40 жыл бойы ядролық сынақ алаңына айналған қазақ даласының 19 млн гектар жері бүлініпті. Бүгін бізге айтуға ғана оңай бұл деректің дертке айналған тұсы аз емес. Елбасының бұйрығымен атом қаруын сынау тоқтатылғанынан бері 22 жыл өтсе де, зауалдың зардаптары жойылып болмағаны осыған дәлел. Әдетте полигон деген сөзді естісек, көз алдымызда Семей даласы елес береді, өйткені басқа сынақ аймақтары жайлы ақпарат күні кешеге дейін құпия саналып келді. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана ақиқаты ашылған аймаңдай жерлердің қатарында Атырау облысындағы Азғыр-Нарын-Тайсойған бар. Кесапатын күнде көріп жүрсек те, жер астындағы мұнай мен газдың қызығына түсіп кеткен басымыз қоршаған ортаның ахуалын қадағалауды ұмыт қалдыра беріп тұрмыз. Өкініштісі де – осы.
АЗАПТЫ АЗҒЫР ДАЛАСЫ
Қазір де Азғыр өңіріне бара қалсаңыз, құлаған зымыран қалдықтарынан тұрғызылған қора, душ, дәретханаларды көре аласыз. Парашют резеңкелерінен жауынды күні қорғанатын плащ жасап киетін аңғал ауылдастарымды ойға алсам, кеудемді өксік кернейді. Алақандай ауылдың өзінде 350-ден астам мүгедектің есепте тұрғаны, мезгілсіз өлімнің көптігі, төрт түлік малдың түрлі дертке шалдығуы да – мүмкін осының салдары. 1966 жылдан 1979 жылға дейін 17 рет сынақ жасалған Азғыр даласының топырағына шөккен у сол жерді мекендеген елдің бес батпан сорына айналды. Рас, 1995 жылы сынақ алаңы ресми түрде жабылды. Бірақ бұдан оңалып кеткен ел жоқ. Қазақ жерінің Ресеймен шекаралас бір елеусіз бұрышында өз қазандарында өздері қайнап тірлік кешуде. Азғыр ғылыми-өндірістік радиоэкологиялық экспедициясы технологиялық алаңдарға зерттеу жүргізіп жатыр дегенмен, жергілікті жұрт ол есеп-қисаптан бейхабар. Бір кездері «Атырау облысы 100 пайыз таза ауызсумен, табиғи газбен қамтамасыз етілді» деп алашапқын хабар таратқандардың да алыстағы ауылды ұмыт қалдырғаны аңғарылады, үш селолық округтен тұратын Азғырда әлі күнге судың да, газдың да, жолдың да проблемасы шешілген жоқ.
Жылдар бойы таза ауызсудың зардабын тартып келе жатқан азғырлықтарға Қоянды су қоймасы арқылы 2006 жылы-ақ су берілетін болған-ды. Алайда 180 млн теңгенің жұмысын аяқтамай табандарын жалтыратқан алаяқ компанияның арбауына түскен ауыл тұрғындары енді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінен үмітті. Қоянды су қоймасының екінші кезегіне қаржы бөліп, еңсесі түскен елді мекен тұрғындарын қуантуға осы комитет қана қауқарлы болып тұр.
Аудан орталығынан 300 шақырым қашықтықта орналасқан өңірдің тағы бір өзекті проблемасы – жол. Құм басқан жолдың кесірінен жазды күндері қатынас қиындайды.
Киім-кешегін бүтіндегісі келсе де, дәрігерге көрінгісі келсе де, шекараның арғы жағына шығып, Ресейдің Харабайлы қаласын бетке алатын азғырлықтарға енді ол жол да жабылды, соңғы екі жылда ортадағы автокөлік өткелімен жүруге тыйым салынды. Табиғи газ, жарық мәселесі де әлі шешімін таппаған күйде. Әзірге ауыл тұрғындары электр энергиясын Ресейден алып отыр, аудан орталығымен араға желі тарту үшін 2 миллиард теңгедей қаражат керек екен, мұны жергілікті бюджеттің жүгі көтере қоюы қиындау.
Ал бұл өңірдің экологиялық ахуалы жайлы айтсақ, алдымен ойға оралатыны – Азғырдағы апанға жасырылған диаметрі 11 метр шардай болатын ядролық қондырғы. «80-жылдардың бас кезі еді, – деп еске алады бүгінде еңбек ардагері Махмуд Көргенов, – мен ол кезде Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы едім. Жұмыс жағдайымен Құрманғазы ауданындағы Балқұдық, Сүйіндік ауылдарында жиі болатынмын. Әлі есімде, бірде сол жермен үлкен керуен жүрді. Әскерилер қоршап алған, ешкімді жақындатпайды. Кейін білгеніміздей, ол ядролық қондырғы болып шықты. Мәскеудің құпия бұйрығымен Ресейден Азғырға әкелінген. Ол қондырғыда жарылыс жасау арқылы алмаз алу жоспарланыпты. Бірақ бұл іс кейінге шегеріле берген де, КСРО тараған соң сол қозғаусыз күйінде қалып қойды». Мамандар бұл қондырғының қоршаған орта үшін залалсыз екенін айтумен келеді, бірақ айдалада тот басып жатқан қымбат қондырғының әлі күнге сұраусыз жатқаны қаперсіз отыруымызға болмайтынын еске салғандай.
Эколог Мұфтах Диаров Азғыр өңірінің ахуалы туралы айтудай-ақ айтып жүр. Ол Азғыр проблемасы ғылыми тұрғыдан талдап-таразылауды қажет қып тұрғанын жасырмайды. 90-жылдары ресейлік ғалымдар келіп, зерттеу жүргізгеннен кейін Азғырдың жайын ойлап, кешенді шара алған жан баласы жоқ.
Азғырдағы сынақтар зардапсыз болды деуге ауыз бармайды. Жергілікті тұрғындардың қан құрамында ауыр металдардың шамадан тыс көптігін медициналық зерттеулер анықтап берді. Бұдан басқа да қатерлі аурулардың азаймай тұрғаны тағы бар. Балқұдық ауылының тұрғыны Мансұр Қуанышәлиев әсіресе жерасты жарылыстарының кесірінен болған шұңқырларға толған сулардың тұтынуға жарамсыздығын айтады. Қазір бір ғана Балқұдық селолық округінің өзінде 20-дан астам үйдің есігіне қара құлып салынған. Болашағы жоқ ауылдан безіп кетіп, қалада жертөле жалдап болса да итаршы тірлік кешіп жүргендер қатары жыл санап артып келеді. Дегенмен түңіле беру де дұрыс емес шығар. Азғыр даласы – қанша дегенмен, біраз адамның атақонысы, атакүлдігі. Сондықтан да, біздің ойымызша, Азғырдың экологиялық статусын тану жөніндегі жұмыстарды кейінге қалдыра беруге болмайтын секілді.
ТАЛАПАЙҒА ТҮСКЕН ТАЙСОЙҒАН
Жарылыстан көз ашпаған тағы бір жер Тайсойған полигонына тиесілі. Қызылқоға ауданының үштен бір бөлігін алып жатқан бұл сынақ алаңы 1995 жылы Ресей еліне жалға берілген. «Қызығы» сол, мыңнан астам тұрғыны бар Тайсойған селолық округінің аумағы тұтастай полигон жеріне еніп кетті. Соның кесірінен 118 үйдің жер телімдеріне алынған мемлекеттік актілері заңды күшін жойды. Тұрғындар қара шаңырақтарын рәсімдеу мүмкіндігінен айырылды. Округке қарасты қыстақтарды мекендейтін 36 азамат та осы күйді кешіп жүр. Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан үлкен қолдау, көмек көрсетіліп жатқан тұста, осы игілікке қол жеткізе алмай отырған сегіз шаруа қожалығының қолын да құжаттың болмауы байлап отырғанға ұқсайды. «Өткен жылы қара алтынның мол қоры табылды» делінген Қондыбай, Уаз кеніштеріне геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыруға ресейлік әскерилер рұқсат етпей келеді, өйткені бұл кеніштер де аталған аумаққа тиесілі. Әрине, көрші ел біздің жерімізді тегін пайдаланып отырған жоқ, жыл сайын жалдау ақысын төлейді. 1996 жылы жасалған келісімшарт негізінде Ресей жылына 700 млн теңгені қазынамызға құйып келеді. Бірақ бұл жерде жергілікті жұрттың қолайына жақпай отырған тағы бір мәселе бар. Ол «Мәтен» бірлескен кәсіпорнына қатысты. Бұл мекемеге тиесілі 2518,3 гектар жердің 1175 гектары полигон аумағында, сондықтан да ол территорияда жұмыс жасауға тыйым салынған. Қазірдің өзінде қазынаға жыл сайын 6 млрд теңгедей қаржы аударып отырған «Мәтен» өз жеріне тұтастай билік жүргізсе, бұл санды тағы бірнеше есеге өсірер мүмкіндігі болар еді.
Тайсойған полигонының жергілікті жұртқа әсері жайлы сөз болса, бес жасында 70-тегі қарияның кейпіне енген Нұржан Өркешбаевтың тағдыры айтылмай қалмайды. Осы сынақ алаңына жақын маңда дүниеге келген Нұржан 20-дан асқан жасында бетін жапқан әжімдерінен құтыла алмай, ота жасатып әлек. Кең даланың төсінде емін-еркін малын жайып, тірлігін кешкен елге құлаған зымыран қалдықтарының сор әкелетінін де айтқан ешкім болмапты.
Түйін
ҚР Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов: «Полигон аймақтарында тұратын халықтың әлеуметтік жағдайларын жақсарту керек», – дейді. Азғырдағы жұрт атақонысын тастай қашса, Ресеймен шекаралас аймақтың ашық қалу қаупі бар. Сенат депутаты, сондай-ақ «Азғыр мен Тайсойғанның полигоннан зардап шеккен тұрғындарына үстемақы төлеу мәселесі шешімін тауып қалуы мүмкін» деген жаңалығынан да хабардар етті. Батыс Қазақстан облысындағы Капустин Яр полигоны маңында орналасқандар бүгінде қаржылық қолдауға ие болып отыр. Осы игілік Атырау жеріндегі өркениет көшінен алыста қалған елді мекендерге де жетіп, қазынадан тиісті қаражат қаралып, алыстағы ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелері шешілетін болса, тіпті жақсы. Өйткені кезінде құжатқа қатталып, көршілес мемлекеттің меншігіне өткен жердің түпкілікті иелері бәрібір солар.