Кеңестік саясаттың салдарынан ойранды отызыншы жылдары дін өкілі болғаны үшін түрме азабын тартқандарға қатысты жинақ Қарағандыда жарық көрді. Авторы – Ибрагим Ислямов, Долинкадағы саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған мұражай қызметкері. Ол бір кітапта Қарағандыдағы ГУЛаг бөлімінде азап шеккен мұсылмандар, православтар, католиктер, протестанттар және иудейлер туралы мәліметтерді топтастырған. Кітап «Қарлаг тұтқынында болған діни қызметшілер» деп аталады.
Мұндай сауапты іске мұрындық болып отырған – Қарағанды «Болашақ» университеті. Кітапта діни ұстанымы үшін сотталғандардың тізімі, олар туралы деректер келтірілген.
Кітаптағы деректерге жүгінсек, НКВД мәліметтерінде 1940 жылы Қарлагта діни сенімі үшін 355 адам жапа шегіпті. Оның көпшілігі атылған. Кітап авторы Ибрагим Ислямов жұмыс барысында «Путевка» және «Жаңа жол» лагерь газеттерін, мұрағаттарын зерттеген екен. Сондай-ақ көзі тірі куәгерлермен кездескен.
Ибрагим ИСЛЯМОВ, автор:
– Ислам туралы тарауда мен Темешәлі және Күмісбек молда туралы көп тоқталдым. Бұл кісілер өте сауатты болған, бірнеше тіл білген. Темешәлімен таныс болғанмын. Діннен бас тартқызу үшін ол түрмеде қандай қорлық көргендерін айтып берді. Наным-сенімінен бас тартқыздырту үшін аштан қатырып, ұрып-соққандарын, дін қызметшілерін азаптауға НКВД қандықол қылмыскерлерді жіберетіндігін айтты. Қарлагтың Самарадағы бөлімшесінде Уар Шмарин, Липецкийдің епископын сондай қылмыскер ұрып-соғып өлтірген.
Автор мұндай мысалдарды көптеп келтіреді. Протоиерей Крылов тоналып, айдалада үсіп өлген. Түрмедегі қылмыскерлердің қиянатына төзбеген иерей Гайдай түрмеден қашпақ болған. Бірақ ұсталып, атылған. Кеңес үкіметінің қанды қасабына айналған Қарлагтың қанды парақтары туралы кітапта осындай ақиқаттар айтылады.
Кітаптың тұсаукесеріне Қарағанды облысындағы түрлі конфессия мен мәдени орталық өкілдері де қатысты. Олар бұл тарих бір кітаппен шектелмеуі тиіс, діни қызметшілер туралы әлі де жазылуы керек деп отыр. «Видергебурт» неміс мәдени орталығының жетекшісі Виктор Кист кітапта жапа шеккендер туралы тарихи құжаттар арқылы аты-жөні толық айтылатындығына назар аудара келе, «Неге жазықсыздарды атқан, жазалаған адамдардың есімі белгілі болмайды?» – дейді.
Виктор КИСТ, «Видергебурт» неміс мәдени орталығының жетекшісі:
– Жақында Германияның билігі 92 жастағы фашисті алып шықты. Ол мүгедек арбасына таңылған екен. Бірақ сонда да оны соттап жатыр. Ал бізде ше? Егер біз демократияшыл және жариялылықты ұстанғанбыз десек, олардың да аты-жөндері айтылуы тиіс.
Мәдени орталықтың жетекшісі азапкерлердің аты-жөнін білетін уақыт жетті деп санайды.
Қарлаг қанды қасабындағы діни қызметшілер туралы кітап
Последние статьи автора