«Қазақ полицейлеріне қарсы жиһад» жарияланғаны рас па?
Дүйсенбіге қараған түнде Қарағанды облысындағы Балқаш қаласының АК156/21 жалпы режимдегі түрмесінде атыс болды. Бір топ қаруланған сотталушылар түрменің сыртын күзеткен Ішкі істер департаментінің ішкі әскеріне шабуыл жасап, оқ атқан. Атыс барысында бақылау қызметінің сержантына оқ тиіп, жарақат алған. Дер кезінде медициналық көмек көрсетілгенімен, сержант қаза табады. Сонымен қатар қылмыстық атқару жүйесінің үш адамы жарақаттанады. Сотталушылар соншама қаруды қайдан алған? Әзірге белгісіз. Бірақ қаруланған сотталушыларға бес қаруын асынған арнайы жасақ шабуылдап, қылмыскерлерді қолға түсірудің бар айла-шарғысын жасауда. Бұл жайында кеше Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Жанатай Сембеков хабарлады.
Сағат түнгі бір жарымда қашуға талпынған қылмыскерлер түрменің ішіндегі өндіріс цехының ғимаратына жасырынып үлгерген. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары олардың 30 адамды тұтқындап алғанын жазыпты. Тұтқындағылардың көбі жазасын өтеп жатқандар екен. Алайда бұл ақпаратты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жалғанға шығарып отыр.
Ресми емес деректерге сүйенсек, бас көтеріп, бүлік шығарып жүрген бұл топ Хизб-ут-тахрир діни экстремистік ұйымының өкілдері көрінеді.
Бет қатталып жатқанда:
Әділет министрлігінде кеше кешкісін шұғыл брифинг өтіп, онда Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Талғат Ахметов Балқаштағы оқиғаға қатысты бірқатар жайттарды нақтылады. Оның айтуынша, бүлік шығарып, қашпақ болған сотталушылар негізінен ауыр және аса ауыр қылмыс істегені үшін жазаға тартылғандар. Осындай адамдардан құралған 16 адам түрме аумағындағы өндірістік ғимаратқа бекініп алады және оларға қарсы арнайы жасақ таяп келген кезде, араларындағы бір-екі адам оттегі құйылған балонды жарып жіберген. Қазір сол жарылыстың салдарынан қаза тапқандардың денелері қирандының астынан шығарылуда. Нақты қаншасы өлгені әзірге белгісіз.
Ал жараланған қызметкерлерге келсек, олардың екеуі (қылмыстық атқару жүйесінен) оқтан, екеуі (ішкі әскер) пышақтан жарақат алған.
Тергеу әлі жалғасуда.
Себебі арнайы жасаққа берілмей, ылаң салып, алған беттерінен қайтпауына қарағанда, шатақ дінге шырмалғандар ма дейсің. Әйтеуір, санасы сау адамның әрекеті емес. Бірақ бұл ақпаратты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті әлі нақтылаған жоқ. «Әзірге еш ақпарат жоқ», – деп жауап берді Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ақпарат және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бастығы Ғалымжан Хасенов.
Жалпы, соңғы кездері діни-экстремистік ағымдардың ықпалымен болып жатқан небір жантүршігерлік, атыс-шабыс, жарылыс оқиғалары елімізде жиілеп бара жатқан сияқты. Былтыр Маңғыстау облысы Ақтау қаласында да сотталушылар түрмеде соғыс ашып, 21 адам қашып шыққан. Олардың да радикалды діни ағымға қатысы бар болып шықты. Масқара болғанда, бас бостандығы шектелген олардың қолына қару ұстатқан сыбайлас жемқорлыққа батқан түрме басшылары екені артынан анықталды.
Ал биылғы оқиғалар жарылыстан басталды. Ақпан айында Ақтөбедегі 168/2 жалпы режимдегі түрменің қасында тұрған көлік жарылады. Осы қаладағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің жанындағы жарылыс та жаншошытарлық. Енді, міне, Шұбаршидегі қанды қырғын соғыс. Олар да діни ағымның «жиһадшылары» болып шықты. Алматыдағы «Сұңқардың» жігіттерін жайратып салатын басбұзарлар да елдің есінен кете қоймаған шығар.
Бұрын-соңды ести бермейтін оқиғалар неге енді белең ала бастады? Елімізде діни-экстремистік, радикалды секталарға қарсы күрестің өз деңгейінде болмай, секталардың семіргені ме? Әлде бұл ағымдардың артындағы ықпал етуші күштің мықты болып тұрғаны ма?
Әркім әртүрлі себеппен түсіндіруі мүмкін. Бірақ, біздіңше, барлық мәселе былтыр «Хунафа» деген сайтта саудтық Әбу Мунзир әш-Шинқити деген ғалымсымақ біреудің «Қазақстан полицияларына қарсы жиһад туралы» пәтуасынан басталып отыр ма деп ойлаймыз. Ол «Минбару-ль-Таухид уәль-Джихад» (Таухид және жиһад мінбері) сайтының пәтуалар комитетінің мүшесі екен. Соған еліміздің бір топ жастары хат жазады. Хатта былай делінген: «Біз қазақстандық жастармыз, біздің елде полицейлер бізге қысым жасайды, кейбіреуімізді түрмеге де жауып жатыр. Біз мынадай сұраққа айқын жауап алғымыз келеді: кәпірлермен соғысудан бұрын оларды дінге шақыру қажет деген ғалымдардың бірауыздан айтқан пікірін біле тұра, күпірлігімен асқан және ислам мен мұсылмандарға деген дұшпандығымен ерекшеленетін кейбір полицейлерді өлтіре бастасақ бола ма? Және біздің әрекеттеріміз Алла жолындағы жиһад санала ма?»
Бұған әлгі ғалымсымақ былай жауап қатады: «Құрметті бауырым, сен атаған соғысудан бұрын дінге шақыру міндеті жайындағы ғалымдардың бірауызды пікірі шақыру жиһадына қатысты айтылған. Ал қорғану жиһадына келер болсақ, онда алдын ала дінге шақыру міндет емес. Бұл жағдайда, керісінше, жиһадты кейінге қалдырмай, бастау міндет болып саналады. Бұған қоса сен полицейлер қысым көрсетіп, түрмеге отырғызып жатыр дейсің. Бұл жағдайда олармен соғысу шабуыл жиһадына емес, қорғану жиһадына жатады. Ал әділетсіздікке, езгіге қарсы тойтарыс берулерің Алла жолындағы жиһад болады. Кім осы жолда өлсе, сол, Алла қаласа, шәһид болады. Бұған Саид ибн Зәйдтен жеткен Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім өзінің мал-мүлкін қорғау кезінде өлсе, сол – шәһид, кім өзінің дінін қорғау кезінде өлсе, сол – шәһид, кім өзінің отбасын қорғау кезінде өлсе, сол – шәһид» деген хадисі дәлел бола алады.
Алайда сендердің шектен шыққандарға қарсы жиһадтарың одан нәтиже мен өзгеріс болмайтын жалғыздың (яғни жеке бір адамның) реакциясы болмауы керек. Шындығында, сендердің әрекеттерің ұжымдық және ұйымдасқан болуы қажет», – дей келе, әлгі жастардың бұл әрекеті шариғатқа еш қайшы емес деп, жастарымызды уландырады. Міне, дәл осы пәтуа Қазақстанда тұтанған жиһадтардың шырпысы болмағанына кім кепіл?! («Хунафа» сайты қазір ашылмайды, бірақ одан көшіріп басқан веб-сайттар бар, соның бірі мынау – http://www.magas.ru/content/fatva-o-dzhikhade-protiv-kazakhstanskoi-politsii -)
Енді түрмедегілердің жағдайына келер болсақ. Осыдан бір жарым жыл бұрын интернет беттерінде Қазақстандағы құпия түрме жайында қауесет тарап кеткен болатын. Сол ақпаратта «осыдан екі жылдай бұрын Қостанай облысында діни-экстремистік ұйымдардың өкілдері ғана оқшауланған арнайы лагерь жұмыс істеді» деп жазылған екен. Ол жайында газетімізге де жазған болатынбыз (Құпия түрме туралы қауесет кімге керек болды? Алаш айнасы, 26 қыркүйек, 2009 жыл). Онда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл ақпаратты жалғанға шығарып, ондай түрменің жоқ екенін мәлімдеген еді.
Айтпағымыз, бізге осындай түрме қажет секілді. Себебі жалпы режимдегі түрмеде жұмыс істейтін бір танысым түрмеге түскен діни-экстремистік ұйымдардың өкілдері өздерінің идеологияларымен өзгелерді де улап жатқанын айтып, оларды оңаша ұстау қажет деген пікір білдірген еді. Бұл пікірдің де жаны бар сияқты. Өйткені олар темір торға қамалса да, еш нәрседен ұтылып жатқан жоқ. Іштен-ақ әскерлерін «жасақтай» береді. Олардың әсерлі уағыздарына арбалған камераластары мерзімі жетіп, «рухани ұстаздарынан» ерте шығып жатса, «іштегі бауырларын» бостандыққа шығарып алу үшін кез келген жағдайға барады. Түрмедегі жүйе мен түрменің қуыс-қуысын бес саусақтай білетін оларға сырттан жүріп, сыр алу тіптен оңай. Сондықтан да діни-экстремистік ұйымдардың өкілдерін оңашада ұстайтын түрме қажет деп ойлаймыз. Әйтпесе іс насырға шаба бермек.