Есептің жоқтығы дейміз бе, кейбіреулердің көмейінің кеңдігі дейміз бе, осы уақытқа дейін қаншама тонналаған дүниеміз шекара асып кетті. Бұл түрлі металға қатысты. Әу баста мыс мықты бағаға өтеді екен дестік. Үйдегі жарамай қалған ескі-құсқы техниканың ішін ақтарып-төңкеріп жүріп кәдеге жарайтын мысты қабылдау орындарына өткіздік. Одан темірге шықтық. О бастағы келісіне 10 теңге төленетін. Содан майда-шүйдеден бастап, металоломға айналған тракторымызға дейін қара темір қабылдайтындарға өткізіп демімізді бір алдық. Бүгінде іске татыр қара темір де қалмады-ау, шамасы.
Сонда «темір біткенге жаудай тидірген не?» деген сабаудай сауал туындайды. Өзімізге де қажет дүниенің вагондап көрші елдерге жөнелткенде ұтқанымыз қане? Ал темір өндіру ісі ілгері жылжуға құлықсыз тасбақадай тасбауырлап жатып алғалы қашан?.. Бүгінде дүниежүзілік экономиканың көтерілуі мен металл өнімдеріне сұраныстың өсуі оның бағасының айға ақырып тұруына әкеп соқтырды. Әсіресе Қытайда 2003 жылдары экономикасының өсуі 9 пайызға, ал темір тұтыну 34 пайызға өсті. Индияда және басқа Азия елдерінде металл салалары үшін дүниежүзілік бағасының елеулі өсуіне әкеп соқтырды. Металл өнімдері бағасының өсуінің тағы да бір себебі – теңіз тасымалдары тарифінің қарқынды түрде өсуі мен темір рудалық шикізатқа босату бағасының көтерілуінен болды. Бағаның шарықтап кетуі шикізаттың маңызды бір түрі – қара металл сынықтарына да қатысты. Қара металл сынықтарының нарығы 2003 жылдан бастап бір емес, бірнеше мәрте бағаның тұрақсыздығын басынан өткізді. Әрине, төмендеу емес, қымбаттауын. Бүгінде қара темір сынықтары нарығында оның бағасы тоннасына 300 доллардан келеді. Осы салада нәпақасын тауып жүрген мамандардың уәжіне құлақ түрсек, келешекте қара металл сынықтарының жетіспеушілігіне байланысты бірқатар проблемалар туындайтын көрінеді. Әлемдік металлургия үшін шикізаттың осы түріне сұраныс төмендеген емес. Қара металл құнының көтерілуіне АҚШ валютасының әлсіреуінің де әсері бар... «Әжетке жарамайды» деп лақтырып тастаған қара темірімізді Қытай қорытып, қайта өңдеп, түрлі материалдар шығарып, осылайша өз бидайымызды өзімізге қуырып беріп отыр.
Бейресми мәліметтерге сәйкес, айдаһар елі әр елден тиынға сатып алған темірлерден 50 жылға жететін қор жинап тастаған деген дерек бар. Демек, жақын болашақта олардың мұртын балта шаппайды деген сөз... Қара темірдің бүгінде қара базардағы нарқы арзан емес. Оған дәл осы қара темір бизнесінің өркендеуі әсер етіп отыр. Бүгінде қала орталықтарында «Темір қабылдаймыз» деп жазып қойып, нанын айырып отырғандар көп. Оларға ұрланған дүние ме, кәріз қақпағы ма, бәрібір қабылдай береді. Соның салдарынан түрлі ұсақ ұрлықтардан бастап, ауыр қылмыстарға дейін өршіп барады. Тамырлап кеткен қара темір саудасының қанатын кеңге жайғаны соншалық – алыс ауылдарға дейін барып болды. Кезінде колхоз, совхоздардың гараждарында керексіз болып үйіліп жатқан темір қалдықтарын тиын-тебенге саудалады. Бұрын үйдің ауласында қараусыз жататын көсеуге дейін қарауыл қоятын дәрежеге жеттік. Еліміз бойынша сауда-саттықтың жабайы түрімен қанша нүктенің айналысатындығы статистиктердің санағына енбей қалыпты. Әйтеуір, тексергіштердің құрығынан ада әзірге. Тексеру жүре қалған жағдайда өзінің өкіметке салық төлейтінін айтып құтылады. Осыған қарап жуық арада темір қабылдағыштардың басынан күн өтіп, маңдайына жел тимейтіні анық. Тиісті органдарға сұрау салғанымызда, «бүгінде қара темір қабылдайтын орындардың басым бөлігі жабылған. Тек заңға сәйкес тіркелгендері ғана жұмыс істеп тұр. Өткен жылы Сарыағаш ауданында ӘҚБтК-нің 357-1 бабы 1-бөлігімен арнайы лицензиясыз қара темір қабылдау пунктін ашып, қара темір қалдықтарын қабылдап, кәсіпкерлік қызметпен айналысқандарға қатысты төрт әкімшілік іс қаралған. Осы іс бойынша 1 тонна қара темір қалдықтары мемлекет пайдасына тәркіленуі тиіс болған. Алайда «мемлекет пайдасына алынбаған» деген жауапқа қанықтық.
Қара темір тапшылық тудырып отыр
Шымкенттегі индустрияландыру аймағында орналасқан Ferrum vtor өндіріс орны темір қалдықтарын балқытып, құрылысқа аса қажетті өнім өндіреді. Толық қуатында жұмыс істей бастағанына жетінші жылға аяқ басып келеді. Бүгінде құрылыс саласы аса ауқымды сұраныс тудырып отырған арматураның түрлі қалыңдықтағы түрлерін шығарады. Өндірілген өнімнің қоймада тау болып үйіліп жатқан кезі жоқ. Аларман мен арадағы келісімнің, одан қалса сұраныстың аса ауқымдылығына байланысты өтімділігі тез. Ішкі нарықтағы сұранысты толық қанағаттандырудан бөлек, шетелге шығарумен де айналысады. Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарынан бөлек, Түрікменстан, Ауғанстан елдеріне экспорттайды.
Кәдірбек ЖӨҢКЕБАЙҰЛЫ, «Ferrum vtor» ЖШС-нің бас технологі:
– Күннен-күнге сұраныс артып келеді. Бір тәулікте 160-200 тоннаға дейін өнім шығарамыз. Зауыттың жылдық қуаты 60 мың тоннадан асады. Жобасы дайын тұрған 10 тонналық екі пешіміз іске қосылатын болса, онда өндіріс қуаты артатыны сөзсіз. Онда жылдық қуатымыз 100 мың тоннаға артар еді.
Нарықтағы аса сұранысқа ие өнім өндіріп отырған кәсіпорынның проблемалары да жоқ емес. Ол – кәсіби мамандардың аздығы. Жастардың бейнеті ауыр жұмыстан қашып, мұнда жоламайтындығы қынжылтады. Металлургия саласы бойынша оқыған мамандар ауадай қажет мұнда... Екінші проблема қара – темірдің қалдықтары осы өндіріске аса қажет болып отыр. Бүгінгі таңда зауыт қажетті темір қалдықтарын көрші облыстардан және Ресейден, Белоруссиядан сатып алуда. Темірдің бір тоннасын 34-35 мың теңгеге сатып алады. Ал жекелеген азаматтардың әкеліп өткізуі өте аз. Әрине, шетел асып кеткен темірдің «төркінінде қалған туыстары» жоқ та шығар бүгінде. Қоржын түбінде қалған құтқаны болса да ауадай қажеттілігі туып отыр. Осылайша өз қолымызбен шетелге «ұзатып» жіберген дүниенің құны артып отырған жайы бар. Мамандар болса «темір қабылдайтын бөлімдерді жабу керек» деп есептейді.
Мағжан ЕЛЕУБАЕВ, инженер:
– Отандық өнім өндіруді молайту қажет дейді. Ендеше, өзімізде өндірілетін өнімге жағдай жасау қажет. Темір қабылдайтын бөлімшелерді жауып, оның орнына зауытта қабылдайтын орын ашсақ ұтарымыз көп. Әрине, темір қабылдайтындар шетелге асырады. Одан да өзіміздің кәдемізге жаратқанымыз дұрыс емес пе? Оларды зауытқа әкеп өткізетіндей мәжбүрлік тудыру қажет.
Қара темірді Қытай асырып, қисық шегеге зар болдық
Последние статьи автора