Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлескен арнайы операция жүргізіп, ұйымдасқан қылмыстық топты қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Олар Өзбекстанмен шекаралас Түркістан облысының "Қазығұрт" кеден бекетінде контрабанда және заңсыз көші-қонды ұйымдастырумен айналысқан. Бұл тұлғалар кедендегі сыбайластарын пайдалана отырып, "брокерлік қызметтер" көрсету деген желеумен тауарларды заңсыз өткізіпп отырған. Бір жүк көлігінің кедергісіз кіруі мен шығуы үшін 200 мың теңгеге дейін ақы алынған. Бұл кейін тауар құнының өсуіне әсер еткен. Бұдан бөлек қылмыскерлер көрші елдің азаматтарына мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуіне де қолдау көрсетіп отырған.
«Тінту жүргізіліп, ірі көлемдегі ақша, атыс және суық қарудың түрлері, «қара кассаның» есепке алу жазбалары, шетел азаматтарының паспорттары, арнайы техникалық құралдар тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, кінәлі адамдарға қатысты бұлтартпау шарасын тағайындау мәселесі қарастырылуда», - деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.