Қазақ географиялық қоғамы Антарктидаға ел көк байрағын тігуді жоспарлап отыр. Бұл – географтардың Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған тартуы. Қазақстандықтардың Жердің ең таза құрлығын бағындыруы Антарктиданы игерудің 100 жылдығымен де тұспа-тұс келмек.
Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылғандай, Жердің оңтүстік полюсіне тұңғыш қазақстандық автокөліктік экспедициясын ұйымдастыру Астана әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаны әзірлеу аясында күрделі қайта құру шараларынан өткен автокөліктер бірінші Антарктидаға, сосын «Новолазаревская» бекетіне жеткізіледі. Автокөліктер 2308 шақырым жерді құрайтын «Новолазаревская» бекеті – Оңтүстік полюс» маршрутын 108 сағатта жүріп өтіп, әлем рекордын жаңартпақшы. Экспедиция қатысушылары ең таза құрлықтың метео-экологиялық жағдайын зерттеп, Қазақстанға Антарктидадан жаңа ғылыми жаңалықтар сыйлайды деп күтілуде. Ғаламтор пайдаланушылары экспедиция барысын онлайн режимінде бақылай алады. Антарктидадағы оңтүстік нүктеге 1911 жылы, тура бір ғасыр бұрын норвег саяхатшысы Руаль Амундсен адамзат тарихында алғаш болып жеткен еді. Қазақстан ғалымдарының экспедициясы осы айтулы оқиғаның 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Антарктидаға жасалатын сапар мектеп және жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізілмекші.
Орденбек МАЗБАЕВ, Қазақ географиялық қоғамы ғылыми кеңесінің мүшесі, профессор:
– Біздің ендігі мақсатымыз – Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арнап, жердің оңтүстік нүктесіне, яғни Антарктидаға қазақтың көк байрағын тігу. Бұл шара 26 қазанда басталса, 16 желтоқсанда оңтүстік нүктеге ту тігіп, ал ғылыми жорықтың қорытынды бөлімін 26 желтоқсанда Астана қаласында аяқтауды көздеп отырмыз. Күні ертең осы шараға байланысты ғалымдар кеңесі өтеді. Сонда Антарктидаға баратын адамдардың толықтай тізімі белгілі болады. Біздің негізгі мақсатымыз – еліміздегі ғылыми ізденістерге қолдау көрсету.
Қазақ географиялық қоғамы Қазақстан Журналистер одағымен бірлесе отырып, кәсіби журналистер мен фототілшілер арасында ашық көркемдік байқау да ұйымдастырып отыр. Байқауға еліміздің табиғаты, тарихы, географиялық жағдайы, көркемөнер, экология және осы салаларға үлесін қосқан тұлғалар жайлы материалдар қатыстырылады. Журналистер мен фототілшілердің еңбегі байқауда жеті түрлі аталым бойынша сараланады. Мақалалар мен фото, бейнематериалдар 2011 жылдың қазанына дейін Алматы қаласы, Фурманов көшесі, №122 үйге немесе pressclub@nursat.kz электронды поштасына жіберілуі тиіс. Байқау жеңімпаздары Қазақ географиялық қоғамы және Қазақстан Журналистер одағының дипломдарымен марапатталып, ақшалай жүлделерге ие болады. Байқаудың жүлделік қоры 1 400 000 теңгені құрайды.
Қазақ ғалымдары Антарктидаға экспедиция жасайды
Последние статьи автора