Қақаған қыста қияр пісті
Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданының Дайыр ауылында қыс ортасында қияр пісті. Сарышұнақ аязда ауылдағы жылыжайда піскен қияр бүгінде мектеп асханасындағы ақ дастарқанның сәніне айналып үлгерді.
Зайсан ауданы әкімінің баспасөз орталығынан хабарлағандай, былтыр күзде Дайырдағы Мүкәрама атындағы орта мектептің жылу қазандығының дәл іргесінен жылыжай құрылысы қолға алынған. Бірақ ауылдықтар бұған пәлендей мән де бермепті. Бұлай ететін жөні де бар. Біреулер жылыжай жайлы естігенімен, көзбен көрмегендер қаншама! Тіпті оны салу жөніндегі игі іс бұрын-соңды қолға алынып көрмепті де бұл жерде.
Алайда нәтижесі жаман болған жоқ. Былтыр дәл осы уақытта шағын жылыжай іші жап-жасыл болып жайқалып тұрды. Ол кезде береке-бірлігі жарасқан ұжым мүшелері әрқайсысы 100 түптен қияр мен қызанақ тұқымдарын еккен. Солардың әрбіреуін қылтиып шыққан сәтінен ерекше күтіммен баптаған. Алғашқы өнім шалқам болса, артынша ауылдықтар қияр мен қызанақтың дәмін татыпты.
Биыл да сол үрдіс жалғасын тауып, Мүкәрама орта мектебінің жанында салынған жылыжайда екінші жыл көкөніс түрлері жемісін беріп жатыр. Бүгінгі күні жапырақтары жайқалған көкөністерден алғашқы болып қияр өнім берді. «Бұл істің басы-қасында жүрген биология пәні мамандары мен жылыжай тіршілігіне жауапты адамдардың атқарған істері өз нәтижесін көрсетіп отыр» дейді баспасөз орталығындағылар. Қарапайым тәсілмен жүзеге асырылған жылыжайдың ішінде қалыпты жылылық сақталған. Айтуларынша, өнімнің сапасы жақсы, дәмі тіл үйіреді. Бұл шаруа аудан жұртшылығына қаһарлы қыс айларында да амалын тауып, ерінбей еңбектенсе, көкөністің түр-түрін өсіруге болатынын дәлелдеген игілікті іс екендігімен ерекшеленбек.