Кеше Алматыдағы орталық мешітте Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран жарысы өтті. Республика көлеміндегі медресе шәкірттерінің арасында мұндай рухани байқау тұңғыш рет қолға алынып отыр.
Бір қуанарлығы, соңғы жылдары исламның маңызын ұғып, медреседе білім алуға талпынып жүрген жеткіншектердің қатары күн санап артып отыр. Қазір республика бойынша барлығы жеті медресе бар. Олардың әрқайсысында 25-30 шәкірттен тәлім алып жатыр. Соңғы медресе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылды. Құран жарысына сол жеті оқу ошағынан іріктеліп алынған 23 қари қатысты. Ал байқауға мұсылмандар бірлестігінің төрағасы, Бас мүфти Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, төраға орынбасары Шейх Мұхаммед Хусейн, Нұр-Мүбәрак ислам университетінің Құранды жатқа оқу жағынан жауапты ұстазы, доктор Жунди, Алматы орталық мешітінің қарилары Жұманазар Садырханов және Данияр Жұмабаев төрелік етті. Бас төреші Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысушыларға сәттілік тілеп, осынау айтулы мерекелерімен құттықтады. Оның айтуынша, бұл байқаудың басты мақсаты – жастардың білім деңгейін анықтау, оларға болашаққа бағыт-бағдар беру. «Қазір елімізде имамдардың саны жеткіліксіз. Сондықтан осы салада көптеп маман дайындауымыз қажет. Сонымен бірге біздің имамдарымыз тек ислам шарттарын ғана емес, экономика, тарих, мәдениет ілімдерін де терең меңгеруі қажет», – деді Бас мүфти. Жарыс төрт шарт бойынша өтті. Онда қатысушылар Құранның 30 пара,10 пара, 30-парасы бойынша және Құранды мәнерлеп оқу бойынша жарысқа түсті. Қазылардың берген бағасы бойынша барлық қатысушы да мықты дайындықпен келген. Жыл сайын мұсылман елдерінде Қасиетті рамазан айында Құран оқудан мемлекетаралық жарыс өтеді. Енді осы байқаудан дара келгендер сол жарысқа қатысуға мүмкіндік алады.