды, серіктестерді айқындап алу қажет», – деді Жолдауда Ұлт көшбасшысы. «Бұл – біздің төл тарихымыздың басты сабағы: Қашаған бойынша келіссөздер мен дайындықты біз осыдан 20 жыл бұрын дерлік бастадық, ал нәтижесін тек қазір ғана алуға кірістік», – деді Ол. Бұл ретте Мемлекет басшысы ұлт болашағы мен мемлекет қауіпсіздігі мүддесінде көмірсутегі шикізатының стратегиялық «резервін» құру керектігін алға тартып, стратегиялық резервтің ел энергетикалық қауіпсіздігінің іргетасы болатынын айтты. Осылайша, мемлекет ықтимал экономикалық сілкіністер жағдайына тағы бір қорғаныс шебін құратын болады.
2050 жылға қарай ЖІӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы тиіс
Елбасы ауыл шаруашылығын, әсіресе ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігіне де тоқталды. Әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыруға қажетті бағдарды да қадап айтты. Егістік алқабын ұлғайтуды, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажеттігіне тоқталды. «Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек. Алынған шаралардың нәтижесі 2050 жылға қарай ел ЖІӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы болуы тиіс», – дей келе Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Әкім сайлау 2013 жылдан бастала береді
Елбасы Жолдау барысында мемлекеттілікті одан әрі дамыту және демократияны дамыту мәселелеріне де назар аударды. «Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек. Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру. Біз 2013 жылы жауапкершілік пен өкілеттіктерді орталық пен өңірлер арасында бөлу жөнінде нақты шаралар қабылдауымыз қажет», – дей келе Елбасы Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін, онда ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасалатынын жеткізді. «Біз селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз. Бірақ сонымен бірге бізге қоғамдық бақылауды, жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым. Сайлауды біз 2013 жылдың өзінде-ақ бастаймыз.
Барлығы 2533 әкім, соның ішінде селолық округтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімі сайланатын болады. Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 91,7%-ы! Осылайша, біз азаматтармен тікелей жұмыс жасайтын және мәселені жергілікті жерде шешетін барлық әкімдерді сайланбалылықпен қамтитын боламыз», – деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар осы бағдар бойынша Парламенттің өкілеттіктерін күшейту жөніндегі саясат та жалғасады.
Сыртқы саясатта ұстанған басымдығымыз өзгермейді
«Біздің басымдықтарымыз өзгермейді – көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту мәселесі болып табылады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан бөлек, Елбасы таяудағы мақсат Еуразиялық экономикалық одақ құру екенін, осыған орай мәселелердің консенсус арқылы шешілетінін нақты мәлімдеді. Бұл ретте саяси егемендікке қысым көрсетілмейді. «Сыртқы саясатымызды теңдестіру әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және Қазақстан үшін практикалық қызығушылық туғызатын барлық мемлекеттермен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамыту дегенді білдіреді. Алайда халықаралық ахуал және геосаяси орта қарқынды өзгеруде және әрқашан жақсы жағына қарай ойыса бермейді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан Солтүстік-Шығыс Азияға дейін тұрақсыздықтың алып белдеуі созылып жатыр. Күштердің ара салмағы жаһандық деңгейде де, сонымен қатар жер шарының жекелеген аймақтарында да елеулі өзгерістерге ұшырауда. Соған сәйкес, БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа аймақтық қауіпсіздік тетіктерінің рөлі арта түседі. Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікке төнген жаңа қатерлер пайда болды. Мұндай ахуалда Қазақстанның сыртқы саясаты ішкі саясаты сияқты жаңғыртылуға тиіс», – деді Ұлт көшбасшысы.
Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі
«Қазақстан – біздің қасиетті мекеніміз. Кейінгі ұрпақ осынау қасиетті мекенде өмір сүріп, өркен жайды. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар біртұтас елміз. Мынау жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі болмақ. Жалғыз ұлттың мемлекеті деген болмайды. Бұл әлемдік үрдіс», – деді Елбасы. Сонымен қатар еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірігіп үлес қосқанына тоқталды. «Ендеше, Тәуелсіз Қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру барша қазақстандықтың басты қағидаты болуы шарт», – деді Н.Назарбаев. Бұл ретте Елбасы ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланатынын, мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға артылатынын қадап айтты. «Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз», – деді Елбасы.
2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек
Мемлекет басшысының айтуынша, тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Сондықтан алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру табандылықпен жалғасады. «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру үшін дайындыққа осы бастан кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз», – деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы терминология мәселесінде де қолға алар істердің әлі баршылық екенін айтты.
Қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, еліміз ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп аталатын болады
Тіл туралы мәселеге тоқтай келе, Мемлекет басшысы «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағидатты тағы да қайталап айтты. «Тәуелсіздігін алған тұста еліміздегі қазақтың саны 6,8 миллион немесе 41% болса, қазір 11 миллионға жетіп, 65%-дан асты. Қазақтың саны 4 миллионға артты. Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз», – деді Президент.
Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Ал бірлік, ең алдымен, қазақтың өзіне керек
Президент бірлік мәселесіне келгенде, ең әуелі осы істің қазаққа ауадай қажеттігін алға тартты. Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. «Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен, өзімізге – қазақтарға керек. Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Мемлекет те солай», – деген пайымымен бөлісті Елбасы. Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден – қазақтардан артық мүдделі кім бар?! Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды», – дей келе Мемлекет басшысы ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін екенін, ал ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі болатынын қадап айтты.
«Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді. Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым. Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс. Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мемлекетіміздің зайырлылық сипаты - бұл Қазақстанның табысты дамуының негізі
«Ендігі қазақ қоғамында көпшілікті толғандыратын мәселенің бірі – діни ахуалдың жай-күйі. Әрине, біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Жастарды үлкендерді сыйлауға негіздеген. Біздің ата-бабаларымыз ешуақытта қыз баланың бетін бүркемеген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысады. Оларға еретін болсақ, біз апа-қарындастарымыз бен қыздарымыздың бетін тұмшалағанды былай қойғанда, олармен бір дастарханда отырып, тамақ ішуден қаламыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президенттің пайымынша, мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктен бойды аулақ ұстау қажет. «Мен жастарды ХХІ ғасырға, келешектегі ХХІІ ғасырға қарай жетектеп отырмын. Ал мынадай жасалатын дүниелер бізді орта ғасырға, артқа қарай тартып отыр деген сөз. Осыны ойланыңыздар! Біздің мемлекетіміздің зайырлылық сипаты – бұл Қазақстанның табысты дамуының басты негізі. Осыны бүгінгі һәм келешек қазақстандық саясаткерлер және барша қазақстандықтар жете түсінгені абзал», – деді Н. Назарбаев.
Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де – бабаларымыздың бостандық жолында төгілген қаны
«Қазақстанның 2050 жылға дейінгі жаңа стратегиялық бағдарын жүзеге асыруда қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Тағылымы мол тарихымыз бен ұлы бабаларымыздың ұлағатты өмірінен алар тәліміміз арқасында біз алдағы асулардан алқынбай аса аламыз. Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта. Осыдан үш ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіретінің қандай болатынын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген болатын. Сын сағатта туған еліне деген перзенттік парыздар бәрінен жоғары тұрды. Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың тамырында бар қан еді. Солай ғой. Бұл – біздің бабаларымыздың қаны. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабаларымыздың бостандық жолында төгілген осы қаны деп білемін», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сонымен қатар Президент елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік қай уақытта да бабаларымыздың бойынан табылғанын атап өтті.
ХХІ ғасыр Қазақстанның алтын ғасыры болады
Сөз соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша буын өкілдеріне арнап үндеуін жариялады. «Алдыменен алдыңғы толқын аға буын! Сіздердің көргендеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі буынның ақиқат жолынан адаспай, алға бастауына септігін тигізді. Ортаңғы буын отандастырым! Сіздердің еншілеріңізге алып империяның күйреп, жас Тәуелсіз мемлекеттің түлеген кезеңі дөп келді. Сіздердің күрделі де қиын шешімдер арқылы жинаған өлшеусіз тәжірибелеріңіз қиындықтардан сынбай өтуімізге қажетті баға жетпес қазына болды. Ал енді кейінгі толқын жастарға айтарым, сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер! Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда. Сендер – Тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер! Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алдыңдар! Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің елімізді қазіргі бізге көз жетпес алысқа, қол жетпес қиянға апаратын тың мақсаттардың құдіретті күші болсын деймін», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
«Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын, адамзаттың мәңгілік құндылықтары ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерін сіңіруге шақырамын. Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның алтын ғасыры болатынына кәміл сенемін. ХХІ ғасыр бейбітшілік пен тұрақтылықтың гүлденген ғасыры болады. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық. Біз көздеген мақсаттарымызға міндетті түрде жетеміз. Аңсарлы азаттығымыз бен тәу етер Тәуелсіздігіміз баянды болсын, ағайын. Мәңгілік ел болу жолындағы ұлы істеріміз, жаңа дәуірлерге жол ашсын», – деп сөзін тамамдаған Елбасы барша қазақстандықтарды киелі мерекемен құттықтады.
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Последние статьи автора