Алматы қалалық Алатау ауданына қарасты №154 Иштван Қоңыр Мандоки атындағы аралас мектепте «Толағай» отбасылық сайысы өтті. Аталмыш мектепте бесінші рет ұйымдастырылып отырған отбасылық спорттық сайыс биыл елімізде алғаш рет аталып өтіп отырған Отбасы күніне сәйкес келіп отыр. Мектеп басшысы Қаламқас Алмасбаева «қоғамда Отбасы күнінің маңызы зор. Ал Отбасы күніне арналып өтетін іс-шаралар Отбасы күнінің маңызын арттыра түседі» дейді.
Мектептегі 4-сыныптар арасында өткен спорттық сайыста балаларымен қосылып, олардың ата-аналары да қаппен секіру, арқаннан өту, кенгуру секілді түрлі сайыс түрлерімен бақ сынасты.
Маржан ЕРТАЙҚЫЗЫ, Алатау ауданы әкімінің орынбасары:
– Биыл Отбасы күнінің елімізде алғаш рет тойлануы қоғам тарапынан қызу қолдау тапты. Ауданымызда Отбасы күніне орай көптеген іс-шаралар өткізілуде. Олардың бірқатары Отбасы күніне дейін өтсе, Отбасы күнінен кейін де іс-шаралар жалғасын тауып жатыр. Солардың бірі – осы мектепте ұйымдастырылып отырған «Толағай» отбасылық сайысы. Аудан көлемінде «Отбасылық құндылық» тақырыбында конференция өткіздік. Ауданымызда 22 мектеп бар. Сол мектептердің барлығында аналар және әкелер кеңесі құрылды. Мәселен, қазір мектепте ер мұғалімдер өте аз. Осындайда әкелер кеңесі мектеп өміріне белсене араласып, мектептегі ер адамның тәрбиесін оқушылардың бойына сіңіруге атсалысады деп ойлаймын. Аудандық АХАЖ бөлімінде сол күні отбасын құрған жас жұбайларға шаңырақ көтергендеріне 50 жыл, 30 жыл болған үлгілі отбасыларды шақырып, батасын алып бердік. Олар жас жұбайларға өз баталарын беріп, сый-сияпат көрсетті, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Қазір қоғамымызда ажырасып жатқан отбасылар өте көп. Осындайда өмірлік тәжірибесі мол, отасқандарына ұзақ жыл болған ерлі-зайыптылар үлгі болса, шаңырақтардың шайқалуының алдын алуға ықпал етсе деген оймен осындай шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ отасқандарына 60 жылдан асқан отбасылардың үйлеріне барып, арнайы әкімдік атынан сый-сияпат жасалды. Мектептерде ашық сабақтар ұйымдастырылып, емханаларда отбасылық дәрігерлер ашық есік күндерін өткізіп, тұрғындарға ем-дом жасады. Мемлекет шағын отбасылардан тұрады. Ендеше, еліміздегі әрбір отбасы тату-тәтті әрі көпке үлгілі болуы керек.
Қаламқас АЛМАСБАЕВА, №154 Иштван Қоңыр Мандоки атындағы аралас мектептің директоры:
– Ата-ана мен ұстаз бірігіп, бірге қимылдағанда ғана оқушының бойына білім мен тәрбие қатар сіңіріліп, үлгілі, тәрбиелі ұрпақтың өсуіне ықпал етеді. Осы орайда біз ата-аналарды мектеп өміріне жиі араластыруға тырысамыз. Жыл сайын дәстүрлі түрде мектебімізде өтетін «Толағай» спорттық сайысы осының мысалы деуге болады.
Отбасы күніне арналған отбасылық сайыс
Последние статьи автора