Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың өзі мән бере бермейтін қаназдық (анемия) дерті тікелей ауру болып табылмаса да, көптеген кеселдердің алғышарты екені баршаға аян. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының критерийі бойынша қаназдық көрсеткіші 40% деңгейден асып кетсе, елдегі жағдай аса қауіпті деген сөз.
Қазақстанда шамамен 6,5 миллионға жуық адам (41%) қаназдық ауруымен ауырады екен. Әсіресе, бүгінде бала туатын жастағы қыз-келіншектердің 45%-ы, жүкті келіншектердің 80%-ы аталмыш кеселге шалдыққан. Бұл дегеніміз, осы дерттің алдын алу жолында қажетті шараларды қабылдаудың уақыты әлдеқашан келгенін хабарласа керек. Қаназдық – қандағы гемоглобиндердің шоғырлануының төмендеуі тән болып табылатын клинико-гематологиялық синдромдардың тобы. Әдетте жүкті келіншектер мен жас балаларда теміржетіспеушілік салдарынан болатын қаназдық жиі таралған. Әрине, ана мен бала денсаулығына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, 2005 жылдан бастап жүкті келіншектерге құрамында темір және йод бар дәрі-дәрмектер тегін беріледі. Сонымен қатар йод жетіспеушілігіне байланысты туындайтын аурулардың алдын алу туралы және ұн өнімдерін темір препараттарымен, дәрумендермен байыту туралы» қабылданған заңдар жөнінде де айтпай кетпеске болмас. Десек те, бұл шаралар аталмыш кеселді түбегейлі жоймақ түгіл, көрсеткіштерді жақсарту жолында да айтарлықтай өзгеріске алып келмей тұр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аталмыш мәселені жеңу жолында еңбектеніп жатқан ұйымдар да аз емес. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік салаларға балалардың қолжетімділігін кеңейту және келісілген ақшалай жәрдемақылар бағдарламасын жүзеге асыру арқылы қазақстандық отбасыларға тең мүмкіндіктер жасауды көздейтін «БОТА» қоғамдық қоры жүкті және бала емізіп жүрген аналар арасындағы қаназдық деңгейін төмендету мақсатында белсенді жұмыс істеп жатқанын айтқан жөн. Келісілген ақшалай жәрдемақылар бағдарламасы аясында қаназдық анықталған жүкті және бала емізетін аналарға ай сайын ақшалай жәрдемақы беріп, оларды тұрақты түрде дәрігерлерге қаралып, өз денсаулығына ерекше мән бөлуге ынталандырады. Бір айта кететіні, бұл жәрдемақы алудың бірден-бір шарты болып табылады. Қазіргі уақытта бағдарлама тек Қызылорда және Ақмола облыстарында жұмыс істеп жатыр. Өкінішке қарай, қаназдыққа салғырт қарап, уақытша «кесел» ретінде қабылдайтын жандардың саны азаяр емес. Әсіресе, жүкті келіншектердің өзі жетінші айында дәрігерге алғаш рет келіп тексерілетін жайлар көп кездеседі.
Қаназдық қазақтың трагедиясына айналып барады
Последние статьи автора