Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған шаралар теріскейдегі Петропавл қаласында үш күн бойы тойланады. Орталық алаңға жиналғандарды ерекше қызықтырғаны – қой көтеру жарысы болды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қай заманда да қазақтың той-томалағы батырлардың сайысынсыз өткен емес. Тайынша немесе тай көтергендер туралы тарихтан білеміз. Атан түйені арқалап әкеткендер де болғаны аян. Бұл батырлық дәстүрді жаңғырту мақсатында Петропавл қаласында осыған ұқсас сайыс ұйымдастырылды.
«Батырлар туралы кітаптарды оқи отырып, қазақтың тойларында тай көтергендер туралы білдім. Білекті жігіттер әлі де баршылық қой. Сондықтан осы сайысты Наурыз мерекесіне орайластыра өткізуді ұйғардық. Жұрттың бәрі мүмкіндіктерін байқап көрсін деген оймен қойды көтерткіздік. Халықтың қызығушылығы жоғары, демек келер жылдары тай көтертсек те болады», дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ұлттық спорт мектебінің директоры Руслан Арықов.
Жарыс шарты бойынша кез-келген адам салмағы шамамен 40 келі тартатын семіз қойды көтеріп алып отырып-тұруы керек. Негізгі күш бел мен аяққа түсетін бұл сынға шыдамай, сүрінгендер көп болды. Дегенмен араларынан нағыз батырлар та табылып жатты. Мысалы Петропавлдағы әскери институттың 4-курс курсанты Нұрсұлтан Құлжабай қойды 1610 рет көтеріп, жеңімпаз атанды.
«Өзім Шығыс Қазақстан облысының Аягөзіненмін. Ауылда қойдың арасында өстік қой. Иыққа салып алып жүре беретінбіз. Сондықтан бұл байқау маған аса ауыр тиген жоқ. Салмақ белге түседі екен. Жалпы физикалық дайындық сыналды десе де болады. Мен бұдан да көп көтерер едім, ешкім менен асыра алмасын білген төрешілер «тоқта» деген белгі берді. Сосын тоқтадым», дейді «қой көтеру» жарысының жеңімпазы Нұрсұлтан Құлжабай.
Жарыс шарты бойынша, жеңімпаз сыйлық ретінде өзі көтерген қойды алады. Нұрсұлтанның жеңісінің арқасында әскери институт курсанттары ет жеп, Наурыз көже ішіп мәз-мейрам болып қалды.
Фото автордікі