Орда Еженнің ұрпақтары Сыр бойында билік құрған
Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына орай Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №17 кітапханада «Алтын Орда &ndash Ұлы дала тарихы» атты кеш өтті. Тарихи кеш жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Кеш қонағы Қорқыт Ата университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, Қазақстан Республикасының тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Бақытжан Ахметбек Алтын Орда тарихы жайлы тарқатып айтып берді. 
«Алтын Орда мемлекеті XIII ғасырда құрылған. Шыңғыс ханның немересі әйгілі Бату хан моңғол жерінде өткен құрылтайда екінші жорығын батысқа жасауға шешім шығарады. Әрбір әскерді Шыңғыс ханның немерелері басқарып отырды. Ал, олардың басшысы болып Бату хан сайланды. Шыңғыс хан немерелерінің ішінде Бату ханды, содан соң Құбылай мен Орда Еженді, Шибанды ерекше бағалаған. Бату хан Венгрия, Чехия, Словакия, Молдова сынды біраз жерлерді алып еліне қайтады. Өйткені, сол тұста Монғол империясының екінші ханы Үгедейдің қайтыс болғандығы туралы хабар жеткен болатын. Осылайша хан орнына Батудың немере бауыры Күйік хан болып сайланады. Ал, Бату мен Күйік бір-бірін аса жақтыра қоймайтын. Сөйтіп, Бату хан өзінің басып алған жерлеріне жаңа империя құрады. Оны Жошы ұлысы деп, кейіннен Бату ұлысы деп атайды. Астанасы &ndash Сарай Бату қаласы болды. XVI ғасырда бұл мемлекетті Алтын Орда деп атаған. Оған дейін бұл мемлекет Жошы ұлысы, Бату ұлысы деп аталып келген. Жошы ханды балалары мен немерелері өте қатты құрметтеген. Ол заманда Алтын Ордамен терезесі теңесетін мемлекет болмаған», - деді Бақытжан Мұхаррамұлы.
Тарихшы маманның айтуынша, Алтын Орданың Сыр бойына да қатысы бар. Сығанақ қаласы Ақ Орданың астанасы болған. Ал, Ақ Орда Бату ханның туған ағасы Орда Еженнің иелігіндегі аймақ. Орда Ежен ұрпақтары Сыр бойында билік құрған. Алтын Орданың ханы Тоқтамыстың да Сыр өңіріне табаны тиген. 
«Алтын Орданы Ақсақ Темір талқандаған. Ұлы мемлекеттің жартысы қазақ жеріне тиесілі болды. Өйткені, көптеген шайқастар, хандар біздің елдің аймағында болды. Сондықтан да, біз Алтын Орданың мұрагеріміз деп айтамыз», - деді Бақытжан Ахметбек.