Өнертабысты өндіріске енгізбей, инновация өрге баса ма?

Өнертабысты өндіріске енгізбей, инновация өрге баса ма?

Жаңалыққа жаны құштар қазақ жаңа технология дәуіріне тозығымен емес, озығымен енуге ниетті. Нанотехнологиямен нан тауып жемесек те, инновацияның иісі мұрнымызға келіп-ақ қалды. Бұған да шүкір дейік. Өндіріс тұралап, өнеркәсіптің өкпесі өшкен кезден де өттік қой. Кеткені кетті, қалғанына қанағат дедік. Индустриялық бағдарлама қабылдадық. Қазақстанның барлық облысында әлеуетіне қарай әр алуан жобалар жүзеге асырылуда.
Жалпы, инновация дегеніміз – қолда барды жаң­ғыр­ту, жетілдіру деген сөз екен. Өзіңдікін жаман де­ген­­де, жақсысын бере қоюға ықыласты тағы жоқ. Ен­де­ше, ескіні есептен шығармай, ебін тауып «ғұмы­рын» ұзарт­са бұдан ұтарымыз мол көрінеді. Бұл жолда қия­мет­тің қыл көпірінен өтудің қажеті жоқ дейді ма­ман­дар. Тек жыл сайын Қазақстанда патенттелетін өнер­та­бысты өндіріске аман-есен жеткізіп отырса бол­ғаны... Мәселе осыған тірелгенде қуанышың су сеп­­­кендей басылады. Елімізде қазір 50 мыңға жуық өнер­табыс тіркелген. Солардың бағы ашылып, өн­діріске енгені бірен-саран. Жаңашыл экономиканың өзе­гі – өнімнің бағасын барынша арзандату. Мәселен, инно­­вацияға иек артқан елдерде шығарылатын тауар құны жылма-жыл 5-10 пайызға арзандай береді екен. Алушыға да, сатушыға да тиімді. Олай болса, өз аяғы­мен келіп тұрған өнертабысты кәдімгі кіріс көзіне айналдыра алмауымыздың өзі қызық.
Әрине, еріншектің ертеңі бітпейтіні секілді сыныққа да сылтау дайын. Алайда айналамызға анықтап қарап, әлемдік тәжірибені таразылауға тиіспіз. Ғылым мен тех­никаның кез келген жетістігі басты үш қағида бол­ған­да ға­на өмір сүруге қабілетті. Біріншіден, жаңа тех­но­ло­гия­ның «дүниеге» келіп, кәдеге асатын жерінің бо­луы. Екін­ші­ден, өнертабысқа патентті немесе лицен­зия­ны сату ар­қылы өзге елдерден өндіріс ашып, пайда табу. Үшін­шісі, бірнеше ел бірігіп, жалпыға ортақ тауар шы­ғару мүм­кіндігі. Осы үш қағида төрткүл дүниеге ин­но­ва­ция­ның идеалы ретінде танылған АҚШ, Жапо­ния мен Оң­түс­тік Корея және Қытайдың мысалынан көрініп тұр.
Екінші Дүниежүзілік соғыста ойсырай жеңілген Жапония қысқа мерзімде қалай ес жиды дейсіз? Әрине, инновацияға қыруар қаржы салудың арқасында көтерілді. Табиғат байлығынан жұрдай ел жыл сайын 300 млн АҚШ долларын бөлу арқылы әлемдегі озық өнертабыстарға патенттер мен лицензияларды сатып алды да өндіріске жіберіп отырды. Нәтижесі тамаша. Кеткен шығын тез қайтты, пайда шаш етектен.
Әсіресе, аспан асты елінің қарқыны қатты. Мұнда ой еңбегінен бастап, көлік, қондырғы, түрлі тұрмыс құралдарына дейін қазақша айтқанда ұрланып, көшіріле салады. Made in China сауда белгісі басыл­ғасын, қалған жұрт оны қытайдікі деп қабылдамағанда қайтсін?! Қытайлық­тардың бір кереметі, осы техникаға қажетті қосалқы бөлшектердің 70 пайызын өндіріп, бір оқпен екі қоянды атуды тамаша меңгерген. Әрі беріден кейін «түпнұсқа» мен «жалған нұсқаның» аражігін ажыратудан қаласыз.
АҚШ инновацияға ішкі жалпы өнімінің 4 пайызын жұмсаса, Қытай бар-жоғы 0,8 – 1 пайызын арнайды. Сөйте тұра қайтарым ересен, кіріс мол. Іргедегі Ресей де іргелі ғылымға қаржы салуда. 90-жылдардың басында АҚШ-тың «Силикон даласына» қарай «аққан миды» Сколково инновациялық орталығын құру арқылы қайтарып алуға қам жасап жатыр. Ешбір шикізат, қазба байлық ақыл-ой жетістігін алмастыра алмайды. Алпауыт елдер мұны баяғыда түсініп, идеяны ұлттық құндылық, мемлекет саясатының ажырамас бөлігі деп жариялап қойды.
Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ, академик, техника ғылымының докторы:
– Ежелден өнертабыстың қоғам өміріндегі ерекше орнын, елдің ішкі, сыртқы саясатына тигізетін ықпалын жете сезінген АҚШ, Жапон және Батыс Еуропа елдері, бүгінде оны бұйым шығарудағы бәсекелестіктің айқын­даушы құралы деп санайды. Өнертабыс жаңалықтарын дер кезінде зияткерлік меншік ретінде тиісті құжаттармен қорғау – олар үшін өмірлік заң. Жоға­рыда аталған мемлекеттердегі ұлттық мүдде, бірде-бір өнертабыс жаңалығы қоғамнан тыс қалмауы керек. Жалаң ұран емес, мемлекет саясатының нақты көрінісі. Себебі, оларға сырттан келетін үлкен қаржы арнасы – зияткерлік мен­шік. Ғылым мен технология кеңістігіндегі көшбастаушы мемлекеттер ғана емес, Индияның ортанқол математиктерінің компьютерлік бағдарламаларды дайындап, сыртқа сатудан бір жылда табатын пайдасы, әйгілі шетелдік мұнай, газ компанияларының табы­сынан әлдеқайда қомақты.
Гүлдария БӘШЕНҚЫЗЫ, физика ғылымының кандидаты:
– Ресейдің талпынысы түсінікті. Шикізатқа негізделген экономиканың болашағы жоқ. Табиғат байлығы тау­сылады. Тығырықтан шығарар жолды жаңа технология арқылы табу керек. Ол үшін әуелі мықты мамандар қажет. Мықтылардың дені баяғыда шетел асып кеткен. Мысалы, графен деп аталатын әлемде теңдесі жоқ нано­материалды ойлап тапқан қазіргі АҚШ ғалымдары – бұрынғы ресейліктер. Графен – мүлде салмақсыз, сөйте тұра құрыштан 200 есе (!) берік. Оның кө­мегімен жасалған көлік, зымыран, ұшақтардың ұланғайыр мүмкіндіктері айтпаса да белгілі. «Боингтан» артық ұшақ, «Мерседестен» мықты көлік шығару қиын. Дегенмен Сколково орталығын құрудағы мақсатынан-ақ олардың іргелі ғылымға, соның ішінде кез келген материяның негізін құрайтын атом мен молекуланы меңгеруге түбегейлі кіріскенін көреміз.
Қазақстандағы өнертабыстың тағ­дырына қайта оралатын болсақ, біздегі өнертапқыш өз бетімен, өндіріс өз бағы­тымен жүргендей әсер қалдырады. Техно­парктер мен инновациялық қор қолдаса өнертабыстың тәжірибелік үлгісі жасалады, ол әрі қарай сынақтан өтпейді, өндіріске бармайды. Сонымен бәрі бітеді. Бізде бәсекеге қабілетті отандық ізденістерді заңды түрде жүзеге асыратын нақты тетіктер жоқ. 2011 жылы қазақ­стандық компаниялар 100 млрд теңгеден астам қаржысын инновацияға жұмсаған. Алайда қуануға асықпаңыз. Жұмсалған қаржының 80 пайызы дайын шетелдік нұсқаларды сатып алуға кетіпті. Қаржының 18 пайызы жаңа өнімдерді зерттеуге қаралса, отандық инновациялық ізде­ністерге бөлінгені – екі-ақ пайыз.
Жаннұр ЖАҚСЫЛЫҚОВ, өнертапқыш:
– Шыны керек, бізде өнертабыспен жан бағу мүмкін емес. Өнертабыстан өндіріске дейінгі жол ұзақ та қиын. Тіпті енген күнде де пайда әкелеріне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан, қалталы инвесторлардың көбі тез әрі мол қайтарым беретін алып-сатуға қаржы салады. Мысалы, мен өзім танитын бір­неше ауқатты азамат отандық өндіріске бір тиын да қаржы салмайды. Олар Қазақстанда күн батареяларын шы­ғаратын құны – айталық, 50 млн АҚШ доллары тұратын зауыт салғанша, Қытайдан барып дайын өнімді сатып ала салады. Оларды да түсіну керек. Қашан елімізде айқын заң, түсінікті нарықтық ереже-тәртіп болады сол кезде ғана жағдай түзелуі мүмкін.
Отандық өнертабысты қызғыштай қору қажеттігі Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында ашылатын алып нарықтың «тәбетіне» байланысты күшеюі тиіс. Одақ­тастарымыз болса да Ресей мен Беларусь әуелі нарық заңына арқа сүйейді. Өз өнімдерін ұсынады, өз пайдаларын көздейді. «Қазақстан қашан бізге тауар береді» деп қарап отырмасы анық. Ендеше біз де қимылдауымыз керек. Екінші қауіп, сырттан төніп тұр. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтер күн жақын. Өнертабысқа экспансияның көкесі сонда басталуы ғажап емес. Тез арада кәдеге асады-ау дейтіндей отандық өнертабыс үлгілерін жинақтап, оларға Халықаралық патент ұйымынан куәлік алу қажет. Әйтпесе күні біздің өнертапқыштардың ақыл-ой еңбегі қорғаусыз қалады. Отандық өнер­табас шетелдіктерге су тегінге кетеді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста