Отын шаруашылығы нысаны отқа оранды
Ақмола облысының Сандықтау ауданында отын шаруашылығының ғимараты өртенді. Төтенше оқиғаның салдарынан ғимарат күзетшісі қайтыс болды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының хабарлауынша, сәуірдің 16-сы күні сағат 19:05 шамасында Сандықтау ауданындағы Балқашино елді мекенінде отын шаруашылығының бір қабатты ғимараты өртенген. Өрт бір сағат ішінде 54 шаршы метр аумақты шарпыды. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалынның арасынан 1953 жылғы П.Лосев деген кісінің мәйітін тауып алып шықты. Ол осы нысанның күзет қызметкері болып жұмыс істейді екен. Отын шаруашылығы ғимараты «Новоселов» жеке кәсіпкерлігіне қарайды. Нысанның отынның қандай түріне қатысты екені жария етілген жоқ. Дәл осы күні Сандықтау ауданындағы Шаңтөбе елді мекенінде тағы бір қайғылы оқиға болды. Бес қабатты үйдің бір пәтерінен от шыққан. Жалын екі-ақ шаршы метрді шарпығанымен, бұл екі адамның өмірін қию үшін жеткілікті болды. 1976 жылғы К.Попенко мен оның үш жасар баласы оқиға орнында жан тапсырған. Тағы бір адам ауруханаға жеткізілді.