Алматыда «Әлдиден эпосқа дейін» кітабының ресми таныстырылымы болды. Республикалық Ғылым ордасына қарасты ғылыми кітапханада өткен жиында авторлар қауымы кітаптың құрастыру барысында басшылыққа алынған талаптар мен ұстанымдар және жалпы жұмыс барысы жайлы баяндады.
Бүгінгі таңда бала тәрбиесіне қатысты айтылар пікір сан алуан. Әсіресе балалардың бойына қазақы дүниетанымды қалыптастыратын кітаптардың қатары сирек. «Әлдиден эпосқа дейін» отбасы хрестоматиясын құрастырушылар осы олқылықтың орнын толтыруға тырысты. Отбасы хрестоматиясында бесік жырынан бастап, тақпақтар, санамақ, ертегілер, жаңылтпаштар мен қиссалар, батырлық дастандар жеке-жеке тарауға топтастырылып берілген. Балалардың жас ерекшелігіне байланысты қарым-қабілеті, психологиялық мүмкіндіктері ғылыми-педагогикалық негізде ескерелі отырып құрастырылған. Кітаппен алғаш болып танысып, алғы сөзіне пікір қалдырған филолог ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша, «бұл жинаққа енген бесік жырлары, тақпақтар, ертегілер, қиссалар – бұрын-соңды көп кездеспеген тың дүниелер».
«Кітапты құрастыру барысында біз оның материалдық тұрғыдан бай әрі тың дүниелерге толы болуын, мағыналық тұрғыдан мәнді, педагогикалық-әдістемелік тұрғыдан баланың қабылдауына жеңіл болуын қамтамасыз етуге тырыстық», – дейді кітап құрастырушылардың бірі Мұхит Төлегенов. Шығармаларды жинақтауда қазақ ғалымдары мен зиялы тұлғалардың естеліктерінде жазылған материалдар, Ғылым ордасының сирек кездесетін кітаптар мұражайы қорында сақталған қолжазбалар, шетелдік баспалардан жарық көрген зерттеу еңбектері де пайдаланылды. Жинақ авторларының бірі Әділбек Нәбидің айтуынша, аталған кітапты дайындауда коммерциялық мақсат болған жоқ. Тіпті оның кітап дүкендеріне ұсынылғандағы бағасы өзіндік құнымен бірдей. Себебі оксфордтық стильде басылған кітаптың мұқабасы және ішкі парақтары өте сапалы қағаздан жасалған. «Балаларға арналған кітаптың кірленуі де тез болады, сондықтан біз қымбат болса да, кір жұқпайтын қағазды таңдадық. Біз бұл жобадан қаржылай табыс көрмейміз. Қазақстандық жастар зерек, алғыр, дүниетанымы кең болса екен деген тілекпен ғана еңбектендік. Алғашқы тарылымы 2000 дана болып шықты, бірақ кітап қазірдің өзінде таусылуға жақын. Сондықтан көп ұзамай екінші қайтара баспақ ойдамыз», – дейді ол.
Қазақша отбасы хрестоматиясы жарық көрді
Последние статьи автора