Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберді
Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев су тасқынынан зардап шеккен Қабыл провинциясының тұрғындарына қазақстандық гуманитарлық көмекті тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Ұн, макарон өнімдері, күнбағыс майы және қоюлатылған сүттен тұратын азық-түлік 5 мыңнан астам мұқтаж отбасына беріледі. Іс-шараға қатысқан Қабыл провинциясының губернаторы Мохаммад Якуб Хайдари және АИР Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы Гулам Бахауддин Жилани Ауғанстан Үкіметі мен халқының атынан қиын кезеңде көрсетілген көмек пен қолдау үшін ризашылықтарын білдірді», - деп жазылған ақпаратта.
Елші өз кезегінде Қазақстанның Ауғанстанға достас қарым-қатынасын атап өтті. Сонымен қатар еліміз осы күрделі жағдайда өңір елдеріне, соның ішінде Ауғанстанға жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
Айта кету керек, Қазақстан жіберген гуманитарлық көмек Ауғанстанның 8 провинциясында таратылады.