Қаңтар оқиғасы. Фейк ақпарат таратқан бір адам қамауға алынды
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов «қасіретті қаңтар» оқиғасы бойынша ресми мәлімдеме жасады.
Атқарылатын жұмыс ауқымы өте көп. Сол үшін тергеу нәтижелерін күтіп, сабыр-сақтау қажет. Тергеу амалдарының, сараптамалардың нәтижелері негізінде ғана әр күдіктінің іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Кінәнің бар-жоғы, жазаның мөлшерлері туралы шешімді тек сот қабылдайды, - деп айтты Елдос Қилымжанов.
Ол қазақстандықтарды жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, тек ресми мәліметтерге сенуге және жалған ақпараттарды таратпауға шақырды.
Қазіргі таңда жалған, фейк ақпарттарды тарату деректері анықталып жатыр. Жалған ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертемін. Қазіргі уақытта осындай фактілер бойынша 10 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Олар бойынша 3 жалған ақпарат таратушы анықталып, оның біреуі қамауға алынды, ал екеуі үйқамақта отыр, - деп түсіндірді Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.
Ол өз сөзін қорытындылай келе Прокуратура және құқық қорғау органдары қылмыстардың толық тергелуін, заң нормаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етіп жатқанын айтты.
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА