Күнделікті қоғамда, мемлекеттік жиындар мен қоғамдық орындарда, көшелердегі жарнамаларда, ең аяғы қоғамдық көліктерде де шетқақпай көріп жүрген қазақ тілі қазнет алаңында да жетімсіреп жүр. Мәселен, елімізде 32 680 орыстілді, 4500 ағылшынтілді сайт тіркеуде тұрса, қазақтілді сайттардың саны әлі күнге 4 мыңға да жетпепті. Яғни орыстілді сайттардың үлес салмағы 79,6 % болса, ағылшын тілінде – 11%, ал қазақтілді сайт 9,3 % пайызды құрайды. Мемлекет тарапынан қазақтілді сайттардың санын арттыруға жыл сайын арнайы қаржы бөлініп, жан-жақты қолдау көрсетілсе де, ана тіліміздегі тіркелген сайттар ағылшынтілді сайттардың санына жете алмай тұр.
Тіпті «барымен базар» деп, сол 4 мың сайттың барына да шүкіршілік айту мүмкін емес. Өйткені барының да жетісіп тұрғаны шамалы. Басқаны былай қойып, аты дардай министрлік сайттарынан қазақ тіліндегі ақпараттарды еркін табу мүмкін емес. Сайттың адресін жазған сәтте ең алдымен орыс тіліндегі парақшасы жарқ ете қалатын сайттарымыз да жетерлік. Мәселен, еліміздің Денсаулық сақтау, Мұнай және газ, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Экономикалық даму және сауда министрліктерінің сайтында алдымен орыс тіліндегі парақшасы көрініп, «қуантады». Мейлі ғой, қазақ тілін таңдап, қазақ тіліндегі нұсқасын іздеуге кірісерміз. Алайда мемлекеттік тіл қазақ тілі екенін ескерсек, министрліктердің беташар бетінің де ана тілімізде ашылғаны дұрыс болар ма еді деген базына ғой біздікі. Онсыз да қазақтілді сайттарымыздың саны көңіл қуантпай тұрғанда, министрлік сайттары алдымен қазақ тіліндегі парақшасын ашып, шын қуантса, қанекей! Қазақ тіліне құрметті алдымен министрлік сайттары көрсетпегенде, басқаларға не деп айтуға болады?!
Тағы бір айта кетер жайт, кейбір сайттардан орыс тіліндегі парақшасында бар ақпаратты қазақ тіліндегі парақшасынан табу қиынға түседі. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі сайтынан диқандарға берілетін мемлекеттік көмек туралы қазақша ақпарат табу мүмкін емес. Бір қызығы, ондай ақпаратты орыс тіліндегі парағынан оңай табуға болады. Мәжілісмен Мұрат Әбенов мырза: «Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында (www.mz.gov.kz) қазақ тіліндегі «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі» деген бөлімге қарапайым азамат кірген уақытта онда қазақ тіліндегі ақпараттың орнына «Такой страницы не существует. Хотите создать?» деген сөздер шығады. Өңірлерде тұрғындармен кездесу барысында азаматтардың Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінен мүлдем хабарсыз екенін білдік.
Сондықтан жұртшылық бұл жүйенің пайдасын сезінбеуде, өз құқықтарын білмейді. Өйткені бұл жүйені түсіндіру шаралары дұрыс жолға қойылмаған. Жоғарыдағы мысал – соның айқын дәлелі», – дейді. Шынымен, Денсаулық сақтау министрлігі осы салада жасалып жатқан реформалар жөнінде халыққа ресми сайтында егжей-тегжейлі түсінік берсе әлдеқайда дұрыс болмас па еді?!
Бұл мысалдар – мемлекеттік органдар тарапынан тіл заңнамасының талаптарын сақтамаудың бір бөлігі ғана. Айта берсек, қазақтілді сайттардың кем-кетігі көп-ақ.
Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру мен Электрондық үкіметті дамыту, оның ішінде 2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60%-ын және лицензиялардың барлық түрлерін электрондық форматқа көшіруді басым міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Дегенмен Қазнетте қазақтілді сайттар – мүшкіл халде. Егер де біздің елде, біздің домендік аймақта мемлекеттік тілде веб-ресурстарды дамытуға жағдай жасалмаса, қай жақта олар дами алады? Сонда қазақша контентті жасауға бөлінген қаржы қайда жұмсалып жатыр? Интернеттегі қазақ тілінің әлсіздігінің тағы бір дәлелі. Қазақстандық веб-ресурстар рейтингісін анықтайтын https://zero.kz сайтында танымал «ондықты» айтпағанда, «жиырмалыққа» кіретін бірде-бір қазақтілді сайт жоқ. Неліктен? Бюджет қаражаты есебінен қазақша контентке қолдау көрсету үшін арнайы мекеме құрдық. Жүздеген миллион қаражат бөлдік. Танымал болған сол сайттар қайда? Біздің казтюб қайда? Заңды түрде отандық фильмдерді қайдан көреміз, қазақ музыкасын қайдан тыңдаймыз, ана тіліміздегі кітаптарды қайдан оқимыз? Түсінікті тілде ақпарат жоқ болса, қазақтілді азаматтарға интернетке шығудың не қажеті бар?
Шыны керек, бүгінде азаматтарымыз ақпарат алу үшін орыстілді сайттарға бас сұғады. Себебі белгілі. Әйтсе де осы саланың маманы Серікқызы Кәкібаланов мырза «қоғам қазақша сөйлемей, интернеттегі қазақтілді сайттардың саны артпайды, сапасы да жақсармайды» дейді.
Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ, «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
– Қазір қоғамдық орындардың барлығында орыстілділер көп. Қоғам қандай болса, интернет әлемінің де сондай болуы заңдылық, яғни қазақтілді континент тарапынан сұраныс болмағаннан кейін қазақтілді сайттардың саны аз болып отыр. Қазақтілділердің басым бөлігі ауылда тұрады. Ал ауылда интернет түгіл, компьютермен жабдықтау деңгейі де мәз емес. Ниет болса, электронды үлкен жобалар жасауға болады. Әйтсе де тиісті орындар тарапынан дұрыс көзқарастың болмауынан осындай кемшіліктер орын алуда.
Осы орайда интернет жүйесіндегі кемшіліктер жайлы жанайғайын жоғарыға жеткізіп жүрген Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов: «Ауылдық мектептер әлдеқашан заман талабынан қалып қойды. Егер де оқушыларды компьютерге бірінші рет 7-сыныпта отырғызсақ, олардан не күтуге болады? Оқу бағдарламасы солай. Және сабақ – аптасына бір рет. Бұған қоса, ауылдық жерлерде балаларға мектептен басқа орында монитордың алдында отыру мүмкіндігі жоқ. Оқушылар компьютерді қалай қосу және өшіру жаттығуларын 13 жасында ғана үйренеді. Мектептегі информатика пәнінің бағдарламасы қатты ескірген. Әлі сол Visual Basic пен «Паскаль» төңірегінен шыға алмай жүрміз. Мектептің 11 жылдық бағдарламасында ғаламтормен, е-поштамен, аудио, фото, мәтіндік файлдармен қалай жұмыс жасауды, сайт құруды мүлдем үйретпейді. Осындай біліммен түлектер жоғары оқу орындарына барады. Жоғары оқу орындарындағы қазақ топтарында ақпараттық технологиялар көп жағдайларда орыс немесе ағылшын тілінде оқытылады. Басты себеп – мамандар, сапалы оқулықтар, заман талабына сай әдістемелер жетіспейді, термин жиынтығы әлі жоқ. Ғаламторға ең негізгі ақпарат (контент) орналастырушы мемлекет болу керек. Заң бойынша мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілде ақпарат орналастыру міндеті де бар, қаражаты да шешілген», – дейді.
Демек, сайт әлемінде емін-еркін жұмыс істеп, замана көшінен қалып қойғымыз келмесе, жоғарыдан қозғалыс керек екені анық.
Қазақша контент жасауға бөлінген қаржы қайда жұмсалып жатыр?
Последние статьи автора