Оралхан оқулары өтті
Семейде «Алтайдың кербұғысы» атанған қазақтың көрнекті жазушысы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық ХІV байқауы өтті. Сайысқа 15-30 жас аралығындағы таланттар қатысып, өзара бақ сынасты.
Байқау прозалық, драмалық, мәнерлеп өлең оқу сияқты номинациялардан тұрды. Сайыстың шарты бойынша әр талапкер О.Бөкей шығармаларынан үзінді оқып, сахналық қойылым арқылы өз өнерлерін ортаға салуы тиіс.
Сайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Семей мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Баян Аймұханова жеңіп алды. Екінші орынды Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің студенті Гүлнат Әбсейітова еншілесе, М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжден Айжан Ыбышева үшінші орынға лайық деп танылды.
Айдар САМАЕВ, Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастығының орынбасары:
– Жылда өтетін бұл байқау биылғы жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне дәл келіп отыр. Көркемсөздің шебері, «Мұзтаудың мұзбалағы» атанған Оралхан Бөкей шығармаларын барлық әдебиетсүйер қауым сүйсіне оқитыны рас. Осы байқауда өзін көрсете білген сайыскер облыстық байқауға баратын болады.