Қауіпті дәрілер құрсақтан алады
Бүгінде «аборт вирусы» асқынып тұр демеске амал кем. Құрсақтағы құндылығынан құтылу үшін жасы да, жасамысы да осы бір қауіпті отаға жүгінуге жүгіріп жүргендері. Елімізде жылына 150 мыңнан 300 мыңға дейін аборт жасалады екен. Сандар осылай «сайрайды». Ұлттың болашағына алаңдайтын адамды ұйқысынан шошытып оятатын қорқынышты цифрлар әрине. Мұндай көрсеткішпен еліміз басқа жағынан мақтана алмаса да, әлемнің алпауыт елдерін шаң қаптырып, Гран приді қанжығасына байлағалы қашан?! Тіпті артта қалған деп саналатын бірқатар елдер енді аз ғана жылдан кейін шаңымызға да ілесе алмай қалатын түрі бар.
Ең қорқыныштысы – болашақ аналарымыз – бүгінгі жас қыздар құрсағын қырнатып, абортқа жүгініп жүргені жүрегіңді ауыртады. Мысал керек пе, мархабат... Өткен жылы 15-18 жас аралығындағы қыздарға 241 түсік жасалыпты. Бесіктен белі шықпаған, қылығы түздегі қыздарымыздың тірлігі осы болып тұр бүгінде. Бұл жағдай ұлтымыздың төрдегі басын көрге сүйрейтіні анық енді... Бұл әңгіме бүгінде айтыла-айтыла тулақ болып кеткен түрі бар. Осы мәселеге қатысты түйінді тарқату әл-әзірге мүмкін еместей. Түсік жасату әйелдердің денсаулығына зиянын тигізе отырып, ұлттың тектік қорын бұзады деп дәрігерлер дабыл қаққалы қашан. Бірақ... сол баяғы бірақ... Қай дінді алып қарасақ та, түсік тастағандарды маңдайынан сипамайды. Турасын айтқанда адам өлтіру деп санап, оның тозақ отына өртенетінін, зауалы мол болатынын ескертеді. Алайда бүгінгісін ғана ойлап, ертеңгісін «көре жатармызға» жауып қоя салатын жаулықтыларымыз мұндай қауіпті қадамға барғанда мойнына адам қанын жүктеп отырғанын ескергісі де келмейді. Бүгінде әлемнің бірнеше елдерінде түсік жасауға тыйым салынған. Мұндай қадамға барғандарға үкім кесіп, заңмен қудалайды. Ал біздің елімізде аборт жасатып, адам өлтіруге барлық жағдай жасалған. Бағасы да қолжетімді. Қалтаны қақпайды. 7-8 мыңнан бастап, 10-15 мың теңгеге дейін барады. Мемлекеттік мекемелерден бастап, жеке клиникаларға дейін жатырдағы жаны бар дүниені құртуға рұқсат беріп қойған. Оған емшісымақ, бақсы-балгер, көріпкелдердің де айқайға қиқу қосатыны бар. Оларға, әрине, қазақтың қамы емес, қалтаның қоңы маңызды. Негізінде, дәрігерлер «абортқа тек ананың денсаулығы көтермейтін, баланы дүниеге әкеле алмайтындай жағдайда ғана алдыруға рұқсат етілуі тиіс» дейді.
Ал бізде... селтеңдеп жүріп сорлап қалған қыздар бетінен басып, бала тууға ұяла қалады. Төсек төңірегіндегі мәселелерді «беске» білетін қыздарымыз сақтану жолдарын білмей қалатыны таңғалдырады. Әрі бүгінде ақ төсекке адал боп бару деген үрдіс те сәннен қалып кеткелі қашан? Қырық үйден тыйым көрмеген қыздарымыз мектепте жүріп-ақ мама атанып, бала емізіп жүр. Тіпті болмағанда тым «ұялшақтары» бетінен басып, осы қадамға баруға мәжбүр. Оған түрлі жағдайлар көмек қолын созып отырғаны анық. Түріктің «сабын» сериалдарын сүйсіне көретін қаракөздеріміз көп бүгінде. Онда тәрбие беретін түгі жоғын түсінбейді де. Ата-анасының бетінен алып, төсіне шауып, бауырларын жауынан бетер жеккөрушілікке үндейтін, осы сериалдарда әр жігітпен бір жүріп, аяғы ауырлап қалатын, одан аборт жасата салатын көріністер көп. Тап бір көрнекі құрал іспетті, соқырға таяқ ұстатқандай бәрін үйретіп отыр. Осыны аңқау қыздарымыз қалыпты жағдайдай қабылдайтыны бар. Одан қалса, бүгінде әртүрлі шетелден келген қоғамдық ұйымдар мен қайырымдылық қорлары мектептерімізді төңіректеп жүр. Бекерге емес. Оқушыларға мүшеқапты қалай пайдалану керектігін, бала болдырмайтын дәрілерді қалай дұрыс пайдалану керектігін үйретеді. Оларды түре қуып шығуға қауқарымыз жоқ. Халықаралық дау туындап кетуі кәдік. Қарап тұрсақ, бәрі де, айналып келгенде, қазақты түп-тамырымен құрту үшін жаныға жұмыс істеп жатқандай көрінетіні бар. Оның үстіне, бүгінде Қытайдан ағылып келіп жатқан қауіпті дәрілер жығылған үстіне жұдырық болып тұр.. Бейресми статистикаға жүгінсек, өткен жылы аборт жасатуға аңсары ауған 170 қазақстандық әйел Қытайдан әкелінген күмәнді дәрілердің кесірінен аурухана төсегіне таңылған. Әупірімдеп ажалдан аман қалыпты, әйтеуір. Әсіресе «А» деп аталатын дәрісі іштегі шарананы түсірмек былай тұрсын, жатырды қоса шірітіп жібереді екен. Азаптанып ауырған әйелдер ауруханаға түскен соң, дәрігерлер ананың өзін аман алып қалу үшін, амал жоқ, жатырын алып тастауға мәжбүр болады. Бұл дегенің ұлтты тамырынан суалту демеске амал жоқ. Құрсағынан қоса айырылған ананың ұлттың өсіп-өркендеуіне үлес қоса алмайтындығы тағы анық. Соны дәріні ішпей тұрып неге ойланбады екен дейсің? Бірақ амал не? Кінәні бұлақтың басынан іздеген жөн сияқты. Жалпы, мұндай қауіпті де күмәнді дәрілер кеденнен қалай өткізіледі, кімдер әкеледі, соларды ұстап жазалау жағы кемшін. Нәтижесінде ұлтымыздың болашағына қауіп төніп, талай қаракөздеріміз қу тізесін құшақтап жүр. Құрсақтағы құйтақандай жан иесіне ғана емес, әйелдің өзіне де қауіпті мұндай дәрілер көше-көшеде, базарларда емін-еркін саудалануда. Дәл осындай қауіпті дәрілердің жолын кесудің құлақ күйін таба алмай келеміз. «Елімізге контрабандалық жолмен жеткізілетін дәрілердің көбейіп кетуі – фармацевтика саласында мемлекеттік қатаң бақылаудың жоқтығынан» дейді мамандар.
Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының директоры:
– Дәрі-дәрмекті дәріханалардан басқа жерде сатуға тыйым салу қажет. Арнайы мемлекеттік тізімге тіркелген, сапасы тексерілген, сертификат берілген дәрілерді ғана дәріханаларда сатуға қатаң бақылау керек. Елімізде сапасы күмәнді дәрілер оңды-солды сатылып жатыр. Оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Бақылауды қатаңдату қажет.
Қауіпті дәрілерді кеденнен алып өткендерді де, сатып жүргендерді де қылмыстық жауапкершілікке тарту – қиынның қиыны. Ұсталған күнде де аз-маз айыппұл төлеп құтылып кетіп жатады. Ең ауыр жазаның түрі бір жылға дейін шартты түрде бас бостандығынан айыру екен. Тым күлкілі емес пе? Мына жақта жатырынан айырылып, жылап жүрген бір жұрт, ал соған кінәлілерді бұзықтық жасаған баланы басынан сипағандай етіп босатып жібереді. Шетелден ағылған дәрі-дәрмектің бәрі де ең алдымен Алматыға келіп түседі. Одан еліміздің түкпір-түкпіріне таратылады. Міне, талайлардың көз жасын көлдетуіне себепші боп жүргендерді осыдан ұстау қиын ба? «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттер болмаса, жазалыны табу қиынға соқпас.
Там-тұм тарих
1913 жылы дәрігерлердің съезінде аборт жасатқан әйел мен оны жасаған дәрігерді қылмыстық жауапкершілікке тартпау туралы мәселе көтерілген болатын. В.И. Ленин 1920 жылы түсік жасатуға рұқсат ететін заңға қол қойды. Ал 1936 жылы қайтадан КСРО халқының санын көбейту мақсатында аборт жасауға тыйым салу туралы қаулы қабылданған болатын.