«Қазақстан-2050» – Қазақстанның ХХІ ғасырдағы жаһандық қауіп-қатерге жауабы

Мансұр ХАМИТ (фотолар)

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссия басшыларымен кездесті. Елбасы мен елшілер арасындағы дәстүрлі сұхбат барысында Қазақстанның жақын жылдарға ұстанатын ішкі-сыртқы саясатының бағыттары, өзара экономикалық қарым-қатынас жайында әңгіме өрбіді. Сондай-ақ алқалы жиында «Қазақстан-2050» стратегиясының маңызы мен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында бірлесе атқарылатын шаралар жайы қозғалды. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысы Қазақстанның жақын келешектегі ұстанымын қысқаша баяндап берді.
Елдестіретін елшілер алдындағы келелі сөзді Мемлекет басшысы былтырғы жылдың маңызды жетіс­тіктерінен бастаған болатын. Шындығында, былтырғы жыл Тәуелсіз Қазақстанның жан-жақты, оның ішінде сыртқы саясат тарихындағы аса жемісті қадамдарымен ерекшеленді. Былтыр еліміздің өңірдегі һәм әлемдегі ұстанымы беки түсті. Жаһандық бәсекеге қабілетті елдер арасында 51-орынға көтерілдік. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстан шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші бойынша ең үздік елдердің қатарына кірді. Өткен жылдың өзінде-ақ елімізге 20 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылып, БҰҰ кон­ференциясының индексі бойынша сауданы дамы­туда Қазақстан 23-орынға шықса, бизнесті жүргізу рей­тингінде 29-орындамыз. Аса қысқа мерзімде мұн­шалықты көрсеткішке жету – Қазақстаннан басқа ел­де болмаған жайт. Дәлелі айқын – әлемнің ең қар­қынды экономикасы бойынша алғашқы үштікте Қытай мен Катар және Қазақстан тұр. «Еліміздің халықаралық ұйымдардағы позициясы да айтарлықтай артты. 2012 жылы Қазақстан БҰҰ жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңестің мүшелігіне сайланды. Бұл – еліміздегі адам құқы мен бостандығын сақтаудағы ілгерілеушіліктің де айқын дәлелі», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Қазақстан ядролық қауіпсіздікке арналған Сеул саммитінде таратпау жөніндегі жаһандық қозғалы­сының лидері ретінде мойындалды. АҚШ пен Ресей секілді екі ядролық держава басшыларымен бірге Қазақстан Президентінің үшжақты келіссөзге қатысуы­ның өзі еліміздің антиядролық қозғалыстағы осынау орнын нақты көрсетсе керек. Бұл ретте Президент Нұр­сұлтан Әбішұлы ядролық энергетиканы бақылауда ұс­тауға қатысты қазақстандық бастаманың одан әрі кеңейе түсетініне сенім білдірді. Жылды қорытындылай келе, Елбасы аса маңызды жетістік саналатын ЭКСПО-2017 мәселесіне де миссия басшыларының назарын аударды. Президент Қазақстан халқы атынан Астанаға қолдау білдірген ел басшыларына алғыс жолдап, шетелдердің іскерлік топтарын осынау ауқымды шараға ынтымақ­тасуға шақырды.

Еуразиялық экономикалық одақ құрдымға кеткен Кеңес Одағын қалпына келтіру емес...
Сөз арасында Мемлекет басшысы Кедендік одақ һәм Бірегей экономикалық кеңістік қызметіне тоқтала келе, Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселесіне де назар аударды. Президент өз сөзінде ортақ мақсатқа жылжудың жалғасатынын ерекше атап өтті. «Бұған қоса тағы да мынаны атап өткім келеді: менің, яғни Қазақстанның бастамасымен жүзеге асып жатқан еур­азиялық инте­грация ешқашан да қандай да бір саяси одаққа реинкар­нацияланбайды. Оның ішінде құрдымға кеткен кешегі Кеңес Одағына қарай өзгермейді. Мұндайда үдеріске қатысу­шылардың ойы бір жерден шығып отыр», – деген Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразиялық интеграцияның шынайы мәніне тағы бір тоқталып өтті. Президент пайымынша, Еуразиялық интеграция – бұл үшінші әлемдік индустриялық рево­люцияға Қазақстанның қатқан жауабы. Сондықтан Қазақстан жаңа технологиялар­ды бірлесіп игеруге мүдделі. Ал бұл ретте Қазақстан да, Ресей мен Беларусь та өзіндік ұлттық мүддесі айқын, өз билігі дербес тәуелсіз мемлекет болып қала береді. «Еуразиялық интеграцияның шынайы мақсатына қатысты кез келген күмән негізсіз. Мұны кешегі «қырғи-қабақ соғыстың» елесімен жүрген жекелеген саясаткерлердің, БАҚ пен сарапшылардың рефлексі деп білемін. Интеграция – бұл жаһанның барлық өңірлеріндегі жалпыға бірдей үдеріс. Ешбір мемлекет, ол қанша қуатты болса да оқшауланып өмір сүре алмайтыны белгілі», – деп түйіндеді өз ойын Елбасы.    
Дипломатиялық миссия басшылары алдындағы сөзінде Мемлекет басшысы негізгі мәселені «Қазақстан-2050» страте­гиясына арнады. Елдік межелер мен мәуелі міндеттер айқындалған тарихи құжаттың маңыздылығына тоқталған Нұрсұлтан Әбішұлы, «бүгінгі Қазақстанның бұрынғы Қазақстаннан әлдеқайда басқа екенін» баса айтты. Әлем алдында қалыптасып, жаң­ғырған мемлекеттің бүгінге дейінгі жолы да шетелдіктердің назарында болғанында дау жоқ. Сон­дықтан да Президент «Қазақ­стан-2050» стратегия­сындағы негізгі басымдықтарға, оның ішінде елдің ішкі даму мен сыртқы жаһандық геосаясат мә­се­лелеріне де тоқталды. «Мен Қазақстанның жүз­жылдықтың ортасына таман барынша озық отыз елдің арасына кірігуін тапсыр­дым. Бұл – стратегияның басты нысаны. Ал оған жету үшін біз ең жақсы дамыған әлем мемлекеттері тәжірибесін де ескеретін боламыз. Жалпы, «Қазақстан-2050» стра­тегиясы ХХІ ғасырдағы жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы біздің еліміздің ұстанған жауабы болмақ», – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Сосын Мемлекет басшысы болашақ стратегиясындағы маңызды жеті басым­дыққа маңыз берді.
Ғасыр ортасына таман Қазақстан өндірістік активін толығымен жаңартады
Елбасының айтуынша, жаңа бағыттағы Қазақстанның экономикалық бағдары жалпы қамтылған прагматизмге негіз­деледі. Бұл – табыстылық қағидаттары, инвестиция тарту, бәсекеге қабілеттілік. Ал ішкі, сыртқы экономикалық қызметке келсек, мемлекет бірыңғай корпорация ретінде басқарылып, экономикалық жаңғырту жұмыстары мен индустриялық-инновация жалғасады. Бұл ретте Елбасы аталған бағдарламаның кеңейетінін, сол арқылы жақын 10-15 жылдықта Қазақ­станда инновациялық кәсіпорындар үлесі бүгінгіден 2,5 есеге арта түсетінін мәлім­деді. «Біздің экономикамыздың болашағы «жасыл экономиканы» дамытумен ұш­тасып, балама қуат көздеріне, транзиттік әлеуетке және елдің ауқымды аграрлық кешеніне негізделеді. Қазақстанда жаңа буынның алты-сегіз инновациялық клас­терін дамыту мүмкіндігі бар. Бұлар – материалтану салалары, туризм, тамақтық биотехнологиялар, балама энергетика, мұнай мен газды өндіру және өңдеу тех­нологиялары, өмір туралы ғылым, перс­пективалы компьютер технология­лары, дизайн, логистика мен машина құрылысы», – деді Елбасы Н. Назарбаев.
Жекешелендірудің жаңа бағдарламасы қабылданады
Сонымен қатар Мемлекет басшысы алдағы уақытта жекешелендірудің жаңа бағдарламасы әзірленіп, қабылданатын­дығын жеткізді. Бұған орай, стратегиялық емес профильдегі барлық кәсіпорындар  жекеменшікке беріледі. Ал 15 жылдан кейін шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі кемінде екі есеге артады. Сондай-ақ Н. Назарбаев инвести­циялық климатты жақсарта түсу жұмыста­ры да атқарылатынын атап өтті. «Біз шетел­дік инвестиция үшін ең тартымды шараларды қабылдайтын боламыз», – деді Мемлекет басшысы.
Қоғамның новаторлық рухын дамытуға ниеттіміз
Сөз арасында Елбасы 2050-ге дейінгі стратегия тұрғысынан әлеуметтік жаңғыру саясатына да ерекше мән беріп өтті. Ал Қазақстанның әлеуметтік саясатына келсек, бұл барынша айқын: жаңа әлеуметтік саясаттың өзегі бір жағынан – өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтындарға мемлекет­тің әлеуметтік кепілдігі, екінші жағынан – өзінің жеке жағдайын жақсар­туға әрбір қазақстандықтың жауапкершілігі болмақ. Бұл жайында былтыр Президент өзінің Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеясында да тоқталған еді. «Менің пайымымша, көптеген қоғамда адал әрі таза еңбекті бағаламау, жоғалту салдары жаһандық проблемаға ұласуда. Адамзат «өмір сүріп» отырған кредиттік қаражаттар мөлшері өндірілген өнімнен 40 пайызға дейін артып кетіп отыр. Яғни ақша ақшадан жасалып, халық кредитпен ғана өмір сүруге көшіп алды. Сондықтан да өндірістік қуатты арттыру және еңбек әрбір адамның, мемлекеттің ахуалын жақсарту бастамасы болмақ. Нарықтық қатынаста тек жеңіл пайданың, таусылмайтын несие мен қарыздың мүмкіндігін ойламау керек. Сол үшін әлеуметтік жаңғырту міндеттерін шеше отырып, біз алдыңғы дәуірден қалған әлеуметтік инфантилизм мен масылдық инерциясын  біртіндеп еңсеруге тиіспіз. Біз қоғамның новаторлық рухын дамытуға ниеттіміз», – деді Н. Назарбаев.
Халықаралық даму агенттігі құрылмақ
Ал, жалпы, сыртқы саясаттағы алдағы жылдар үшін айқындалған ұстанымға келсек, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның сыртқы саясаты өңірлік, жаһандық қауіпсіздікті жан-жақты нығай­туға бағытталған болып қала беретінін жеткізді. Бұл ретте Қазақстан өзінің көр­шілерімен – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия және ТМД елдерімен әріптестікті одан әрі дамытуды ұстанады. «Орталық Азиядағы көршіле­ріміз әрқашан біздің сыртқы интегра­циялық және экономикалық саясатымыздың тірегі болып қала береді. Біз АҚШ пен ЕО, Азия мемлекеттерімен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыта түсеміз. Африка және Латын Америка­сының басты мемле­кеттерімен кең ауқымды өзара тиімді қарым-қатынастар орнатудың жақсы перспективалары ашыла түседі», – деді  Елбасы. Бұдан бөлек, Президент Қазақстан үшін түркі тілдес мемлекет­термен, ислам мемлекеттерімен ынтымақ­тастықты дамыту маңызды бағыт екендігін айтты. Осы бағытта түркі тілдес мемлекет­термен қа­рым-қатынас қазірдің өзінде қалыптасқан халықаралық бірлестік­тер аясында жалғасатын болады. Бұлар Түркі мем­лекеттерінің ынтымақтастық кеңесі, ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Астанада құрыл­ған Түркі академиясы болып табыла­ды. «Біз Алматы қаласында көптарапты дип­ломатияның Өңірлік орталығын қалып­тастыруға кірістік. Онда ұйымдар мен бағдарламалардың, қорлар мен БҰҰ ма­мандандырылған мекемелерінің өңірлік және субөңірлік мәртебесіндегі 16 өкілдігі қызмет етеді. Қазіргі таңда Халық­аралық даму агенттігін құру жөніндегі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл агенттік біздің көршілеріміз бен басқа да мемлекет­терге техникалық көмектер көрсетпек. Сондықтан да біз осындай орталықты Астанада немесе Алматы қаласында ұйымдастыруға әзір­міз», – деді Н. Назар­баев. Түйіндей айтсақ, Қазақстан Еуразия жүрегінің тыныштықта, қалыпты соғуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын болады.
Латын әліпбиіне көшуден ешқандай геосаяси артықшылық көрудің қажеті жоқ
«Қазақстан-2050» стратегиясындағы маңызды бағыт – патриоттық тәрбие. Президент пайымынша, ондай тәрбие болмай, ұлттық ілгерілеу де мүмкін емес. «Біз тілдердің үштұғырлылығын дамытуды жалғастыратын боламыз. Мен 2015 жылға қарай қазақ әліпбиін латын графи­касына көшіру мәселесін қолға ала, жүзеге асыра отырып, қазақ тілін одан әрі жаң­ғырту тапсырмасын жүктедім. Бұл қадам мемлекеттік тілді дамытудың қажеттілігінен туындаған болатын әрі қазақ әліпбиіне бұл өте қолайлы. Кең ауқымда қолдануға, ақпараттық-техно­логияны пайдалануға ыңғайлы. Тағы да қайталаймын, мұндай қадамнан қандай да бір геосаяси артық­шылық құбылысын көрудің қажеті жоқ.  Біз көпвекторлы дамуға, барлық мемлекет­термен гумани­тарлық-мәдени байланыс­тарға ұмтыла­мыз», – деп атап өтті Н. На­зарбаев.
G-global – ХХІ ғасырдың геосаяси математикасы
Елшілер алдындағы сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразия кіндігінде дәстүрге айналған халықаралық басқосуларға ше­телдіктердің атсалысуын да үндеді. Осын­дай ауқымды халықаралық шараның бірі – ағымдағы жылы да жоспарланған Астана экономикалық форумы. Әлгі форумға шақырмас бұрын Мемлекет басшысы ондай алаңда туып, кейіннен бүкіләлемдік қолдауға айналған идеяның жарқын көрінісі туралы біраз сөз қозғады. G-global – бұл, біріншіден, біз әлемге ұсынып отырған жаһандық диалогтың жаңа форматы. G-8 немесе G-20 ғана емес, тегіс, тұтастай қамтитын формат. Міне, ХХІ ғасырдың геосаяси матема­тикасы – осы.  Мұнда үлкен, кіші, орташа мемлекет деп бөлуге болмайды. Мұнда біз Жер шарының ортақ міндеттерін шешетін боламыз және әр мемлекеттің өз дауысы болуы шарт. Мұнда әлемдік экономика мен саясаттың барлық проблемалары жа­һандық қауым­дастықпен жалпы қамты­латын диалог болады. Екіншіден,  G-global – бұл көп­поляр­лық жағдайындағы әлемдік құры­лыстың бес қағидаты. Ал бұлар – саясаттағы революциядан бас тарту және эволюция, теңдік пен кон­сенсустағы әділ­дік, жаһандық толерант­тылық пен се­нім, жаһандық транс­па­ренттілік, сындар­лы көпполярлылық. Дәл осылар­дың негізінде ізденіп, ХХІ ғасырда көптеген проблема­лардың шешімін табуға болады», – деді Нұрсұлтан Назар­баев.
Сонымен қатар Елбасы Астанада бүкіл­әлемдік дағдарысқа қарсы конферен­ция шақыру туралы ұсыныс жайын да әңгі­меледі. Тоқтала кететін жайт, ондай кон­ферен­цияда БҰҰ-ның жаһандық дағ­дарысқа қарсы бағдарламасын әзірлеу туралы айтылған еді. «Менің білуімше, БҰҰ сессиясында бұл бастама қолдау тапты. Ал осынау идеяның өзектілігіне ғаламның бүгінгі дамуы да дәлел бола алады. Шындығында, жаһандық даму тағдыры біз секілді жас мемлекетке парық­сыз емес. Дағдарыс жаһандық. Оны барша жұрт мойындайды. Ал соған қарсы жаһандық шешім қабылдауға ешкім бар­ған емес. Қабылданған шаралардың өзі «қараңғыда жоғалған центті іздеу үшін 100 долларлық купюраны жағумен» бірдей ғана», – деді Елбасы. Президенттің пайымынша, бала­малы, тиімді қаржылық архитектураға көш­пей тұрып, жаһандық дағдарыстан шы­ғу да еш мүмкін емес. Ал осындай архи­тектураның өзі жаһандық дамудан әлде­қайда артта қалып отыр. Сондықтан да Мемлекет басшысы дәл осы туралы БҰҰ аясында, халықаралық қаржы ұйымдары шеңберінде әңгіме болуы керек деп санайды. «Мен сол үшін шетелдік әріптес­терімізді кезекті рет ағымдағы жылы өтетін Астана экономикалық форумы­на шақыра­мын. Жалпы G-global – бұл баршамызға ортақ әлемнің даму жолы мен ізденісіне Қазақстан­ның қосқан үлесі», – деді Н. На­зарбаев.
ХХІ ғасырда әскерилер дипломатиялық кемшіліктерді түзетуге кіріспегені игі
Дәстүрлі жүздесудің түйінін Елбасы дипломаттарға арнады. Әзілкештердің «Саясаткер – бұл, ең алдымен, келесі жұмаға дейін аман қалу амалы» дейтіні бар. Ал дипломатия – бұл келешек жүз­жылдықта да аман сақталудың ғаламат өнері. Мен дипмиссия өкілдерінен әділ әлемдік тәртіп орнату бағытында соғыссыз, өзара қырғи-қабақсыз күш-жігерді бірік­тіру жөніндегі менің үндеуімді өз ел басшыларыңызға жеткізуді сұраймын. Мен ХХІ ғасырдың халықтар арасындағы өзара қарым-қатынасы тек қана дипломат­тарға тиетін дәуір болатынына сенемін. Әскерилер дипломатиялық кемшіліктерді ешқашан түзетуге кіріспейді деп сенемін», – деді Н.Назарбаев.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста