Өскемен қаласында жалған нөмірмен жүріп 46 рет жол ережесін бұзған көлік жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ШҚО полиция департаментіне сілтеме жасап. Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскеменде тәртіп сақшылары «Қорғау-Сергек» базасы бойынша тексеру кезінде жол жүрісі қағидасын бірнеше рет бұза отырып, Сәтпаев даңғылында жоғары жылдамдықпен жүріп келе жатқан «Lexus» маркалы автокөлікті байқаған. Сонымен қатар аталған көлікте жалпы сомасы 2 млн 287 мың теңгеге 46 айыппұл салынғанын анықтады.
«Бейнебақылау камераларының көмегімен Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы үйлердің бірінің ауласында мемлекеттік нөмірлері алынған осы автокөлік табылды. Тексеру барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қаланың 29 жастағы тұрғынын ұстады. Оның жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері бар көлік құралын басқарғаны анықталды», - делінген ақпаратта.
Жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 2, 3 және 4-бөліктері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта материалдар сотқа жолданды. Көлік арнайы айып тұрағына қойылған.