Оңтүстік Корея жұмысқа баратын қазақстандықтарды квотамен ғана кіргізеді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Корея елінен жыл сайын қазақстандықтарға қатысты әртүрлі жағымсыз мәліметтер келіп жатады. Ол ел еңбек миграциясы мәселесін шет мемлекеттермен екіжақты келісім арқылы ғана жүзеге асырады. Осы мәселені реттеуді қолға алып жатырмыз. Сәуірдің 25-26-де жұмыс тобы Сеулге барып еңбек миграциясы мәселесін талқылайды. Қазір Оңтүстік Кореяда 16 елге еңбек квотасы беріледі, келесі боп біздің ел қарастырылып жатыр», - деді ІлиясИспанов.
Оның айтуынша, квота алатын адамдар алдымен дайындық курсынан өтеді.
«Ол жердегі әдеп-ғұрып, тіл, жүріп-тұру тәртібі, олардың заңдары бар. Соған үйретеміз. Содан кейін ғана жұмыс істейді. Ең бастысы, өз біліктілігін көтереді», - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, Қазақстан Кореядан 50 мың квота алуды жоспарлап отыр.