Түркістан облысы Ордабасы ауданының 14 мың тұрғыны бірнеше жылдан бері сусыз өмір сүріп келеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, демалыс орнының иесі өзен ағысын өзгертіп, оларды сусыз қалдырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Отырар” арнасына сілтеме жасап.
"Міне, коттедждер, көріп тұрсыздар ғой. Бұған дейін өзенде балық болған. Енді бассейндер салып тастады. Ал мына адамдар шомылатын су біздің ауылдарға барады. Сол суды ішеміз. Шарасыз күйдеміз", – дейді Қайнар ауылының тұрғыны Данияр Қалтаев.
Ауыл тұрғындары мәселені шешуге тырысып, кәсіпкерді бірнеше рет кездесуге шақырғанымен, ол халықтың үніне құлақ аспаған көрінеді.
"Бұл кәсіпкер бізді адам деп отырған жоқ. Біз тіпті мал баға алмай отырмыз. Өзендегі су кейде қызыл болады. Неге олай, біртүрлі. Сол үшін де балалар шомыла алмайды. Өйткені суға қан араласып кеткен. Өз көзіммен көрдім, балалар суға түсе алмай, үйлеріне қайтты", – дейді тұрғындардың бірі.
Судың жетіспеушілігінен фермерлер де зардап шегуде. Теспе ауылының тұрғыны Қайырбек Жантөре 30 жыл бойы қарбыз бен қауын өсірумен айналысқан. Алайда ол соңғы бірнеше жыл табыс көзінен айырылған. Айтуынша, судың жоқтығынан жері қаңырап бос жатыр.
"Тек қана шаң. Бұл не сұмдық? Шаңнан басқа ештеңе жоқ. Құрғақшылықтан шөп те өспейді. Су жоқ. Тіпті жауынды күндері ештеңе шықпайды", – дейді Қайырбек Жантөре.
Бөріжар ауылдық округі әкімінің айтуынша, кәсіпкер өзен ағысын заңсыз өзгерткен.
"Арал – Сырдария инспекциясына ресми хат жолдадық, олар кәсіпкердің өзен арнасын ауыстыруға құқығы жоқ екенін айтты. Оларға ескерттік. Қандай шара қолданатынын біз әзірге білмейміз. Оны облыс әкімдігімен шешу керек", – дейді Бөріжар ауылдық округінің әкімі Серғали Құлымбетов.
Демалыс орны орналасқан жер құжат бойынша Шымкент қаласына қарайды. Мәселені шешу үшін облыс әкімдігі қала әкімдігіне хат жолдаған. Ал кәсіпкердің өзінен жауап алу мүмкін болмады. Есесіне демалыс орнының күзетшісі елдің бұйымтайын оған жеткізуге уәде берді.
"Қазір курорт директорына хабарласамын. Егер ол рұқсат етсе, бір арнаны ауыстырамыз. Келіседі деп үміттенемін. Сонша халық жиналды ғой", – дейді күзетші Мақсат Дүйсеев. Ал Ордабасы ауданының тұрғындары ұзақ уақыт күтпейтіндерін айтты. Мәселе жуық арада шешілмесе, олар елордаға шығуға ниеттеніп отыр.