БАҚ пен ғаламтор беттеріндегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты қызу пікірталас әлі де жалғасып жатыр. Әсіресе орыстілді баспасөз құралдары бір кісідей бірлік танытып, қоғамдық комиссия қолындағы бұл заң жобасына белсенді қарсылық көрсетуде. Бұл тақырыптағы жарияланымдардың астарынан мәселені шешудің жолын іздеу емес, түрлі батыл талаптармен ресми органдарға қысым көрсетушілік байқалатындай. Сол жарияланымдардың біршамасына редакциялық шолу жасаған едік...
Орыстілді қауым 80 жыл мұрсат сұрайды
«ЦентрАзия» интернет порталы Марат Нұрпейістің «Ұлтшыл патриоттар Қазақстанды құлатқысы келе ме?» деген тақырыптағы мақаласын ұсынады. Бұл мақала қазақша бүркеншік атпен берілген белгісіз автордікі болуы әбден мүмкін. Тақырыбының астарына үңілсек, «мемлекеттік тілдің күшеюі елді құлатады» деген тұжырымға тартып тұр. Мақала барысында автор «кейбір мамандық иелеріне мемлекеттік тіл міндеттелетін болса, бұл – дискриминация» деп айыптайды. Мемлекеттік тілдің өзіне тиесілі функциясын атқаруын дискриминацияға, яки азшылықтың құқығының тапталуына теңеу, әрине, арандатушылық пиғылдан туындайды. Осылайша, орыстілді қауым мемлекеттік тілге деген көзқарасын ашық байқатып жатқандай. Аталған мақалада «орыс тілінің Қазақстанға енуі 80 жылға созылды, демек, қазақ тілін қалпына келтіруге де осы шамада уақыт қажет» деген пікір айтылады. Яғни 80 жыл уақытқа «мұрсат сұрайды». Тіпті мемлекеттік тілді міндеттеуді 2013 жылы емес, 2017 жылы жүзеге асыруға да келісім беріп отырған жоқ. Бұл туралы да орыс баспасөздері мәймөңкелеп жатпастан, ашық жеткізуде.
Кетемін деп қорқыту кімдерге тән?
«Қазақтандыру туралы» заң Қазақстаннан Ресейге ығысуға мәжбүрлейді» деп аталыпты «Руский мир» порталындағы Анна Рогачёваның мақаласы. Сондай-ақ автор қазақстандықтардың арасында мемлекеттік тілді пайдаланушылардың үлес салмағы 20 пайызға жетпейтіндігі жөнінде жалған ақпарат ойлап табады.
Ал Лад қозғалысының төраға орынбасары Пётр Кузьменко жуық арада осы мәселеге қатысты жиын өткізетіндіктерін, соның барысында пәлендей бір шешім қабылдайтындықтарын айтып қорқытады. Нендей шешім арқылы министрлікті райынан қайтармақ екені бір Құдайға ғана аян.
Тағы бір басылымда Орыс, славян, казак қауымдастығы төрағасының орынбасары Анатолий Чесноков «мен енді мемлекеттік тілді үйрене алмаймын, ал жастарға талап ету қиын, олар көрші елдерге кетіп қалады» деген ультиматум қояды.
Қазақстанның мемлекеттік тіл мәселесі отандық БАҚ-ты былай қойғанда, көрші Ресейді де қатты «алаңдатып» жатқанға ұқсайды. «Орыстарды дискриминациялау Қазақстанның мемлекеттік саясатына айналып бара ма?» деген тақырыппен дабыл қағады ресейлік Km.ru порталы. «Қазақтар дайындап жатқан заң жобасы бойынша, кез келген балабақша мен оқу орнында қазақтілді топтардың үлес салмағы 50 пайыздан кем болмауы керек» деген тіркеске шүйлігеді. Егер 50 пайыздық талапқа ие бола алмаса, оның мемлекеттік тіл статусы қайда қалады?! Оның үстіне орыстілді баспасөздердің балабақшалар мен оқу орындарындағы мемлекеттік тілге қарсы шығуы логикаға мүлде сай келмейді. Осы күнге дейін «біз кеңестік заманда туған адамдармыз, енді бізді қазақша сөйлету мүмкін емес» деп уәж айтушылардың баласын да мемлекеттік тілден алшақ ұстауды көздеуін мемлекеттік саясатқа қарсы шығу деп қана бағалауға болады. Ресейлік басылымдардан бұл тақырыпты Риа Новости, Лента ру, Росбалт және тағы басқа беделді сайттар мен мерзімді басылымдар жарыса жазды. Қазақстандық ақпарат алаңының Ресейге және орыстілді қауымға тәуелділігі басым екенін ескерсек, тіл туралы заң жобасындағы жағымды өзгерістердің орнауы оңай болмасы анық.
Сонымен, Мәдениет министрлігінің 20 жыл кешіксе де, қолға алған шешіміне қарсылық білдірушілер тағы да уақыт сұрайды. «Уақыт бәрін түзейді» деген жалаң тұжырымға сеніп отыруға болмайтыны белгілі. Әрине, орыстілді баспасөздерді, шынымен де, тіл білмеушілердің құқығы алаңдататын болса, орыс тілін білмеу себебінен жұмыссыз қалып, базар жағалаған, әсіресе шетелден оралған қазақтардың тағдыры жөніндегі жарияланымдар да аз болмас еді.
Қазақстандық «Республика.kz» сайтындағы Нұрлан Атамбаевтың «Твоя моя совсем не понимай» атты мақаласы да қазақ тілін іске жарамсыз қарым-қатынас құралы ретінде көрсетеді. Кез келген істі жемқорлыққа әкеліп тіреп қоятын авторлардың әдеті бұл мақалада да көрініс беріпті. Автор Мәдениет министрлігі дайындап жатқан бұл заң жобасын «шенеуніктердің ақша сындыруға арналған жобасы» деп бағалайды.
90-жылдардан қалған «кадрларды жоғалтып аламыз» деген жаңсақ қағидаға ары қарай да жармаса берудің жөні жоқ. Құлықсыз топтың дегеніне салсаң, жоғарыда айтылғандай, тағы да 80 жыл мұрсат сұрайын деп отыр. Сонда мемлекеттік тілдің қызығын біз көрмегенде, кім көруі керек?!
Арандатушы жарияланымдар заң алдында жауап бере ме?
Қазақстандық Православтар одағының Spgk.kz сайтында жарық көрген Ф.Мирогловтың мақаласында мағынасы түсініксіздеу ұран айтылыпты: «Орыс азаматтары мұндай шешімдерге салқын қараңыздар. Өздеріне жаза берсін (заңды). Тілге қатысты кез келген жарлық пен заңды күле отырып оқыңыздар, себебі оның барлығы – фантастика ауылынан туылған дүние. Бұрынғыдай негізгі тілде, құдіретті, ұлы орыс тілінде сөйлеуді және жазуды жалғастыра беріңдер. Оған тосқауыл қою ешкімнің қолынан келмейді...» деп жалғаса береді. Міне, арандатушылықтың көкесі қайда жатыр! Әсілінде, олар Қазақстан Республикасының заңдарына мысқылмен қарауға шақыратын мәтін үшін ғана сот алдында жауап беруге міндетті еді...
Бұлай жалғаса берсе, ақпарат алаңының арандатушы жазармандары ел ішіндегі арандатуларымен Қазақстанды Ресеймен де шағыстыра бастайды. Кез келген мәселеде түрлі көзқарас болады. Алайда орыстілді БАҚ-тардың барлығының бірдей қасаң қарсылық көрсетуі ата-бабасынан қазақ жерін мекен етіп келе жатқан толерантты ұлт өкілдерінің ренішін тудыратыны анық. Оның үстіне мысқыл мен мазақ пікір араласқан арандатушы пікірлердің емін-еркін жариялануы тіпті көңіл құлазытады. Енді Мәдениет министрлігінің қолға алған игі бастамасына еш кедергі болмаса деген ниет бар. Ресми органдардың тіл үйренуге құлықсыздық танытқан орыстілді баспасөздердің түрлі негізсіз сылтауларын уәж ретінде қабылдауына негіз жоқ.
Бір пікір:
Шерубай Құрманбайұлы, Тіл комитетінің төрағасы:
– Орыстілді баспасөз құралдарындағы жарияланымдар тіл туралы заң жобасына өзгерістер енгізу жөніндегі қоғамдық комиссияның жұмысына бәлендей әсер етеді деп ойламаймын. Қоғамдық пікірді ескеру үшін аталған жұмыс тобының құрамына түрлі қоғамдық мекемелердің өкілдері қатыстырылған болатын. Солардың бастапқы жұмысы ғаламторда талқыланып жатыр. Әрине, ол соңғы нұсқа емес. Дегенмен қоғамдық комиссия өзінің қолынан шыққан жұмыстарын мемлекеттік органдарға ұсынып жатыр. Онда қайсыбір азшылықтың құқығы тапталады деп ойламаймын. Дегенмен мемлекеттік қызметкерлерге талапты күшейтетін уақыт жетті.