Бұдан бұрын да Өзбекстандағы қазақ қандастарымыздың көрген қорлығын айтып, Мәжілістің мінберінен бірнеше мәрте мәселе көтерген депутат Амангелді Момышев «ала тақиялы ағайынға» тағы да ашынды. Кеше Мәжілістің отырысында депутат генерал Сабыр Рақымовтың ескерткішін сүріп тастаған өзбек билігінің әрекетіне наразылық білдіріп, соған қатысты үкіметтік деңгейде тиісті шешім қабылдануын сұрады.
«Жақында Өзбекстан астанасында Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымовтың төрт метрлік ескерткіш-монументі шынжыр табанды трактормен сүріліп тасталды. Бұл – өзбек билігінің қорлығы, оны басқаша атау мүмкін емес», – деп бастады ашынған депутат Үкіметбасының атына жолдаған сауалын.
Аңдап бақсақ, Амангелді Аршабайұлының жанына өзбектің қорлығынан гөрі, қазақтың көнбістігі бататын тәрізді. «Грузияда ҰОС батырларына арналған «Даңқ мемориалы» талқандалып еді, Ресей сыртқы істер министрлігі әлгі әрекетті «қорлаушылық немесе мемлекеттік вандализм актісі» деп бағалады. Путин дәл Грузиядағыдай ескерткішті Мәскеуде орнату туралы ұсыныс жасап, ол жүзеге асты. Ендеше «өзбек билігінің әрекетіне біздің Сыртқы істер министрлігі неге үнсіз қалды» деген сауал көлденеңдейді. Неге мұндай вандализмге қарсылық нотасын жібермейміз?! 2 миллионға тарта қазақ тұратын Өзбекстанда этникалық қазақ болып табылатын генерал Рақымовтың ескерткішін бұзу сол ұлтты сыйламау фактісі деп қабылданып, ұлтаралық қатынасқа да кірбің түсіретінін ұмытпауымыз керек.
Бұл – бір ғана факті емес, генерал Рақымовтың құрметіне берілген көшелер, мектептер атаулары қазір өзгертіліп бітті. Бұл не? Шығыс халықтарының арасында тұңғыш генерал атанған даңқты қолбасшы С.Рақымовтың ұлты қазақ болса да, Өзбекстанның азаматы еді ғой», – деп кейіді депутат. Оның айтуынша, Ресей думасындағы бір топ депутат «ала тақиялылардың» күпірлік әрекетін вандализмге санап, С.Рақымовтың ескерткішінің нақты көшірмесін Ресейде орнату туралы бастама жасап жатқанға ұқсайды. Ал қазақ билігі әлі үнсіз. «Біз түбі туыс, бауырлас елміз, мәдениетіміз ортақ халықпыз. Қазақ пен өзбек туыстығының тамыры тереңде болғандықтан да «өзбек – өз ағам» деген сөз қалмап па еді. Ал мынадай оқиғадан кейін «мұндай ағаң бар болсын!» дегің келеді екен», – дейді А. Аршабайұлы.
Ашуға мінген депутат өзбек тарапынан әр кез халықтар арасына іріткі салып отыратын «түсініксіз» фактілерді тізбектеп шықты. Мәселен, Өзбекстанға туысшылап барған оңтүстіктің қазақ бойжеткені тапа-тал түсте қаза тапқан, Нүкісте ақтөбелік жүргізушіні ұстап алған өзбекстандық шекара қызметі кейіннен оның мәйітін ғана қайтарыпты, Құрбан айт мерекесі қарсаңында бүтін бір қазақ отбасы, оның ішінде бір жасар баласымен бауыздалғаны туралы әңгімелер баспасөзде жазылды. «Бұндай біз естіп һәм бізге жетпей жатқан фактілер жалғаса береді. Ташкент метрополитенінен генералдың есімін алып тастап еді, кейін Рақымов атындағы аудан да өзгертілді. Түптамырымен батырдың есімін «өшіру» дәстүрі әлі де жалғаса түсетін тәрізді. Осы фактілерді жағалай келсек, өзбектер барып отырған ондай күпірліктің тамыры генерал С. Рақымовтың этникалық негізіне барып тірелетіні айқын», – дейді А. Момышев.
Расында, бұған дейін ұзақ жылдар бойы «генерал – біздікі, ол – өзбек» деп талмай күресіп келе жатқан «өз-ағаларымыздың» кейінгі әрекетіне көпшілігіміз түсінбей қалғандаймыз. Мұны С.Рақымовтың қазақ екендігін өзбектер ақыры мойындаған екен деп те қабылдауға болар. Алайда генералдың Ташкентте өскендігі ақиқат, ендеше батырға өзбек ағайындардың барынша құрмет көрсетуі орынды деп санап келіп едік. Дегенмен «ала тақиялының» осы әрекеті ғана ендігі мәселенің барлығы ұлттың даңқты ұланын ұмыттырмау өзбектің емес, қазақтың еншісіндегі жұмысы екендігін көрсетіп отыр. Әйтпесе бұған дейін көшесіне де, мектебіне де, ауданына, метрополитеніне де есімін беріп ардақтап келіп, кілт бұрылған өзбектің батырды ұлықтаған үлгісін қазақ жасай алды ма?! Өйткені осыған дейін өзбек ағайындар жармасып келген ұлттық батырымыздың ерліктері туралы кейінгі ұрпақ не біледі? Жалпы, бүгінгі күні батыр бабамыздың атын өскелең ұрпақтың жадында қалдыру шаралары қаншалықты деңгейде атқарылып жатыр? Осы мәселелердің өзі баспасөзде дүркін-дүркін көтерілгеніне қарамастан, батыр даңқына әлі де тереңінен ден қою, рухына құрмет көрсету мен ілтипат ишарасы кемшін секілді. Осы сұрақ депутатты ғана емес, қоғамды да мазалайтыны ақиқат.
Батырдың жолын балалар біле жүрсін
Батырдың ғұмырбаянына келсек, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Қазығұрт тауының баурайында туып-өскен Сабыр Рақымов жастайынан әке-шешеден жетім қалып, Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленген. Батырдың «өзбектен шыққан генерал» атанғаны да сондықтан. Кейін Ташкент қаласындағы әскери академияны бітірген С.Рақымов атты әскерде взвод, эскадрон командирі болады. 1927 жылы басмашыларға қарсы күрестегі ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. ҰОС жылдарында алдымен полк, кейіннен дивизияны басқарған. Солтүстiк Кавказды басқыншылардан азат етудегi генерал
С.Рақымовтың ерлiгi мен әскери шеберлiгiн сұсты Сталиннiң өзi де мойындаған екен. Әскери қимылдағы қазақ генералының ілкімділігі кезінде маршал Рокоссовскийдiң де ерекше назарын аудартады. Ол бірінші Беларусь майданының жаңа қолбасшысы Жуковтан генерал Сабыр Рақымовты майдандағы жағдайдың тым ауырлығына байланысты, екінші Беларусь майданына жiберуiн өтiніпті. Қазақтан шыққан генерал С.Рақымов тура сол майданда қаза тапқан. Батыр ерлігі туралы «Генерал Рақымов» атты фильм де түсірілген. Мінеки, осыншама ерлікке үлгі болған қазақ батырының ұлтын өзбекке айналдыруға, өздеріне сіңіруге «өз ағаларымыз» біршама жылдар бойы ұмтылған секілді еді. Енді бас тартып жатқандай.
Айтпақшы, депутат А.Момышев сауалының соңында С.Рақымовтың жеке тұлғалығына қатысты ескерткіштердің жойылуына жол бермеу мәселесін үкіметтік деңгейде шешу, патриоттық тәрбие мақсатында «темір генералды» ұлықтай түсу мәселелерін де алға тартады. «Астана мен Алматы қалаларында ескерткіштерін орнатып, аудандарға, мектептер мен көшелерге атын беру қарастырылса екен. Генерал С.Рақымовтың өзбек елінде құлатылған ескерткішін қайта түлету үшін, Қазақстанның һәм шетелдегі қандастарымыздың осы мәселені қолдауы үшін арнайы шот ашып, қаражат аудару мәселесі қарастырылса да игі», – деді А.Момышев.