Мемлекет жыл басынан бері ауыл шаруашылығын дамыту үшін 500 млрд теңге бөлді. Бидай өсіру көрсеткіші бойынша әлемде бірінші орынға шықтық. Жан басына шаққанда, бір тоннадан асады. Соған қарамастан, соңғы жылдары өндірісте ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі төмендеп кетті. Сондықтан осы мәселелердің бәрін дер кезінде шешу қажет. Кеше Ақордада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне байланысты өткен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жайларды мәлімдеді.
«Жоспарға сәйкес, біз бүгін еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын қарастырамыз. Аграрлық салада Қазақстан әлем бойынша елеулі орынды иеленуі тиіс. Ол үшін көп жұмыс істеуіміз керек. Бұл – бірінші. Екіншіден, ауыл шаруашылығын экономиканың инновациялық салаларының бірі ретінде дамытуымыз қажет. Бұл – алдағы 10 жылдағы стратегиялық міндет», – деді кеңесті ашқан Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Президент ауыл шаруашылығы өнімдеріне берілетін субсидия мен экспорт көлемін ұлғайту қажеттігін атап көрсетті. «Біз аграрлық кешенді тұңғыш рет бірінші орынға қойып отырмыз. Бүгін осы мәселені талқылап, тиісті шешім қабылдаймыз», – деді ол.
Дегенмен соңғы жылдары елімізде азық-түлік қауіпсіздігі айтарлықтай нығайып келеді. Соған қарамастан, импортқа деген тәуелділіктен құтылмай келеміз. Оны ауыл шарушылығы министрі Ақылбек Күрішбаев та мойындап отыр. Оның айтуынша, ішкі нарықтағы сұранысты майлы дақылдар – 75 пайызға, ал қант қызылшасы, бар болғаны 6 пайызға ғана қамтамасыз етеді екен. «Біз сүт өнімдерінің – 40 пайызын, ет өнімдерінің – 29 пайызын, сондай-ақ жеміс-жидек, көкөніс өнімдерінің 43 пайызға жуығын сырттан әкелеміз. Ал құс еті бойынша импортқа толық тәуелдіміз деп айтуға болады. Бүгінгі таңда осы өнімнің 67 пайызын сырттан тасудамыз», – деді ол. Алайда министрдің айтуынша, мұның бәрі уақытша ғана. «Ең алдымен, бізде өңдеуші кәсіпорындарға қажетті сапалы шикізат жоқ. Екіншіден, өңдеуші кәсіпорындарды бәсекелестер деңгейіне дейін көтеру қажет. Қазір Үкімет осы екі міндет бойынша жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты «ҚазАгро» холдингі сүт фермалары мен мал бордақылау алаңдарын салу, тамшылатып суару және көкөніс шаруашылығын дамыту жобаларын жүзеге асыруда. Жылыжайларда ерте пісетін көкөністер өсіріледі. Демек, біз елімізді ерте пісетін көкөністермен және қайта өңдейтін шикізатпен қамтамасыз ету мәселелерін шеше аламыз деген сөз» деген ол сыртқы нарыққа тәуелді салалардың барлығы қайта қаралатынын айтты. «Оларға баса назар аударылады. Ауыл шаруашылығындағы тұтыну нормаларына сәйкес, алдағы уақытта ішкі сұраныс азық-түлік, бидаймен, күрішпен, жарма дақылдарымен, бау-бақша өнімдерімен, картоппен, ет-сүт және жұмыртқамен толық қамтамасыз етіледі», – деді А.Күрішбаев. Ол үшін алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау механизмін өзгерту керек екен. Осылай деген министр субсидия бұрынғыдай 1 келі ет немесе 1 литр сүтке берілмейтінін, керісінше, енді қайта өңделетін салаға бағытталатын ет пен сүт өнімдері ғана субсидияланатынын мәлім етті.
Сонымен қатар ол сырттан келетін азық-түлік тағамдарына салынатын кедендік баж салығының да көбейтілетінін айтты. «Еліміз кедендік-тарифтік саясатты реттеу жөнінде қажетті шараларды қабылдап жатыр. Негізгі азық-түлік тағамдары бойынша техникалық регламент енгізіледі. Осылайша біз ішкі рынокты реттеп, оны импорттан қорғайтын боламыз», – деді министр.
Кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, соның ішінде ең осал саламыздың бірі – қайта өңдейтін кәсіпорындарды дамыту туралы ауыл шаруашылығы министрінің алдына нақты міндеттер қойды. «Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында «ҚазАгро» холдингіне бөлінген қаржыны дұрыс ұқсату, жерді және суды тиімді пайдалану тапсырылған. Осы шаралардың арқасында біз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін ұлғайта аламыз», – деді Мемлекет басшысы.
Қауіпсіздік кеңесі ауылды алғы шепке шығарды
Последние статьи автора