Оңтүстікте тасқын салдарын жою жалғасып жатыр
Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданы Бестораңғыл елді мекенінде топан су басып қалған үйлердің бесеуі құлап қалды. 30-ға жуық қора-жай қираған. Бұл туралы ақпанның 23-і күні өңірдегі ахуалды тікұшақпен барып көрген Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы өкілдері хабарлады.
Министрлік мамандарының мәліметінше, Отырар ауданының Бестораңғыл ауылында барлығы 2465 аула тексерілген. Соның нәтижесінде 102 үй мен 300 ауланы су басқаны белгілі болды. Бес үй мен 26 шаруашылық нысаны құлап қалған. Қазір тасқынның салдары жойылып жатыр.
Д.Алтынбеков, Найманарық және Казенный каналдары тереңдетіліп, жиналған су соған айдалуда. Елді мекендегі Қажымұқан көшесінде тасқыннан қорғайтын бөгет тұрғызылды. Ордабасы ауданында да топан суға қарсы шаралар қауырт. Төрт үйдің ауласы құрғатылды. Санитар-эпидемиологтар 92 үйдің ауласын тексеріп, жұқпалы індет тарамауы үшін 39 құдықты дезинфекциялады. Бұл ауданда бұрын басқа паналарға көшірілген 70 отбасы (300-ге жуық адам) үйлеріне қайтып келді. Қазір тасқыннан сақтану үшін Шымкент қаласының Забадам елді мекеніндегі Бозсауырат арығының жағалауы бекітіліп, тағы екі арық тазартылған. Елді мекен аумағында жиналып қалған қар суы сорылып жатыр. Табиғи апат салдарын жоюға төтенше жағдайлар саласы жеке құрамының 581 маманы жұмылған.