Қазақ боксы әлемді мойындатты
Олимпиадалық спорт түрінен қазақ жерінде өткен алғашқы әлем чемпионатын Алаш жұрты абыроймен аяқтады. Төрт алтын, екі күміс, екі қола медальды қоржынға салған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастап, бірнеше жеке рекордтың қаймағын бұзды. Нақты айтсақ, ешқашан біздің боксшылар бірде-бір әлем чемпионатында мұнша алтынға қол жеткізбеген. Ал бұл жолы аспаннан алтын жауды десек те болады. Боксшыларымыз шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмей, әлемді мойындатты.
Елбасымыздың көз алдында...
116 ел, 600-ге жуық боксшы. Әу баста Алматыдағы әлем біріншілігіне осынша боксшы тіркелген болатын. Ширек финалда елдер саны төрт есеге дейін қысқарды. Өзге елдер жартылай финалға бір-екі, әрі кетсе бес боксшымен жетіп жатқанда Қазақстан қосқан он боксшының сегізі жүлдеге ілікті. Соның алтауы алтынға таласты. Додадан шығып қалғандарды да жеңілді дей алмайсың, қарсыластары қанша азулы болса да, жерлестеріміз жолбарысша айқасты. Бәрін айтып не керек, 2011 жылғы әлем біріншілігінде Украина құрамасы төрт алтын, бір күмісті еншілеп, әлемді таңғалдырса, біздің боксшылар олардан да асып түсіп, жаһанды тамсандырды. Жалпы, қазақ боксын бүкіл әлем айтып жүретіндей жетістікке жеттік.
Ақтық айқастарды Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі де бастан-аяқ тамашалады. Сондай-ақ қазақстандық, тіпті әлемдік жұлдыздар да аз болған жоқ. Құрметті қонақтардың қатарында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Қазақстан бокс федерациясының басшысы Тимур Құлыбаев сынды атқамінерлер шаршы алаңға шыққан әр жерлесіміз үшін тақым қысып отырды. Олардан бөлек, бұрынғы боксшы, бүгінгі білікті маман, бапкерлер Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбрайымов, Галиб Жафаров, Бақыт Сәрсекбаев, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Марат Мәзімбаев сынды чемпиондарымыз, Асанәлі Әшімов сияқты зиялы қауым өкілдері де боксшыларымызға қолдауларын аямады. АІВА президенті Чинг-Куо Вуның Алматыда болуын заңдылық дегенімізбен, ағайынды Кличколар мен Александр Поветкиннің өздері келіп, жеңімпаздарды марапаттауы бұл доданың әлемдік аренада қаншалықты маңызға ие екенін көрсетіп тұрғандай. Бір сөзбен айтқанда, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы бір күнге жұлдыздар мен зиялылардың шоғырына айналды.
Төрт алтын
Ал енді шаршы алаңдағы ақтық айқастарға кезек берелік. Жалпы, финалда тоғыз елдің жиырма боксшысы өнер көрсетті. Солардың алтауы біздің саңлақтар екенін айттық. Финалдық жекпе-жектердің шымылдығын ашқан Біржан Жақыпов пен алжирлік Мохамед Флиссидің арасындағы айқас толық жерлесіміздің басымдығымен өтіп, Біржан 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Иә, несін жасырайық, Жақыповты талай сынадық. Өзгелердің жолын кесті деп те айыптап жаттық. Шыны керек, 2005 жылғы әлем чемпионатынан кейін өзінің де жолы болмай кетті. Әлемдік аренада жолы қайта-қайта қытайлық Зоу Шиминмен түйісіп, жеңіп тұрса да, төрешілердің сүріндірген кезі аз болмады. Қанша жерден даттасақ та, талай додаларда жеңіске лайықты болған бірден-бір боксшымыз – осы. Төреші Біржанның қолын көтергенде халық түгел қуанды. Әсіресе VIP-трибунада отырған Серік Сәпиевтің шаттанғанын көрсеңіз, құдды бір, өзі үшінші рет әлем чемпионы атанғандай жас балаша секіре берді.
Одан кейін Мерей Ақшаловтың керемет айқасын көрдік. Үш раунд бойы Мерей бір қадам да артқа шегінген жоқ. Азулы қарсыласынан еш қорықпай, Ғани Жайлауовтың Ясниер Толедо Лопесте екі рет кеткен есесін қайтарып берді. Айқастан кейін құттықтау үшін алдынан шықтық. Сол кезде көзіміз кубалыққа да түсіп кетті. Бетінің сау-тамтығы қалмапты. Қабағы жарылып, ерні дүрдиіп, көзі ісіп кетіпті. Екі жағынан екі бапкері демеп, әрең жүріп бара жатыр. Финалға бір күн қалғанда Мерейіміз қызды болған екен, «Жеңісімді қызыма арнаймын», – деп жекпе-жектен кейін ағынан жарылды.
Чемпионатты бастан-аяқ тамашалап, боксшылардың бет-жүздерін байқап жүрміз ғой. Өзге елдің боксшыларының барлығы көздері көгеріп, қабақтары жарылып жатыр. Ресейлік Артем Чеботаревті көрдік, бетінен бет қалмапты. Ал Қазақстан боксшылары әлем чемпионатын қалай бастады, солай аяқтап жатыр. 69 келіде айқасқан Елеусіновті айтсаңызшы. Даниярдың қаншалықты шебер боксшы екенін дәлелдеп тұрғандай, сымбатты сұлбасына еш зақым келмепті, сызат та түспеген. Рас, өзі де соққыны аз жұмсайды, бірақ қарсыласының соққысын өзіне де дарытпайды. Қолды-аяққа тұрмай, «билеп» жүріп айқасатын Елеусінов шаршы алаңды айнала жүріп жұдырықтасқанда, онымен рингке шыққан кез келген боксшының есі ауып қалары сөзсіз. Егер ұпай есептеудің бұрынғы жүйесі қайта жаңғыртылса, төрешілер Даниярдың чемпионат бойғы қарсыластарына ары кетсе үш-төрт-ақ ұпай берер еді. Финалда да жерлесіміз тыным таппады. Шыны керек, қарсыласы да өте қарымды. Кубаның қабыланы. Соның өзі сіздерді көп нәрседен хабардар етіп тұрған шығар. Бұл біріншілікте талай боксшының «көзіне көк шыбын үймелеткен». Дегенмен Даниярға бірде-бір соққысын дұрыс өткізе алмай, әбден пұшайман болды.
– 69 келі – қазақтың салмағы. Егер ел үмітін ақтай алмай, чемпион бола алмасам, мен үшін үлкен ұят болар еді. Осы салмақта қазақтар әрдайым намысты қолдан бермей, чемпион болып жүрулеру керек. Ендігі арманым – Олимпиада шыңы! Ал бұл алтынды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаймын, – деп ағынан жарылды ақтық айқастан соң Данияр Елеусінов.
Қоржынымызға үшінші алтын 75 келі салмақ дәрежесінде түсті. Алтын медальдың «авторы» — Жәнібек Әлімханұлы. Жиырмадағы жігіт. Бұл жастағы спортшылардың әлем чемпионатында жеңіске жетпек түгіл, елішілік додадаларда топ жара алмай жүргенін жиі көресің. Енді жиырма жасында Олимпиада жеңімпазы немесе әлем чемпионы атанатындай, боксшылардың барлығы бірдей Саттарханов немесе Әлімханұлы емес қой. Айта кету керек, Жәнібек жекпе-жектерінің барлығында жарқын жеңіске жетті. Біріншісінде әзірбайжандық Солтан Мигитиновпен кездесті. Солтанды білеміз. WSB додасында қарсылас шақ келтірмей жүрген боксшы. Мәселен, «Арландар» сапындағы Сергей Деревьянченко осы додада бір-ақ рет нокдаунға түскен екен. Міне, сол Сергейді сұлатқан – осы Солтан. Дегенмен Жәнібек Мигитиновтің қорғануына да мүмкіндік берген жоқ. Одан кейін мексикалық Хуан Меркадоны айқын басымдылықпен екінші раундта тізерлетті. Сол сияқты, финалдағы айқасында да қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Ал онымен жұдырықтасқан боксшы – Еуропа чемпионы. Жартылай финалда ирландиялық Джэйсон Куигли ресейлік жиеніміз Артем Чеботаревті қуып жүріп сабағанда «Жәнібекке қиын болады-ау» деп сескенгенбіз. Бірақ жерлесіміз күдігімізді бірінші раундта-ақ сейілтті. Басталған бетте шабуылға лап қойып, ирландиялықты жалпасынан түсірді. Ал осыдан кейін алтын бермей көр...
Екі күміс
Өкінішке қарай, 81 келідегі Әділбек Ниязымбетов пен аса ауыр салмақ дәрежесіндегі алыбымыз Иван Дычко ақтық айқаста сүрініп қалды. Алғашқысы кубалық Хулио ла Круздан жеңілді. Екеуі – ескі таныстар. 2011 жылғы әлем чемпионатының финалында да жерлесіміз осы боксшыдан жеңілген. Есе қайтара алмады. Несін жасырайық, бесінші алтынды Әділбек Ниязымбетов алып береді деп үміттенген едік, бұған дейінгі әлем біріншілігінде, Олимпиада ойындарында, тіпті Азия чемпионатында күміспен күптелген жерлесіміз тағы да финалда сүрінді. «Мәңгі екінші» дейсіздер ме, жоқ, әлде «Күміс жігіт» дейсіздер ме, өз қалауларыңыз.
Ал Дычко әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовті екі раунд бойы жеңіп жатты да, күтпеген жерден қарсыласының жойқын соққысына түсіп қалды. Нокдаун. Төреші сегізге дейін санағанша есін жиып үлгергендей болып еді, алыбымыз сол күйі өзіне келе алмады. Қайта шабуылға лап қойған Меджидов оң қолын құлаштай тастап, Ваняны тағы да шалқасынан түсірді.
Дегенмен екінші орын да – керемет жетістік. Әлем біріншіліктерінен кейбір елдер қолаға қол жеткізгендеріне риза болып жүр. Олардың жанында бұл екеуінікі – зор жеңіс.
Екі қола
Қоржынға екі қоланы 56 келідегі Қайрат Ералиев пен 60 келідегі Берік Әбдірахманов салып берді. Бірақ жартылай финалда сүрінген бұларды да жеңілді дей алмайсың. Әлде финалға жолдама алып жатқан боксшыларымыз көп болып кетіп, төрешілер ең болмаса бір-екі боксшымызды осы жерден тоқтатайын деді ме? Не де болса, арыстанша арпалысқан жігіттерді жеңілді деуге аузымыз да бармайды.
...Катарда жолыққанша
Сонымен, төрт алтын, екі күміс, екі қоламен жалпыкомандалық есепте көш бастадық. Яғни Ресейді де, Кубаны да артта қалдырып, әлем боксының алды болдық. Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша АІВА әлем біріншілігінің үздіктерін марапаттап, Мырзағали Айтжанов – үздік бапкер, Данияр Елеусінов үздік боксшы атанды. Енді келесі додаларда осы межені ұстап тұруымыз қажет. Ал ендігі әлем чемпионаты 2015 жылы Катар елінде өтеді.