Өндірісті қала – Өскеменнің экологиялық ахуалы мәз емес екені әлімсақтан белгілі. Қоршаған ортада кездесетін зиянды заттардың салдарынан әртүрлі сырқатқа шалдығып, аурухана жағалаған адамдар қатары соңғы бір-екі жылда тіптен көбейіп кетті қалада. Әсіресе бұл жағдай дәрігер мамандардың ана мен бала денсаулығына қатты алаңдаушылығын туғызып отыр. Қарапайым халықтың қабырғасына бататын да – осы проблема.
Ресми мәліметтерге сенсек, Өскеменнің экологиясы жылдан-жылға жақсарып келеді, ауаның негізгі ластаушы көзі болып табылатын шаһардағы ірі кәсіпорындар өндірістік қалдықтарды тазартатын заманауи сүзгілермен және тазартқыш құралдармен тас түйін жабдықталған. Олардың жұмысын тиісті орындар толық бақылауға алған, табиғатқа қылдай қиянат келтіруге жол бергізбейді... Бәлкім, солай да шығар, дегенмен мұның нәтижелері тұрғындар денсаулығына оң әсерін тигізіп жатқаны шамалы. Осы орайда жергілікті жердегі қоғамдық ұйымдар бірлесіп, Өскеменге экологиялық апат аймағы мәртебесін беру қажет деген бастама көтеруде. Мұндай қадамға барудың да себебі бар, ол – тұрғындардың денсаулығы.
Халқының саны жағынан Алматыдан бірнеше есе кем бола тұра, анемия сырқатына шалдыққандар көрсеткіші бойынша екі есеге асып түсетін Өскеменде әрбір оныншы ана мерзімінен ерте босанады. Шығыс Қазақстан облысы Ана мен бала орталығының директоры Рая Рахимованың айтуынша, қаладағы әрбір үшінші әйел перзентханаға «ұрық гипоксиясы» дертімен келіп түсетін көрінеді.
Рая РАХИМОВА, Шығыс Қазақстан облысы Ана мен бала орталығының директоры:
– Біздің орталық пен ҚР педиатрия және хирургия ұлттық ғылыми орталығының бірлесе отырып жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде біраз мәліметке қол жеткіздік. Айталық, Алматыда топырақтың ауыр металмен ластануы қалыпты жағдайдан 1,2 есеге асып түссе, Өскеменде 10 есеге жоғары. Сол сияқты топырақтың мырышпен ластануы – бес есеге, жеміс-жидектер мен көкөністердің, сүттің қорғасынмен ластануы 3,2 есеге көп. Кішкентай балалардың тырнақтары мен шашындағы қорғасын мен мырыштың құрамы 1,5 есе артық. Өскемендегі өндірістік қалдықтардың әсерінен балалардың бронхалы демікпесі мен онкоауруларға шалдығуы өсіп келеді. 2011 жылдың алғашқы жартысында онкоаурулардан екі бала қайтыс болды. Егер бұлай жалғаса берсе, адамдардың денсаулығына үлкен қауіп төнуі әбден мүмкін.
Ана мен бала орталығының директоры экологиялық жағдайды бағалауда ең бірінші адамдардың денсаулығы тұруы тиіс екендігін, сондықтан тез арада сауықтыру шараларын қолға алу қажеттігін жеткізді.
Иә, мемлекеттің баға жетпес байлығы – халық, оның денсаулығы. Ата Заңымызда солай деп жазылған. Ендеше, түтінге тұншыққан тұрғындардың жайына көз жұма қарамағанымыз абзал.
– Өскемен қаласының ауасы жылдан-жылға ластанып барады. Мұның салдары қала тұрғындарының денсаулығына орасан зор зиян келтіруде. Жыл сайын адамдар шамамен 200 келідей әртүрлі зиянды қалдықпен тыныстайды. Соның ішінде кәсіпорындардан шығарылатын заттардың үлесі баршылық. Соңғы жылдары зауыттардан бөлінген улы заттардың рұқсат етілген шекті көлемі сақталмай отыр. Мысалы, оның көлемі рұқсат етілген нормадан аспауы керек болса, бізде бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Сондықтан шаһарға экологиялық апат аймағы дегеннен гөрі, төтенше экологиялық ахуал қалыптасқан аймақ мәртебесін беру қажет. Сол арқылы өңір жұртын алаңдатқан мәселелердің түйінін тарқатуға мүмкіндік туады. Ушыққан жағдайды реттеудің бірден-бір жолы – осы, – деп түсіндіреді қоғамдық кеңестің экология бойынша жұмысшы тобының төрағасы Геннадий Корешков.
Алайда эколог маманның мына пікірімен кейбір әріптестерінің келіскісі жоқ. Олардың ойынша, мемлекет пен кәсіпорындардың ымыраласып атқарған іс-әрекеттерінің арқасында Өскеменнің ауасы жыл сайын жақсарып келеді.
– Қалаға мәртебе берудің қажеті жоқ. Қазіргі уақытта онсыз да экологияны жақсарту бағытында көптеген іс атқарылып жатыр. Заң талаптары да күшейтілген. Мәселен, «Қазцинк» ЖШС, «ТМК» АҚ, «ҮМЗ» АҚ сияқты ірі кәсіпорындарда өндіріс қалдықтарын бірнеше сатылы сүзгіден өткізіп барып, сыртқа шығаратын талаптарға сай тазартқыштар орнатылған. Заңды аттағандар жауапқа тартылады. Бақылаушы органдармен қатар, қоғам өкілдері де зауыттардың жұмысын қадағалап, қалдықтардың зияндылығын анықтауға атсалысуда. Бұдан бөлек, қосымша тексеру бекеттері жұмыс істейді, олар әр сағат сайын қаланың экологиялық жағдайы туралы деректер беріп тұрады. Тізе берсек, осы сияқты нақты жүзеге асырылып жатқан шаруалар аз емес. Олай болса, босқа байбалам салудың не керегі бар?! Өскеменге экологиялық апат аймағы мәртебесін беру қисынсыз және біздегі ахуал оның (экологиялық апат аймағы мәртебесін беру. – С.Ә.) талаптарына сәйкес келмейді, – дейді Ертіс экологиялық департаменті Шығыс Қазақстан филиалының бас маманы Наталья Сергеева.
Департамент қызметкерінің сөзіне құлақ ассақ, төтенше экологиялық ахуал қалыптасқан жағдайда заңға сәйкес мынадай іс-шаралар атқарылуы тиіс: біріншіден, қоршаған ортаны ластаушы нысанның (кәсіпорындар, зауыттар, өнеркәсіп орындары. – С.Ә.) қызметіне шектеу қойылады немесе толық тоқтатылады; екіншіден, табиғат ресурстарын қайтадан қалпына келтіру жұмыстары қолға алынады; үшіншіден, сол жердің тұрғындарын уақытша не болмаса тұрақты түрде қауіпсіз аймаққа көшіру іске асырылады; төртіншіден, карантин белгіленіп, міндетті санитарлық-эпидемиялық шаралар жүргізіледі. Осы ауандағы басқа да бірқатар жұмыс экологиялық апат орын алған уақытта міндетті түрде орындалуы қажет. Сонымен қатар қалаға апат аймағы мәртебесін беру үшін алдымен тиісті сала мамандарынан жасақталған арнайы комиссия құрылып, барлық шарт бойынша кешенді тексерулер жүргізіледі. Содан кейін жұмыстың қорытындысы Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жолданады. Барлық құжат мұқият қаралып, қойылған шарттарға сай келетін болса ғана мәртебе беру туралы шешім қабылданады.
Эко-дерек
ШҚО статистика департаментінің хабарлауынша, 1489 мың тонна зиянды қалдықтың 147 мың тоннасы – ауаға шығарылатын зиянды заттар. Бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда 5,9%-ға жоғары. Мәселен, Өскемен қаласының әрбір тұрғынына – 195 келі, Риддерде – 159 келі, Зыряньда – 106 келі, Семейде 90 келі уланған ауа тарайды екен.
Exclusive журналы анықтаған зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, еліміздегі экологиясы ең нашар, ластанған аймақ «атағын» Шығыс Қазақстан облысы «жеңіп» алған. Соның ішінде үш бірдей ірі кәсіпорынды бесігінде бөлеген Өскемен қаласының алатын орны ерекше. Демек, қаланың экологиялық жағдайын қалпына келтіруге қарекет жасау – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Өнеркәсіптердің өнімі өз алдына, ал адамның өмірі – ең басты құндылық.