Павлодарлық дәрігерлер құлақ кемістігін емдеудің тың технологиясын меңгерді
Неміс профессоры Хенни Хойман хирургиялық жолмен ортаңғы құлақтағы ақауды емдеуге қатысты шеберлік сағатын өткізді.
Отоларингологтардың айтуынша, күрделі операцияасқан ұқыптылық пен терең білімді талап етеді. Соның нәтижесінде ұзақ жылдар бойы құлақ кемістігінен зардап шегіп келген науқастардың есту қабілеттері жақсарды.
Облыстық аурухананың лор бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Мейірханов жаңа тәсілді алғашқылардың бірі болып меңгерді. Неміс профессоры Хенни Хойман жетекшілік еткен шеберлік сағатында қос дәрігер ұзын саны 30 адамға операция жасаған. Солардың бірі – жастайынан құлақ кемістігіне шалдыққан Гүлнұр Қалықова. Операция сәтті өткендіктен, әйелдің қуанышында шек жоқ.
Гүлнұр Қалықова, емделуші:
- Ризамын, бәрі жақсы өтті. Сол құлағым естімейтін. Қазір қалпына келді.
Хирургия саласындағы көп жылғы еңбек есту қабілетін 80%-ға дейін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Хенни Хойман жетілдірген озық тәсілдің тиімділігі сол – науқастар санаулы күнде жағдайларының жақсарғанын сезінеді. Тағы бір жетістік, операция аясында жасалатын арнайы ем-шаралар құлақты қабынудан сақтайды. Осындай тәсілмен зақым келген құлақ жарғағын да қалпына келтіруге болады екен.
Хенни Хойман, профессор:
- Бірінші кезекте, дабыл жарғағының қуысын жабамыз. Одан кейін құлақ қабынуының алдын алу шараларын жасаймыз. Содан кейін ғана есту қабілетін жақсартуға кірісеміз.
Павлодар облысында есту қабілеті төмен 2 мыңдай науқас тұрып жатыр. Олардың жартысына жуығы хирургиялық жолмен емдеуді қажет етеді. Көпшілігінің жағдайы тек операциядан кейін жақсарады екен. Енді жергілікті отолорингологтар да ортаңғы құлаққа күрделі операция жасайтын болады.
Нұржан Мейірханов, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың бөлімше меңгерушісі:
- Біздің аурухана қажетті құрылғылармен толық жабдықталған. Былтыр титан протез сатып алдық. Қазір нәтижесі жаман емес.
Күрделі операцияға арнайы медициналық жабдықтар қажет. Неміс профессорының пікірінше, облыстық ауруханада қажеттінің бәрі бар. Әзірге операция тек ересек адамдамдарға ғана жасалады. Ал балалар Алматыдағы орталыққа жіберіледі.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Арман Якубов, Алексей Омельницкий