2024 жылы қазақ халқының ұлы перзенті, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы кеңінен аталып өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚазАқпарат деректеріне сүйенсек, бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мерейтойын атап өту бастамасын қолдаймыз. Бұл ретте 2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне сәйкес, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын дaйындау және өткізу шаралары 2024 жылға жоспарланып отыр. Мерейтойды ұйымдастыруға және өткізуге жауапты орындаушы - Ғылым және жоғары білім министрлігі, - дейді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, министрлік жалпы республикалық іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту мәселесін пысықтауда.
Сіздер ұсынып отырған іс-шаралар заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық және жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, аталған жоспарды әзірлеу кезінде қаралады, - деді Әлихан Смайылов.
Айта кетейік, сенаторлар депутаттық сауалында қазақ халқының біртуар перзентіне лайықты құрмет көрсету және қисапсыз ұшан-теңіз еңбегін кеңінен насихаттау мақсатында Астана қаласында «Сәтбаевтану» орталығын ашу, туған елі Павлодар қаласының әуежайына академик Қаныш Сәтбаев есімін беру, алғашқы академиктің 10 томдық толық жинағы мен 5 томдық академиялық шығармалар жинағын дайындау және энциклопедиясын толықтырып, жаңадан екі тілде шығару, руханият жанашыры болған ғұлама туралы толықметражды көркем-деректі фильм түсіру және қайраткерге арналған Қазақстандағы музейлерді заманауи қалыпқа келтіру, кіндік қаны тамған жерде мемориалдық кешен тұрғызу және бұған дейінгі депутаттық сауалда көтерілген 30 километрлік туристік жолды салуды бастау; қазақ елінің таутұлғалары арқылы мемлекетімізді шетелде көрсету тұрғысынан «Менің халқым менен де биік» деген Ұлыбританияда атақты У.Черчилльге айтқан сөздерінің кездесу сәтін бейнелеу мақсатында астанасында ескерткіш қоюды қарастыру ұсынылған еді.