Кеше Елордаға Испания Корольдігінің Премьер-министрі Мариано Рахой ресми сапармен келіп кетті. Қазақ жеріне алғаш рет аяқ басқан мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада қабылдап, екіжақты келіссөздер жүргізді, қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Мейманды қабылдаған Мемлекет басшысы испан халқының тарихына қатысы бар құнды мұрағат құжаттарын да беріп жіберген болатын. Өз кезегінде Мариано Рахой мырза Испанияның қазіргі патшасы Хуан Карлостың өз қолымен Елбасыға жазған хатын тапсырды.
Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстан мен Испания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 20 жылдан астам уақыт болды. Басқа- басқа, Тәуелсіздіктен бері Еуропа елдерінің арасында Испания Корольдігінің Қазақстанға ниеті түзу болды, сәтті байланыстар да түзілді. Бұған, ең алдымен, Елбасы Н.Назарбаев пен Испания королі Хуан Карлос арасындағы өзара достық пен ілтипаттылық сеп болса керек. Соның арқасында екі ел арасында ынтымақтастық жанданатын шаралар атқарылып, сауда-экономикалық байланыстар жандана түсті. Еуропа құрлығында болып жатқан қазіргі қаржы дағдарысына қарамастан, Қазақстан мен Испанияның сауда-саттығы да жыл санап өсіп келеді. Мәселен, өткен жылы оның көлемі 996 млн доллар болса, биыл жарты жылдың өзінде ол 2,4 есе ұлғайып, 1,03 млрд-қа жетті. Қазақстанда 70-ке жуық бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Олардың ішінде «Максам», «Индра», «Репсол», «Тальго» және т.б. бар.
Испан елі Қазақстанға халықаралық ұйымдар аясында да жан-жақты қолдау білдіріп отырады. Премьер-министрді қабылдаған Президент Н.Назарбаев осы мәселені ерекше атап өтті. «Сіздердің елдеріңіз ЕХРО-2017 бүкіләлемдік көрмесін өткізуге арналған шешуші тұста біздің өтінімімізге көп қолдау көрсетті. Бұған қоса, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы туралы шешімнің Мадридте қабылданғанының да символдық мәні зор», – деді Мемлекет басшысы. Әлбетте, оған екі ел басшыларының жоғарыда біз айтқан достық байланыстары да өз септігін тигізген. Мұны одан әрі нақтылай түсетін бір жайт, бұл жолы да Испания королі Хуан Карлос төсек тартып, емханаға таңылып жатқанына қарамастан, Н.Назарбаевқа өз қолымен хат жазып жіберіпті.
Жүздесуде Мариано Рахой сол хатты ресми түрде табыстады. Ал Қазақстан Президенті өз кезегінде Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қарағанды қаласында еңбекпен түзеу лагерінде болған испандық азаматтарға қатысты Мемлекеттік мұрағаттан табылған тарихи құжаттардың көшірмесін табыс етті.
Ал жоғары деңгейде өткен келіссөздерге келсек, оның нәтижесінде ҚР Мемлекеттік басқару академиясы мен Испания Корольдігі Мемлекеттік басқару ұлттық институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы мен «Патентес Тальго» кәсіпорны арасындағы қалааралық пойыздарды шығару туралы келісімшартқа қол қойылды. Бұдан басқа, Қазақстан мен Испанияның кәсіпкерлері қатысқан бизнес форумда бас-аяғы 7-8 құжат рәсімделді.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Біз Испания үкіметі төрағасының сапарын Қазақстан-Испания қарым-қатынастарының қарқынды дамуының белгісі ретінде қарастырамыз. Олар негізгі іргетасы 2009 жылы қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы шарт болып табылатын берік құқықтық базаға негізделген. Кездесу барысында біз Қазақстан мен Испания арасындағы саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту мүмкіндіктерін талқыладық. Сондай-ақ Сирия мен Таяу Шығыстағы ахуалды, Иранның ядролық проблемасын, Ауғанстаннан 2014 жылы халықаралық коалиция күштерінің шығарылуы контексіндегі осы елдің жағдайын қарастырдық. Сауда-экономикалық қарым-қатынастар мен инвестициялық ынтымақтастық әлеуетін кеңейте түсу қажеттігіне бөлек назар аударылды. Қазақстан аумағында озық өндіріс құруға және жаңа технологияға көшуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру біз үшін ерекше маңызға ие. Көлік және көліктік инфрақұрылымдар, өнеркәсіп, жаңартылатын энергетика салаларындағы одан арғы өзара іс-қимылдың да зор келешегі бар.
Мариано РАХОЙ, Испания Корольдігінің үкімет басшысы:
– Қазақстан – даму әлеуеті орасан, сыртқы саясаты үйлесім тапқан, халықаралық аренада оң имиджі қалыптасқан ел. Бұл – Еуропалық одақ үшін өте маңызды серіктес және Орталық Азия өңірінде көшбасшы. Сіздердің елдеріңіз өңірдегі тұрақтылық пен даму факторы көздерінің қызметін атқарады. Испания сіздердің сындарлы және ашық сыртқы саясаттарыңызды бағалай біледі және біз елдеріңіздің халықаралық беделін нығайтуға көмек көрсетуге дайынбыз. Қазақстанда баламалы энергетиканы дамытуға зор мән берілуде. Осы орайда, негізгі тақырыбы «Болашақ энергетикасы» болып табылатын EXPO-2017 бүкіләлемдік көрмесін өткізу – бұл бағыттағы маңызды қадам. Біз көрме өткізуде сәттілік тілейміз. Біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық мәнге ие және біз ынтымақтастықтың жоғары қарқынын одан әрі нығайтуды қалаймыз. Бірқатар келісімдерді қабылдау және шарттарға қол қою екі ел арасындағы гуманитарлық, көлік және әскери-техникалық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылды жандандыруға септігін тигізеді деп сенемін.
Қазақстан мен Испанияның да ортақ тарихы бар
Последние статьи автора