Ұшаққа күнде болмаса да, ілуде бір отырар алдында тілімізді кәлимаға келтіріп, иманымызды үйіретінді шығардық. Ұшақтарды бір емес, дүркін-дүркін «ұшық» айналдыруы осылай демеске лаж қалдырмай барады. Жеті қат көкке көтерілген әуе кемесінің опа бермеуі отандық компанияларды абыройдан айырды. Ұшақтары «ұшына» беретін біздегі әуе компанияларының жағдайы жайбарақаттықты көтермейді. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енеміз деп алдымызға айқын мақсат қойғанда, әуе қатынасында ши шығып жатқаны қайбір жақсы атақ дейсіз?! «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген сөз рас па, кім білсін? Шілдеде Ақтөбеде тағы бір әскери ұшақ құлады. Оқу-жаттығу жұмыстары кезінде құлаған Л-39 бортындағы Әуе қорғанысы институтының курсанты мен әдіскері оқиға орнында көз жұмды. Әскери авиацияның да азаматтық авиациядан озып кеткені шамалы болып тұр.
Ұшақтарды неге «ұшық» айналдырып кетті?
ИКАО-ның «қара тізіміне» ену оңай болғанымен, одан шығу жеңілге түспейтін түрі бар. 2009 жылдың шілдесінде жүргізілген ИКАО аудитінің нәтижесінде «Эйр Астана» АҚ-нан басқа 59 қазақстандық әуе компаниясы Еуроодақтың «қара тізіміне» енді. ИКАО аузын жиып үлгерген жоқ, апат та көбейіп барады. Қазіргі уақытта 59 әуе компаниясының 37-сі осы тізімді «толықтырып» тұрғаны да ешкімге жасырын емес.
Мысалы, әріге бармай-ақ, биыл 29 қаңтардағы 21 адамның өмірін жалмаған ұшақ апатын айтсақ та жетіп жатыр. Ол отандық авиацияның тынысы тар, өрісі де кең еместігін көрсетті. Бұл тағы бір мәрте ащы сабақ арқылы жария етілді. Сондықтан әуе нарығымыз әзірге Жаратқаннан жатып-жастана жақсылық тілеуді ғана қажет етеді. Өйткені көкке көтерілген ұшақтың қауіпсіздігіне кепілдің кемігені бірінші рет емес.
Үкімет былтырғы жылы ИКАО аудитінің ескертулерін жою және қазақстандық әуе компанияларының Еуропалық одаққа мүше елдерге ұшуға қойылған шектеулерін алып тастау жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын бекітті. Онда Азаматтық авиация комитетінің бақылау-қадағалау міндетін атқаратын инспекторларының штаттық санын және инспекторлар жалақысын саланың білікті қызметкерлерінің жалақысы мөлшеріне дейін көбейту, азаматтық авиация саласының нормативтік-құқықтық актілерін ИКАО-ның талаптарына сәйкестендіру, азаматтық авиация саласына үздіксіз және толық бақылау, қадағалау жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының авиация әкімшілігінің қызметін автоматтандыру шаралары қарастырылған.
Жалпы, авиация деген ұшақ қана емес проблема. Онда проблема томардай-томардай екен. Ұшқыш дайындаудан басталған авиацияның түйінді мәселелері қыл аяғы әуежайдың талапқа сай жауап бермейтіндігімен барып түйінделеді.
ҚР Азаматтық авиация академиясындағы болашақ ұшқыш мамандарды тәжірибеден өткізетін ұшақтың жоқтығын айтқан жанайқайлар да жағдайдың қаншалықты екенін көрсетсе керек. Ұшқыштарды дайындаудағы олқылықтар да жойылады деген болатын министр Асқар Жұмағалиев. Атап айтқанда, Азаматтық авиация академиясының базасында ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік бойынша оқыту және біліктілікті жетілдіру бағытындағы бірыңғай орталығын ашу қарастырылып жатыр деп БАҚ жарыса айтқан-ды. Жөн-ақ. Әйтпесе авиация академиясынан шыққан ұшқыштар ұшаққа отырып көрмеді дегенді бөтен біреу естісе, ұят-ты! «Өлімнен ұят күшті» емес пе?
Соңғы жылдары 10 рейске субсидия бөлініпті. (Бірақ сонда да ұшақ билеттерінің құны «ұшып» тұр. Қарапайым адамның қалтасы көтермейді). Отандық әуе компаниялары – 16, келесі жылы тағы 14 әуе кемелерін сатып алмақ. 2020 жылға дейін 56 жаңа әуе кемеміз болады екен. Қалың бұқараның ұшаққа отыруы маңдайына жазылмаса да, елдің амандығы үшін бұған да шүкір дейміз...
Еліміздегі көлік атаулыға жауапты Көлік және коммуникация министрлігі елдегі 18 әуежайдың бәрі 2016 жылға қарай ИКАЦО-ның талаптарына сайма-сай келеді деп уәде берген болатын, ант-су ішпесе де.
Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев биылғы жылы «Сертификаттар бойынша жолаушы тасымалымен тұрақты айналысатын авиакомпаниялар міндетті түрде IOSA-ның аудитінен өтеді. Бұл ретте ИКАО-ның болжауы бойынша қайта сертификаттау нәтижесінде кейбір авиакомпаниялар өз жұмысын тоқтатуы ықтимал. Бұл ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Қазақстан авиациясының «қара тізімнен» шығуына ықпалын тигізетін болады» деген-ді.
Әуе компанияларының әлеуеті неге кем?
Нарық енгелі өмірге бәсекелестік деген ұғым да қоса енді. Әйтсе де, сол бәсекелестік жағынан келгенде, шындығы керек, біздің ұпайымыз түгел емесі қай салада болса да көрініп қала береді. Бәсекелессіз монополия да миығынан күліп жүр. Азаматтық авиация саласы да бұдан ада емес. Бәсекелестіктің жоқтығынан қарапайым адамның ұшаққа мінуі арманға айналды.
ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде 53 әуе компаниясы тіркелген. Олардың 15-і халықаралық жолаушылар тасымалын жүзеге асырады, соның ішінде үшеуі тұрақты тасымалмен айналысады. 12 компания халықаралық жүк тасымалдарын, тағы 12 әуе компаниясы – авиациялық, 14 компания авиахимиялық жұмыстарды орындайды. Халықаралық және ішкі жолаушы тасымалдарының 80 %-ын ұлттық әуе тасымалдаушы «Эйр Астана» іске асырады. 17 %-ын – SCAT әуе компаниясы, 3 %-ын басқа компаниялар орындайды.
Ғаламторда жария етілген деректер елімізде тұрақты рейстерді 6 қазақстандық әуе компаниясы орындайды екен. Атап айтқанда: «Эйр Астана» АҚ, «SCAT» авиакомпаниясы» АҚ, «Жетісу» авиакомпаниясы» АҚ, «Иртыш Эйр» авиакомпаниясы» АҚ, «Жезқазған Эйр» авиакомпаниясы» АҚ, «Семейавиа» АҚ. Ал енді осылардың арасындағы азулысы – «Эйр Астана» АҚ, SCAT авиакомпаниясы». SCAT-қа сенімсіздік қаңтардағы апаттан кейін асқынды.
Түйін орнына
Отандық авиацияның бүгінгі жағдайын жақсарту үшін қайтпек керек? Әуе қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұған үкіметтік деңгейде бетбұрыс, қолдау қажет деседі бір пікірлер. Жоғарыда атап өткеніміздей Үкімет авиацияға қырын қарап отырған жоқ. Көзі түзу. Субсидиясын да беріп қояды екен. Алайда одан жақсарып кеткені шамалы авиацияның. Оған бәсекелестің жоқтығын тіркеп қойыңыз. Қандай істе де монополияның орын алуының ақыры жақсылыққа апармайтынын көріп жүрміз. Бірақ содан алған сабағымыз жоқ...Ұшақпен көкке көтерілер алдында көңілімізде күдік тұратынын несіне бүркемелейік? Ол күдік қашан сейіледі? Әзірге ол да беймәлім...