Полицейлер 100-ден аса қылмысты жасырған
Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері бірінші жартыжылдықта 105 әртүрлі қылмысты жасырған. ІІД облыстық штабының тіркеу-есепке алу тәртібін (ТЕТ) қадағалау барысына жасалған инспекция негізінде осындай мәліметтерді департамент баспасөз қызметі таратты.
Таратылған хабарда жасырылған жалпы қылмыстың 62-сін жергілікті прокурорлар анықтап, қалғанын ІІД-нің өзі анықтаған.
Тіркеу-есепке алу тәртібін қадағалау инспекциясының бастығы Гүлшара Сейдахметова жағдайға түсініктеме бере отырып: «Жасырудың 27 оқиғасы — қылмыстық істің ашылмауынан, 19 оқиға — қылмысты, не шағымды тіркемегеннен, 13 оқиға процессуалдық шараны дер кезінде қабылдамаудан орын алған», — деп атап көрсетті.
Талдамаға сай, ең көп тіркелмеген қылмыс түрлері басқаның мүлкін ұрлаған оқиғаларды заңды тәртіппен учаскелік полицейлер мен оперуәкілдердің тіркемеуіне байланысты болған. «Тергеушілерде мұндай оқиғалар сирек кездеседі», – дейді полиция департаментіндегілер.
Департамент өкілінің айтуынша, ІІД-нің өзі тексеріс жүргізу барысында анықталған 42 жасырылған қылмыстың 22-сі — қылмысты тікелей тіркемеуден және 4 оқиға қылмыстық іс ашудан бас тартудан болған.
ІІД-нің тіркеу-есепке алу тәртібін бұзғаны үшін 104 полицей, оның ішінде 10 бастық жазаға тартылған.