Петропавлдық кәсіпкерлер жылудың қымбаттағанына наразы. Олардың айтуынша, тариф өзгермеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Бірақ монополист компания есептеудің жаңа әдісін енгізіп, төлемдер кенеттен екі есеге дейін қымбаттап кеткен. Бұл тек тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан нысандарға қатысты болып тұр.
Алексей Писаренко көпқабатты тұрғын үйдің астында шағын ғана азық-түлік дүкенін ұстайды. Кәсіпкер жылу үшін қазан айына келген түбіртекті көргенде «екі көзі төрт болды». Жаңа маусымда оның аумағы 2 есеге ұлғайып, төлемі де соншаға өсіп кеткен.
«Яғни гигакалория бойынша төлем сол қалпы қалды. Бірақ, коэффциентті қосқанда екі есеге артып отыр. Мен онымен келіспеймін. Мысалы, былтыр қазан айында 20 мың теңге болса, биыл 44 мың теңге шықты», - дейді жеке кәсіпкер Алексей Писаренко.
Бұл бір ғана кәсіпкердің жағдайы емес. Бүгінгі таңда қаладағы 40-қа жуық дүкен иесі қол жинап, жауапты органдарға хат жолдады. Олар жылудың жаңа есебімен үзілді – кесілді келіспейді.
«Тұтыну өзгеріс бойынша. Ал бағасы қымбат. Гигакалорияны ауадан алып отырған сияқты. Бұл заңға қайшы. Бізді қосалқы тұтынушылар қатарына қосып қойыпты. Бірақ бәріміз де бір үйдің желісіне қосылғанбыз. Сондықтан төлемдерді қайтадан есептеп берсін», - дейді «РИСК» кәсіпкерлер одағы» ҚБ басқарма төрағасы Игорь Бухонин.
Ал жылу компаниясының өз уәжі бар. Олардың айтуынша, кәсіпкерлер үшін жылу төлемі ұлттық экономика министрлігінің 2019 жылғы тәртібі бойынша есептелген.
«Кәсіпкерлер ең жоғары сағаттық жүктеме бойынша төлейді. Оның мөлшерін тәуелсіз ұйым есептейді. Кейін ол тұрғындарға саналатын санға көбейтіліп, коэффициент шығады», - дейді «СЕВКАЗЭНЕРГОСБЫТ» ЖШС бас директоры Мағауия Сағындықов.
Екі жақ бір-бірімен түсініспей жатқанда табиғи монополияларды реттеу департаменті қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Ал кәсіпкерлер мәселе шешілмесе сотқа дейін баруға бекініп отыр.