Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың неге "Спутник V" вакцинасын салдырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Азаматтарымыз әлеуметтік желілерде Мемлекет басшысының бұған дейін қазақстандық вакцина салдырамын деп, бірақ оны күтпей, "Спутник-V"екпесін алғаны жөнінде сұрақтар қоюда.
Президенттің әрқашан да отандық өнімді қолдайтынын сенімді түрде айта аламын. Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыда шығарылған вакцинаны салдырды және біздің ғалымдарға толық сенеді. Қазақстандық вакцина өндірісі іске қосылғаннан кейін Мемлекет басшысы Жамбыл облысына барып, кәсіпорынның жұмысымен арнайы танысуды жоспарлап отыр. Президент келесі жолы коронавирусқа қарсы отандық екпені салдыруға ниетті", - деп түсірдірді Тоқаевтың баспасөз хатшысы
Берік Уәли президенттің коронавирусқа қарсы күресте халықты жаппай вакцинациялаудан басқа балама жоқ екеніне сенімді екенін атап өтті.
Еске салайық, 6 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев "Спутник V" вакцинасын алды. Бұған дейін президент отандық вакцинаны салдыратынын айтқан еді. Сондықтан қазақстандықтар неге "Спутник V" вакцинасын таңдағанын сұрады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мемлекет басшысы салдырған "Спутник V" вакцинасы Қазақстанда өндірілгенін мәлімдеді.
"Ол Қазақстанда жасалған. Иә, субстанция Ресейде жасалған, бірақ ол Қазақстанда өндіріледі. Барлық жерде: орам материалында да, зауыттың өзінде де бұл вакцина Қазақстанда өндірілген деп жазылған", - деді ол.