Бүгінде қазақтың қарияларынан қадір кетіп тұр. Бейнетінің зейнетін көріп, төрде отырып ақыл айтар шақта ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтындар көбейді. Немерелерінің маңдайынан бір иіскей алмай, қаншама жан өмірден өтіп те жатыр. Жыл өткен сайын Қазақстанда қарияларға арналған интернат-үйлердің саны көбейіп келеді, демек, сұраныс артып отыр. Өзге жетістіктерімізбен мақтансақ та, бұл мақтанатындай көрсеткіш емес, әрине.
«Қарттар үйі, жетімдер интернаты» деген ұғымдар қазақ қоғамы үшін жат еді. «Жаман әдет жұққыш келеді» демекші, батыстан бастау алған бұл үрдіс бізге де келіп жетті. Өткен ғасырдың 50-60-жылдары еңбекке жарамсыз, қамқорсыз қалған жандарға арналып салына бастаған болатын. Жыл өте келе, бұл үйлерге бала-шағасына керексіз болып қалған қариялар да алына бастады. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақ қазір сол жаққа ақ сақалды аталары мен ақ жаулықты аналарын ойланбастан апарып өткізіп жатыр.
Соңғы дерек бойынша, елімізде қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлердің саны 87-ге жеткен екен. Отыз мыңдай адам амалсыздан осы үйлерде тұрып жатыр. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде екі бірдей интернат жұмыс істеп тұр. Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында қарттар үйлерінің саны өзге өңірлерге қарағанда көп шоғырланған.
Қызылжар өңіріндегі қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов интернат-үйі 1971 жылы құрылған болатын. Қырық жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда ұзын саны 360 адам тұрып жатыр. Бұрындары қарттар үйіндегі қазақтар саусақпен санарлықтай ғана болатын, соңғы жылдары ондағы ата-әже қатарлары қалыңдап келе жатқаны байқалуда. Бүгінде мұндағы қаракөздеріміздің саны 40-қа жақындап қалыпты.
Еркін ЖАҚЫПОВ, қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов интернат-үйінің директоры:
– Қариялар үйіне әртүрлі адамдар келеді. Араларында қазақтар да көп. Бүгінде мұндағылардың ең кәрісі – 115 жасқа келген Күлшара апамыз. Интернатқа келушілердің көбі ішімдікке салынғандар. Мұнда келген соң жаман әдетін қоймайтындар да бар. Көбінің бала-шағасы, жақын туыс-туғандары бар. Бірақ олар намыстанып, жасырып қалуға тырысады. Ай сайын зейнетақыларын алатын кезде ұялмай келіп тұратын балаларды да көріп жүрміз.
Қарттар үйіне келушілердің артуының көп себептерінің бірі – ішімдікке салынушылық. Биыл жетінші жыл қатарынан қарттар үйінде қыстап жатқан Көшербай Төрежанов та «арақ қазақтың түбіне жетеді» деген пікірде. Мұндағы қариялардың барлық шығыны мемлекет есебінен төленетіндіктен, зейнетақылары мен жәрдемақыларын өздері алып, қалауларынша жұмсайды екен. Сондықтан әлі күнге дейін жаман әдеттен арыла алмай жүргендер баршылық.
Көшербай ТӨРЕЖАНОВ, қарттар үйінің тұрғыны:
– Барлық бәленің басында осы арақ тұрады. Күнде мас болып жүрген жанды қай келін сыйдырсын? Қарттар үйіне келіп жатқандардың көбі сол ішіп кеткендер. Екіншіден, әкем марқұм «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп отырушы еді. Баланы дұрыс тәрбиелемеудің кесірі осындай болады. Менің жағдайым сәл басқаша, жалғыз ұлдан айырылған соң, туыстарға масыл болмайын деп осында өзім келдім. Бір байқағаным, бауырлардан гөрі қарындастың жаны қатты ашиды екен. Алып кеткісі келеді, бірақ қолы қысқа.
Қарттар үйінің көбеюі – қауіпті құбылыс. Бұлай жалғаса берсе әке-шешені қартайған соң интернатқа апарып өткізе салу жалпылама сипат алып кетуі де мүмкін. Ал жауып тастауға тағы болмайды. Себебі тағдыр тәлкегіне түскендер үшін бұл интернаттан басқа барар жер, басар тау жоқ. Көбі жалғыздықтың кесірінен далада көмусіз қалудан қорқады.
Қайыргелді СЫЗДЫҚОВ, қарттар үйінің тұрғыны:
– Жас кезімде талай қызмет істедім, совхозда қойма меңгерушісі де болдым. Кейін ауырып, 1979 жылдан бері екінші топтағы мүгедекпін. Әйелім тастап кетті, жалғыз қызым қайтыс болды. Осылай жүре берсем, бір жерде үсіп өліп қалуым да мүмкін еді. Сондықтан қарттар үйіне келдім. Екінші өмірім басталғандай. Мұнда барлық жағдайымызды жасап қойған. Қарын тоқ, уайым жоқ.
Смирнов қарттар үйінің басшысы Еркін Айдарбекұлы «Қайыргелді ағай жақында үйленіп қалуы мүмкін» дейді қалжыңдап. Оның айтуынша, қарттар үйіне түскен соң көңіл қосып жататындар да көп екен. Оларға жеке бөлме де беріледі.
Интернатта керек-жарақтың бәрі бар, көңілдерін аулау үшін ара-тұра концерттер де қойылып тұрады екен. Бірақ өз үйіне қайдан жетсін. Көбінің арманы – немерелерінің маңдайынан иіскеу, қолдарына алып еркелету. Өкінішке қарай, бұл арманға жетіп жатқандар некен-саяқ. Тек бір жылдың ішінде Смирнов интернатының өзінде 60-70 адам о дүниеге аттанады екен.
Түйін
Жыл сайын елімізде ондаған-жүздеген балабақшалар салынып жатыр. Ата-ана жұмысбастылықтың кесірінен балаларын осы балабақшаларға тапсыруда. Ал әке-шешенің махаббатын сезінбей балабақшада өскен бала ертең туғандарын дәл солай қарттар үйіне өткізбесіне кім кепіл?
Маман пікірі
Нұргүл РАХМЕТОВА, психолог:
– Ғалымдардың зерттеуінше, кішкентай нәресте ана жылуын сезінуі үшін күніне 75 рет сәбиді қолға алу керек екен. Сәл есейе келе бала ата-ананың өзіне деген ықыласын тіпті қажет етеді. Негізгі тәрбие ошағы – отбасы, ал балабақша мен мектеп қосымша тәрбие құралдары екенін ұмытпаған жөн. Өкінішке қарай, бүгінде отбасындағы тәрбие әлсіреп, бәрін балабақша мен мектепке артып қойдық. Бала көргенін істейді, ата-анасы қандай болса, ол да сондай. Демек, қарттар үйіне ата-аналарын апарып тастап жатқандар отбасында дұрыс тәрбие көрмегендер деп айтуға толық негіз бар.