Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстанның 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізілді. Кеңестің жұмысына Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, Президенттің көмекшісі Бақыт Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов қатысты. Кеңес барысында 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері, егін жинауға әзірлік және оны өткізу мәселелері талқыланды.
– Бізге елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, келе жатқан астық жинау науқанына облыстардың дайындық мәселелерін талқылау керек, – деді Президент кеңесті аша отырып. – Айдың басында біз экономикалық қорытынды жасадық. Қазақстан экономикасы 7,1 пайызға өсті. Өндірістің 6 пайыздай өсуі – қуантарлық жағдай. Бұл 7 пайыздың 2,6 пайызы индустриялық бағдарламалардың есебінен қамтамасыз етілді. Міне, индустриялық бағдарламалар бізге осындай пайда әкеліп отыр. Біз индустриялық бағдарламалардың жарты жылдық қорытындысын жасадық. 50-ден астам өндіріс іске қосылды. 160 мың адам жұмысқа орналасты. Жұмыссыздық 5,3 пайызға төмендеді. Былтыр біз 152 жобаны жүзеге асырдық. Биыл 300-ге жуық жобаны іске асырамыз. Машина жасау 30 пайызға артты. Жаһандық дағдарысқа байланысты АҚШ-та, еуропалық елдерде және өзге де көптеген елдерде жағдайы оңай болып отырған жоқ. Мемлекет өз қарызын қайтаруға дәрменсіз. Бюджеттік шығындар қысқарып, жалақы мен зейнетақы төмендеп жатқан кезде, біз 1 шілдеден бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтердік. Жалпы алғанда, дағдарыс кезінде біз оны екі есе көбейттік. Біздің халықаралық резервтеріміз артып келеді. Соған қарамастан, әлемдік экономикадағы ахуал аз қауіп төндірмейді. Биылғы жыл – Тәуелсіздігімізге 20 жыл. Біз қалай өткіземіз, қалай аяқтаймыз? Үстіміздегі жылы астық бітік шығуы мүмкін. Бір жарым жылға дейін қор жинауға болады. Біз астық жинау науқанына қаншалықты дайынбыз? Қысқа әзірлік қалай жүріп жатыр? Осы мәселелердің барлығы талқылануы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Кеңес барысында 2011 жылдың бірінші жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық қорытындылары және үстіміздегі жылдың аяғына дейінгі болжамдары туралы Премьер-министр Кәрім Мәсімов баяндама жасады.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, дағдарыс кезеңінде сіздің қабылдаған шешімдеріңіздің арқасында және дағдарысқа қарсы кезеңде сіздің тапсырмаларыңыздың арқасында индустриялық бағдарламаларды дамыту туралы, Кедендік одақ құру және дағдарысқа қарсы шаралар бойынша 2011 жылдың бірінші жартысы айтарлықтай нәтиже бергенін атап өткім келеді. Мен тағы да бірқатар цифрларға назар аудартқым келеді: сіз атап өткендей, жалпы ішкі өнім көлемі бірінші жартыжылдықта 7,1 пайызға өсті. Сіз сәуір айында Үкіметке министрліктер мен ұлттық компаниялар арасында жауапкершілік болуы үшін карта, бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма бергеніңіздей, экономика министрлігі оны әзірлеп, Үкімет отырыстарында қабылданды. Қазірдің өзінде жарты жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 7,1 пайызға өсіп, шамамен 9,5 триллион теңгені немесе 65 миллиард АҚШ долларын құрады. Анықтама цифр: былтырғы 2010 жылы ЖІӨ 21,6 триллион теңгені немесе 148 миллиард АҚШ долларын құраған болатын. Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджетке былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға артық табыс түсті. Бұл салықтың жиналуы мен экономиканың өскенін көрсетеді. Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджеттің дефициті былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда екі есеге жуық, яғни 44 пайызға қысқарды.
2011 жылы республикалық бюджет қаржысының басым бөлігі сіздің Жолдауыңыздағы, «Нұр Отан» партиясының съезіндегі Үкіметке берген тапсырмаларыңызға сәйкес жұмсалып жатыр. Қаржы секторының жағдайына байланысты, екінші деңгейдегі банк активтері жылдың басынан бері 2,5 миллиард АҚШ долларына немесе 361 миллиард теңгеге, яғни 3 пайызға артты. Бұл былтырғы осындай кезеңдегі қаржы секторындағы ахуалды ескеретін болсақ, жақсы көрсеткіш. Елдің халықаралық резервтері 2011 жылдың алты айында былтырғы кезеңмен салыстырғанда 37,7 пайызға немесе 73 миллиардтан астам АҚШ долларына өсті. Оның ішінде Ұлттық қордың активтері шетелдік валюта бойынша 38,5 миллиард АҚШ долларын құрап, 45 пайызға ұлғайды. Экономиканың нақты секторының дамуын алғанда, өнеркәсіп өндірісі 6% – 5,8%-ға жуық өсті, өңдеуші саланың – 8,7%-ы, тау-кен 4,1% артуы қуантарлық жағдай. Яғни сіздің тапсыруыңыз бойынша бұл бағытта өңдеуші саланың артып отырғанын қазіргі кезде көріп отырмыз. Әсіресе, машина жасау саласы 30 пайызға артты, бұл сіздің тапсырмаңыз бойынша қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан индустриялық бағдарламаның тиімді болып отырғанын көрсетеді. Біз 2011 жылы былтыр және жылдың басында іске қосылған кәсіпорындардың нәтижесін көреміз.
Қазіргі кезде әлемдік конъюнктураға байланысты бірінші жартыжылдықта 7 пайыз өсімге қол жеткізіп, тапсырманы орындай алдық. Мен тағы бір мәселеге ерекше назар аудартқым келеді. Бұл – кәсіпкерлікті дамыту, бизнесті жақсарту. Сіз кедергілерді азайту туралы нақты тапсырмалар бердіңіз, соған сәйкес заң жобасы сіздің қол қоюыңызға жіберілді. Жалпы алғанда, бірінші жартыжылдықта, 1 шілдедегі жағдай бойынша, шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны 8 пайызға артты. Жалпылай алғанда, қазір біздегі 678 мың шағын кәсіпкерлік субъектісінде 2,5 млн адам жұмыс істейді. Бұл еңбекке қабілетті халықтың үштен бірінен астамын құрайды. Сіздің тапсырмаңызды орындау мақсатында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы қабылданды. 2011 жылғы 2 шілдедегі жағдай бойынша, жалпы бағдарлама аясында 1,2 млрд АҚШ доллары көлемінде 436 өтініш қанағаттандырылды. Бұл – шағын және орта бизнес үшін жақсы цифрлар.
Біз сіздің тапсырмаңыз бойынша олармен тұрақты түрде кездесіп отырмыз. Әрине, жақсартылуы тиіс мәселелер бар, бірақ бұл – мейлінше оң бағыт. Соңғы бес ай бойынша Қазақстанда сыртқы сауда айналымы 40%-ға ұлғайды. Сізге соңғы бес ай бойынша Кедендік одақ жұмысы нақты нәтижелер беріп отырғанын айтқым келеді. Біздің Ресей Федерациясына бағытталған экспортымыз 60%-ға өсті, Беларуське шығаратын өнім көлемі 2,3 есеге көбейді. Демек, қазақстандық кәсіпкерлерге өз өнімдерін еш кедергісіз экспорттауға зор мүмкіндік беріліп отыр. Сіздің нұсқауыңызбен маусым айының басында Мәскеуде үш ел бизнесі өкілдерінің және үш ел үкімет басшыларының қатысуымен кездесу өтті. Онда кәсіпкерлер Президенттердің Кедендік одаққа байланысты ерекше қарқынмен шешім қабылдап, мемлекеттер арасындағы кедендік шекараны ашуы үлкен жаңалық болғанын айтты. Бұл өте ауқымды процесс болғандықтан, әрине, мәселелер де туындады. Сіз тапсырғандай, үш ел басшыларының шешім шығарғанындай, Қазақстан Кедендік одақтың оңтүстік шекарасына жауап береді, бұл жерде белгілі бір жұмыстар жүргізілуі тиіс. Тұрғын үй құрылысы саласындағы сіз берген тапсырмалар орындалуда. Барлығы жоспарға сәйкес іске асырылып отыр. 2011 жылдың алты айында тұрғын үй құрылысының барлық көзіне 1,2 млрд АҚШ доллары бағытталды, алты айда 2,7 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Саладағы жаңа бағыт тәжірибе түрінде жүргізілуде, оның нәтижесі 2012 жылы болмақ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша барлық жоспар қабылданды.
– Бұл – біз қолға алған жаңа маңызды бағыт. Бүгінде түсіндіру жұмыстары жетпей жатыр. Біз ескі үйде тұратын халыққа көмектесіп отырмыз. Мемлекет оларға бағдарламаға қатысуды ұсынады. Мемлекет орталықтандырылған коммуникацияларды өз мойнына алады, ескі үйлерді жөндеуде қожайындардың 50 пайыздық үлесі болады. Қалғанының бәрін мемлекет өз жауапкершілігіне алады. Бірқатар облыста бұл процесс жақсы жүріп жатыр. Мысалы, Шығыс Қазақстанда, басқа облыстарда, Астанада. Ал жұмыс істемей жатқан басқа аймақтарда барлығы тоқтап тұр, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
– Сіз алдағы жылыту маусымына дайындыққа қатысты нақты тапсырмалар бердіңіз. Туындаған мәселелер мен даму, құрылыс саласы бойынша сіз берген тапсырмаларды есепке ала отырып, вице-премьер Әсет Исекешев барлық дерлік облысты аралап шықты. Бұл мәселе – әкімдердің жеке жауапкершілігі. Әр облыста біз дайындықтың жоғары деңгейде екенін көріп отырмыз. Солтүстік Қазақстанда кейбір мәселелер болды, онда құбыр жарылған болатын, біз бұл мәселені шешу үшін резервтік қаржы бөлдік. Жалпы алғанда, мен жоғары дайындықты көріп отырмын, тамыз айында бұл мәселені тағы пысықтаймыз. Отынмен қамтамасыз етуде бүгінде ешқандай мәселе жоқ.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз халықты әлеуметтік қорғау мәселесі бойынша теңдессіз шараларды қолға алған әлемдегі жалғыз Президентсіз. Еуропалық одақтың, ТМД-ның кез келген елін алып қарауға болады. Соңғы үш жылда зейнетақы – 2,5, бюджеттік ұйымдарда жалақы екі есе көбейді. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы 30%-ға өсті, мемлекеттік базалық зейнетақы 50%-ға өсті, шілденің 1-інен бастап бюджеттік сала жұмысшыларының еңбекақысы 30%-ға көбейді, барлығы сезініп жатыр. Біз бұл инфляцияға айтарлықтай әсер ете ме деп қауіптенгенбіз, бірақ ондай әсер байқалмады. Нұрсұлтан Әбішұлы, еңбекпен қамту саласы бойынша сіз Үкіметке еңбекпен қамтудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуді ұсынған болатынсыз. Бағдарлама қабылданды, сіз қажетті заңды өзгертулерді енгіздіңіз, заңды күшіне енді. 2011 жылға ресурстар бөлінді. Қазір әрбір облыста комиссия шеңберінде нақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша біз жұмыстарды тексердік. Үкімет деңгейінде барлық мәселе қарастырылып, қабылданды. Жекелеген жерлерде бірқатар кешеуілдеу бар. Облыстық және аудандық әкімдер қандай мүмкіндіктер беріліп отырғанын түсіне бермейді. Тамыз айы бойы біз бұл жұмыстарды жетілдіреміз. Білім саласында, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, балабақшамен қамту деңгейі ұлғайып келеді. Бұл бағдарлама белсенді іске асырылуда, мектеп құрылысы, кәсіби-техникалық білім беру саласында сіз берген тапсырмалар бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Денсаулық сақтау саласы бойынша бірқатар маңызды көрсеткішке тоқталғым келеді. Сіз бөлген кейбір ресурстар мен бағдарламалар өз нәтижесін бере бастады. Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында республикада ана өлімі көрсеткіші – 45%-ға, нәрестелер мен балалар өлімі 15%-ға азайды, қан айналымы жүйесі ауруларының көрсеткіші – 6%-ға, туберкулезбен ауыру көрсеткіші 11%-ға азайды. Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл – сіздің шешімдеріңіздің нақты нәтижесі. Мен ойлаймын, резервіміз әлі де үлкен, бюджеттік комиссия аясында, әртүрлі кеңестер аясында біз тиісті жұмыстарды жүргізетін боламыз, яғни резерв бар, жұмысты жақсартатын мүмкіндіктер де бар. Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз тапсырғандай, денсаулық сақтау бойынша екі пойыз іске қосылды, облыстарға 11 жылжымалы медициналық кешен жүріп жатыр, бұл – сіз көрген машиналар. Тағы 39 жылжымалы медициналық кешен сатып алынып, іске қосылатын болады. Бұл пойыздар мен кешендер айтарлықтай сұранысқа ие болып отыр. Сіз «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша да тапсырма берген болатынсыз. Кеше біз «Самұрық-Қазына» директорларының кеңесін өткізіп, осы бағдарламаны қарастырдық. Тамыз айының соңында біз Үкіметте бұл мәселені талқылап, қыркүйектің 1-інде сіздің қарауыңызға ұсынамыз. Мәселе – түсіндіру жұмыстары мен халықтың қаржылық сауаттылығы жеткілікті назар аударуды қажет етіп отырғандығында. Әзірше халықтың 26%-ы ғана мұны түсінеді. Біз жыл соңына дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізбекпіз. Ал келесі жылдың басында тиісті жұмыстарды қолға аламыз.
– Индустриялық бағдарлама бойынша, «Бизнестің жол картасы» бойынша, еңбекпен қамту бойынша, тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасы бойынша, ауызсумен қамту бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары бақылауда болуы керек, бұқаралық ақпарат құралдары осы туралы айтып, халыққа түсіндіруі тиіс. Дағдарыс уақытында біз «Жол картасы» бағдарламасы қалай іске асып жатқанын көрсетіп отырдық, ал қазір ол жоқ. Біздің жұмысшыларымыз осы жөнінде халық алдында сөз сөйлеуі тиіс, тиісті министрліктер мен ведомстволар белсенді жұмыс істеуі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жиын-терін барысы туралы баяндама жасады.
– Биылғы жылдың есебі бойынша, егістіктердің жалпы өткен жылғыдай аумағы 21,2 млн гектарды құрап отыр. Оның 16,3 миллионын дәнді дақылдар құрайды. Бұл көрсеткіштің 14,1 млн гектары бидайға тиесілі. Майлы дақылдар – 1,8 млн гектар, мақта өнімдері 15 мың гектар алқапты алып жатыр. Бұған қоса қант қызылшасы – 21,1 мың гектар, картоп және басқа да көкөністер 177,5 мың гектар алқапқа егілген. Жалпы алғанда, егістік алқаптарының диверсификациясы жүріп жатыр деуге болады. Өткен 2010 жылмен салыстырғанда жем дақылдары – 39 мың, күнбағыс – 63 мың, соя – 8 мың, зығыр – 73 мың, бұршақтұқымдас дақылдар 26 мың гектарға артық егілген. Осы орайда өнімділікті қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіп саласын тиімді қаржыландыру тетіктері жетілдіріліп, арнайы шаралар қолға алынды. Биыл «ҚазАгро» қаржысы есебінен 177 млрд теңге бөлу қарастырылған. Негізгі болжам бойынша, бұл жыл ауыл шаруашылығы саласы үшін қолайлы жыл болмақ. Сонымен қатар көктемгі егістік және жиын-терін жұмыстарына 94 млрд теңге бөлінген. Мұнымен қатар қосымша қаражаттың көмегімен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) кепілдік беруімен жеңілдетілген талаптар бойынша 17 млрд теңгенің жобасын қаржыландырдық. Осының арқасында көптеген ұсақ ауылшаруашылық өнімін өндірушілер «ҚазАгро» арқылы дер кезінде қажетті несиеге қол жеткізіп, толыққанды да сапалы егіс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алды. Қаржы мәселесінің оңтайлы шешілуі алдағы уақытта өнімділіктің артуына да айтарлықтай септігін тигізеді деп отырмыз.
Былтыр еліміздің батысында құрғақшылықтан зардап шеккен алқаптарда биыл «Продкорпорация» ресурстарын жұмылдыра отырып, көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде жүзеге асыра алдық. Егуге берілген дақылдар шаруалар арасында қажетіне орай тиімді үлестірілді.
Негізгі қаржының 17 млрд теңгесі аймақтық тұрақты қорларды құруға жұмсалмақ. Бұл қаржыға кезінде шаруаларға тиісті тауарлар сатып алынатын болады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мамандарын қолдау мақсатында шағын несиелік бағдарламалар жетілдірілуде. Еліміздің егін егумен айналысатын аймақтарында агрометеорологиялық жағдай дұрыс қалыптасып келеді.
Қазіргі уақыттың өзінде Оңтүстік Қазақстан облысында жиын-терін жұмыстарының 22%-ы игерілді. Аймақтағы орташа өнімділік 14,7 центнерді құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,5 центнерге артық. Бүгінде барлық тауар өндіруші жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген. Техникалық дайындық 92%-ды құрап отыр. Бұл былтырғыға қарағанда 6%-ға артық. Бүгінгі таңда аймақтар жем-шөп дайындау маусымына әзір. Биыл жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, шөптің кемінде бір жарым жылдық қорын жинақтап алу жоспарда тұр. Бұл – мал шаруашылығын тиімді қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың бір парасы. Қазіргі уақытта біз бес бағытта нақты жұмыс жүргізудеміз. Бұлардың ішінде саланы заңды-құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге, инфрақұрылымдарды жетілдіру мен халықаралық стандарттарға көшуге басымдық берудеміз. Бұл ретте арнайы индикатор бойынша әр аймақтағы іс-шаралар бақылауға алынып, қанша мал басы бар, олардың қаншасы асыл тұқымды, қанша қора-жай, қанша мал репродукторы қажет екені де есепке алынып отыр. Осыған байланысты әр аймақтың, әр ауданның өзінің индикативті көрсеткішіне сай жұмыс жүргізуіне жағдай жасап отырмыз. Осы жұмыстар барысы бойынша әр тоқсан сайын Премьер-министр деңгейінде селекторлық жиындар өткізілуде. Биыл 17 мың орындық бордақылау алаңын тапсыруды жоспарлап отырмыз. 40 мың бас малды күтіп-баптауға арналған жаңа фермерлік шаруашылықтар құрылады. Бұл – жаңа бизнес, халықтық жоба.
Сонымен қатар қазіргі кезде біз астық қабылдайтын орындар мен оны сақтайтын қамбаларды арнайы құрылғылармен жабдықтап, дайындау үстіндеміз. Кейбір аймақтарда астықты сақтайтын арнайы орындардың тапшы болуына байланысты біз аргентиналық, канадалық әдіс бойынша астықтың біршама бөлігін полимерлі қаптарда сақтайтын боламыз. Бұл – жаңа технология, әрі арзан, әрі тиімді. Бірінші рет бұл әдіс 2009 жылы қолданылған.
Келелі жиынды қорытындылай келе, Мемлекет басшысы бірінші жартыжылдықта ел экономикасының 7%-ға өсімін жыл бойы қамтамасыз етуге база жасалғанын атап өтті.
– Жалпы ішкі өнім өсіп келе жатыр, бұған қоса оның жан басына шаққандағы көрсеткіші де өсу үстінде. Бұл – халқымыздың тұрмысын жақсартуға бағытталған іс-шаралар. Ең бастысы – индустриялық бағдарламаның жұмыс істеп тұруы. Жаңа іске қосылған кәсіпорындар арқылы біз жаңа 160 мың жұмыс орнын аштық, жұмыссыздықты азайттық. Барлық бағытта жұмыстар жүргізілуде. Ауылдық жерлерде еңбек еткісі келетіндерге шағын несие беріп отырмыз. Екінші мамандық алғысы келетіндерді де арнайы оқытып, оларды жұмысқа орналастырамыз. Бұл – өте ауқымды бағдарлама. Осы бағытта барлық облыстық, аудандық, қалалық әкімшілік Үкімет пен министрліктермен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс. Бүгінде әлем елдерінде зейнетақы мен жалақы қысқарып жатқанда біз әлеуметтік саланы берік ұстап отыруымыз қажет. 1 қаңтардан бастап зейнетақыны – 30%-ға, базалық зейнетақыны – 50%-ға, 1 шілдеден бастап бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға көтердік. Бұл ақшалар елдің қолына тие бастады.
Біз Еуропада, жалпы Еуроодақта, мемлекеттік қарызға батқан Грецияда, өзге елдерде қандай қиындықтардың орын алғанын көріп отырмыз. Қазақстан экономикасы болса дұрыс таңдап алған жолдың нәтижесінде тұрақтылыққа ғана қол жеткізбей, жұмысымыздың әлеуметтік маңызының артып отырғандығын көрсетті. Бүгінде еліміздегі машина жасау саласы 30%-дық қарқынға жетті. Біздің жобаларымыз ойдағыдай жүзеге асып келеді, дегенмен әлемдік нарықтағы жағдай ауысып тұрады. Қазақстан әлемдік экономиканың бір бөлігі болғандықтан, бұл факторлар бізге де әсер етпей қоймайды. Сондықтан да Үкіметпен болған үлкен жиында мен осы бағыттағы жұмыстардың аналитикалық жағының мықты болуын қадап айттым. Бізде әрдайым дағдарыстан шығу жоспары дайын тұруы қажет. Қазіргі уақытта әлемде дағдарыстан кейінгі ес жию жүріп жатқанымен, оның қайталанбасына кепілдік жоқ. Осының бәрін біз болжап, зерттеп отыруымыз керек. Әрине, өмірдің өзі жоспарларымызға өзгерістер енгізіп отыр. Дегенмен мен Жолдауларымда айтқан басым бағыттар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Біздің тұрақты бағытымыз бар.
Ендігі мәселе – негізгі басымдық берілетін сұраныстағы тауарлар мен қызмет көрсету және жұмыс түрлерінің бірыңғай тізімін жасау. Біз жұмыс орындарын ашып жатырмыз, енді сол жерлерден шыққан өнімдерді өз ішімізде және экспортқа шығару жағын есептеуіміз қажет. Қандай бос тетіктерді пайдалана аламыз – бәрін таразыға салуымыз керек. Шағын бизнесті біз үнемі қолдап отырамыз. Бүгін мен лицензияларға қатысты заңға қол қойдым. Біз түрлі лицензияларды беруді 30%-ға қысқарттық. Үлескерлерге қатысты құрылыс бойынша 450 нысанды аяқтадық. Биылғы 2011 жылға енді 49 нысанды аяқтау қалды. Ауыл шаруашылығы бойынша өткен жылға қарағанда бұл жыл мол өнімді жыл болмақ. Бірақ мол өнімді жинау үшін де жақсы дайындық қажет. Бірақ жанар-жағармайға қатысты бір мәселені анық білгеніміз жөн. Бұл бағытта біздегі баға арзан деп мақтана алмаймыз.
Қазақстан экономикасы 7,1 пайызға өсті. Өндірістің 6 пайыздай өсуі – қуантарлық жағдай. Бұл 7 пайыздың 2,6 пайызы индустриялық бағдарламалардың есебінен қамтамасыз етілді. Міне, индустриялық бағдарламалар бізге осындай пайда әкеліп отыр. Біз индустриялық бағдарламалардың жарты жылдық қорытындысын жасадық. 50-ден астам өндіріс іске қосылды. 160 мың адам жұмысқа орналасты. Жұмыссыздық 5,3 пайызға төмендеді. Былтыр біз 152 жобаны жүзеге асырдық. Биыл 300-ге жуық жобаны іске асырамыз. Машина жасау 30 пайызға артты.
– Үкімет жүктелген міндеттерді шешуде, бағдарламалар орындалуда және қалған уақытымыздағы біздің міндетіміз – Тәуелсіздіктің 20 жылдығына барлық жоспарды ойдағыдай орындап, табысқа жету. Және бұл міндет барлық қазақстандыққа қатысты, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.