Қазақстанның қайырымдылық қорлары жұмысының есебін топтастыратын интернет ресурс пайда болды. Жұмыс нәтижелерін жұртқа паш еткен ұйымдар «Мен адалмын» төсбелгілеріне ие болды. Қоғамға адал қызмет етіп жүрген бірнеше қор көлемді қаржылай көмекке қол жеткізе алады.
Қазақстанда үшінші рет «Қазақстандағы қайырымдылық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Бауыржан» және «Алтын қыран» қайырымдылық қорлары ұйымдастырған жиынның биылғы тақырыбы – «Қазақстанның қайырымдылық қорларының тиімділігі мен ашықтығы». ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, елімізде 9092 үкіметтік емес ұйым бар. Олардың 2067-сі Алматы қаласында орталықтандырылған. Тіркелген ұйымдардың негізгі міндеттері – қоғамдық маңызы бар жұмыстарды атқару. Ал филантропия саласындағы мәселелерді талқылап, шешімін табатын пікірталас алаңы әзірше елімізде жалғыз, ол – жыл сайын өтетін осы конференция. Бұл жолғы басқосу жылдағыдан біршама өзгеше болды. «Бауыржан» қайырымдылық қорының директоры Жұлдыз Омарбекованың айтуынша, коммерциялық немесе қоғамдық қор болып тіркелетіндер саны күн санап өсуде. Бірақ жартысынан көбінің қоғамға пайдасы жоқ. Қаржының қайдан келіп, қайда кеткені жайлы есеп те берілмейді. Үкіметтік емес ұйымдардың ашықтығы мен адалдығын айшықтау мақсатында жаңа ғаламтор парағы ашылды. Биылғы басқосудағы басты өзгешелік пен жаңалық та – осы. Енді тіркеуде тұрған ұйымдар жұмыс нәтижелері мен есептерін ғаламтор бетіне жария ете алады. Есеп беруден бас тартқандар қара тізімге ілігеді. Жиын барысында есебін ұсынғандарға «Мен адалмын» төсбелгілері табыс етілді. Ал «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының басшысы Исламбек Салжанов адал еңбегі мен жұмысының нәтижесін ашық көрсетіп, дәлелдеген қорларға қаржылай көмек көрсетуге сөз берді. Конференцияға арнайы шақырылған Ресей мен Ұлыбритания қоғамдық қорларының жетекшілері өз тәжірибелерімен бөлісіп, салыстырмалы талдаулар жасады.
Қайырымдылық қорлары қара тізімге ілігеді
Последние статьи автора