Петропавлда бетпердесі жоқ шенеунік автобус жолаушыларының маска таққан, тақпағанын тексерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерде қала тұрғыны шенеуніктің үстінен шағымданды, ол автобус жолаушыларында маскалардың бар-жоғын тексерген, бұл ретте өзі бетперде тақпаған, осылайша, карантиндік шараларды сақтамаған.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі тәртіп бұзушы шенеунікке қатысты әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады.
"Облыс аумағында енгізілген шектеу карантиндік шараларын бұзғаны үшін қалалық әкімшілік-тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Дастан Қазиевке қатысты "әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша (халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік материал іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Петропавл қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына берілді", - деді полицияда.
Карантинді бұзған жеке тұлғаларға – 30 АЕК (83 340 теңге немесе 199 доллар), лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК (638 940 теңге немесе 1 529 доллар), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК (861 180 теңге немесе 2 060 доллар), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне-1600 АЕК (4 444 800 теңге немесе 10 636 доллар) мөлшерінде айыппұл салынады.
Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұлов Қазиевтің жеке тұлға ретінде емес, шенеунік ретінде жауапқа тартылатынын айтты.
"5 тамызда мемлекеттік қызметші қоғамдық көліктердің санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкестігін тексеруге шықты. Бұл ретте өзі жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбаған", - деп түсіндірді прокурор.
Қалалық әкімдіктің ТКШ бөлімінің баспасөз қызметі шенеуніктің жұмыс орны бойынша да әкімшілік жаза алғанын хабарлады.
"Карантиндік режимді, қызметтік тәртіпті және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын бұзғаны үшін Дастан Мағжанұлы Қазиевке сөгіс түрінде әкімшілік жаза қолданылды", - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.