Өнеркәсіптік дизайн неге мешеу қалып отыр?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Мемлекеттің қаржысы қасықтап емес, күректеп құйылып жатқан жеңіл өнеркәсіптегі кәсіпорындар  «спецовка» тігіп отыр. Жеңіл өнеркәсіп дегенде бетіміз бүлк етпей, ұялмай-қызармай сол спецовкаларды көрмеге шығарып келеміз. Қашанға дейін? Оқалы шапан, бүрмелі көйлек, кестелі орамал,  құндыз бөрік, алтынмен апталған, күміспен күптелген ат-әбзелін жасаған қазақтың маңдайына ХХІ ғасырда не дизайн жоқ, не эстетика, көркемдік жоқ «спецовка» ғана тігуді жазып қойған ба нарық?
Тырбанып-тырмысып жүріп, мем­лекет, үкімет болып жабыла ашқан, ел­дің иығын бүтіндейді деген жеңіл өнер­кәсіп Үкіметтің де, жұрттың да үмі­тін ақтамай жүр. Бұл саладағы кә­сіп­орындар қалың бұқара тұтына қоя­тын әзірге жібі түзу киім-кешек шыға­рып көрмепті. Өндіріс, немесе қандай да бір қоғамдық қызмет саласына ар­нал­ған «спецовкалар» мен «форма­лар» тігуден әріге аса алмай келеді. Ал мұнымен елде жеңіл өнеркәсіп даму үстінде деу – қаншалықты қисынды?  Қыс­қа жіптің байлауға келгенімен, күр­меуге кел­мейтіні сияқты дүние. Өзімізді алдау­сырату­ға жарар. Бірақ нақты сан мен сапаға сүйенген эконо­микаға емес.
Өнеркәсіп палатасының деректері: жеңіл өнеркәсіп саласында 2012 жы­лы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар­ламасы бойынша 2819,7 млн теңге сомаға 23 жоба қолдау тапты. «Жаңа бизнес – бастамаларды қолдау» бірінші бағыты бойынша 814,7 млн тең­ге сомаға 19 жоба, «Кәсіпкерлердің валю­та­лық қатерлерін төмендету» үшін­ші ба­ғ­ы­ты бойынша 2004,9 млн теңге сомаға 4 жоба қолдауға ие.
«Өнімділік – 2020» бағдарламасы шең­берінде арнайы жеңіл өнеркәсіп кә­сіп­орындары үшін лизинг мәні 150 млн теңгеден 75 млн теңгеге дейін, яғни екі есеге төмендетілгенін және ай­тады. Дәл осы  құзырлы орын бүйдей­ді... Жұмыс істеп тұрған  ірі орта то­қы­ма кәсіпорындардың және өңір­лер­дің саны 68-ді құрады, тоқыма бұйым­дар өндірісі – 34, киім өндірісі – 27, былғары және оған жататын өнім­дер өндірісінде жетеу дейді. Көз қуана­тын­дай-ақ статистика. Бірақ одан қара­па­йым халыққа қажетті  тауар шық­пай­ды. Ең өкініштісі – сол. Себебі олар шы­ғаратын киім-кешекті қатар­дағы қазақ­стандық ұялмай көшеге, жұмысқа, қонаққа киіп бара алмайды. Оның дизайн­дық сапасы сын көтер­мейді.

Үстімізге «спецовка», аяғымызға «резеңке етік» киеміз бе?
Жаңылмасақ, елдің ішкі нары­ғын­да халық тұтынатын тауарлар­дың 30 әлде, 40 пайызы сырттан кел­се, ол сол елдің экономикасына қауіп дегенін естіген едік экономис­терден. Ал бізде дәл осы күні жұрт­тың иығы мен тізесін жапқан тауар­дың 80 пайызы сырттан келеді. Боя­масыз, бүгінгі нақты жағдайға сү­йенсек, жеңіл өнеркәсіп деп аузы­мызды толтырып айтатын кә­сіп­орындар өздері алып жүре алмайтын шоқпарды беліне байлап алған. Тұралап қалған жеңіл өнеркәсіпті қалайша сақтап қаламыз деген шақта арнаулы киім тігумен ғана айналысатын жылт еткен кәсіпорын­ның көпшілігі дерлік мемлекеттен қолдау тапты.
Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға баланысты 2010-2014 жылдарға арналған бағдарла­ма да қабылданды. Содан бері аттай үш жыл өтті. 2014 жыл да қыр астында тұр. Сон­да төрт жылдан бері бір отандық көй­лек кимеппіз.
Өйткені, өкінішке қарай, жеңіл өнер­кәсіптегінің барлығы сол арнаулы киім тігу­ден әріге бармады. Яғни мемлекет арт­қан сенімнен шықпады. Белгілі бір өндіріс орнының, я қызметтің тапсырысын алып, содан аз-маз тиын-тебен тапқанына мәз. Бұл саладағы өнеркәсіптің барлығы дерлік осындай бір-бір «майшелпек» тауып ал­ған. Олай етпей ше? Арнаулы киім тігу үшін өнеркәсіптік дизайнның қажеті аз.
Жалпы, елдегі жеңіл өнеркәсіптің өрке­ні өспей келе жатқаны да осыдан. Өнеркә­сіп­тік дизайнның жоқтығынан. Қазіргі же­ңіл өнеркәсіптің жүгін көтерген болып жүр­ген кәсіпорындарда өнеркәсіптік ди­зайн жоқ. Дамымаған мүлдем. Сондықтан да «спецовка» тігуден аспаймыз. Киім тік­се, қап секілді. Етік тігілсе, ебедейсіз. Мұны ма­ман­дар бұдан бұрын да айтқан бола­тын. Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің қа­нат жаймауының сыры – дизайн сапа­сы­ның өте төмендігі. Алайда одан беріде оңалған жағдай жоқ.
Өнеркәсіптік дизайнсыз өнеркәсіптің жолы ауыр
Мұны өнеркәсібінің «тісі шығып», «ең­бе­гі қатқан» Ресейдің өзі айтып отыр. Соған лайық шешім іздеп те жатыр. Тұжы­рым­дама да жасалды. Біздегі секілді жеңіл өнеркәсібі бір жаққа, халқы екінші жаққа қа­рап отырмаса да...
Өнеркәсіптік дизайн – дизайнның өнеркәсіп өндіретін бұйымдардың сапа­сын, нақтырақ айтқанда, олардың құры­лым­дық және сыртқы ерекшеліктерін ай­ғақтауды мақсат тұтатын көркемдік-тех­никалық қызмет. Өнеркәсіпке мұнсыз даму жоқ. Сондықтан да сөз еткен жеңіл өнеркәсіптің ажырамас бөлігі болуы тиісті. Өнеркәсіптік дизайн – өнердің, маркетинг, технология элементтерін өзінде тоғыстыра білген ерекше қызмет түрі. Өнеркәсіптік дизайн нысандардың кең ауқымын қам­тиды. Үйдегі ұсақ-түйектен бастап, жоғар­ғы технологияға дейін. Сондықтан да да­мы­ған елдер арасында ұлттық экономи­каның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін факторлардың арасында өнеркәсіп­тік дизайн жетекші рөл иеленеді. Сондай-ақ ол өнеркәсіптің және өнімді жетілдіре түсудің ажырамас бөлігі болып табылады.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
Әлемдік тәжірибе өнеркәсіптердің өнер­кәсіптік дизайнды дамытуға құлық­сыз­ды­ғын – бұқара талғамының төмендігі­мен тікелей байланыстырады. Себебі бүгінгі тал­ғамсыз тұтынушы арзан зат із­дейді. Ал оған тауарының сыртқы келбеті аса ма­ңыз­ды емес. Ал қалтасы қалыңдар батыс­тың брендтік киімдерін киеді. Сонда ха­лық­тың талғамын жақсартып, өнеркә­сіп­те­рі­міз­дің дизайнға бет бұруы үшін не іс­теуіміз қажет? Жеңіл өнеркәсіптегі кәсіп­орындар жаппай шығарып жатқан «спецов­ка» мен кезрі, я резеңке етік қазақтың ұлт­тық киімі емес еді ғой...
Халықтың талғамсыздығын жою үшін, қоғамдық талғамды қалыптастыру үшін дамыған елдер ежелден-ақ арнайы ди­зай­нерлік орталықтар құрып тастап, соның ендігі жемісін көріп отыр. Қоғамның талға­мын қалыптастыру мақсатында сонау со­ғыс кезінде Англияда 1944 жылы Design Council ұйымы құрылды. Бұл идея сауда министрі Хью Далтондыкы. Мақсат – жал­ғыз-ақ. Отандық тауарларды және бри­тан­дықтардың өмірін жақсарту. Соның нәтижесі – бұл күнде Ұлыбританияда 232 мың дизайнер бар. Ал дизайн-индустрия­ның жиынтық кірісі – 15 млрд фунт (30 млдр АҚШ доллары). Шведтің дизайн бо­йынша тұңғыш ұлттық ұйымы Svensk Form 1845 жылы құрылған. Бүгінде ол елде 12 мың дизайн компания сырт елге шекесінен қарайды. Norwegian Design Council (NDC) 1963 жылы, Испанияда өн­ер­кәсіптік ди­зайн қауымдастығы 1960 жы­лы пайда бол­ған. Тізімнің соңындағы Сеулдің ди­зайн орталығы дегеннің өзінде, оның да бюджеті 1,5 млрд АҚШ доллары көле­мінде.
Қазақстанға өнеркәсіптік дизайн неге өгей?
Шетелдік зерттеулер елдегі дизайнның дамуы жергілікті компаниялар халықара­лық нарыққа шыққанда және әлемдік бә­секелес­тік күреске түскен сәтте ғана баста­лады дей­ді. Мұндай жағдай Англияда да, Испанияда да, Оңтүстік Кореяда да болған. Яғни жалпақ тілмен айтқанда, біздің жеңіл өнеркәсіптер шетелдік бәсекелестікке түспейінше, олар сол баяғы сарынынан жаңылмайды.
Өнеркәсіптік дизайнға не тұсау? Өнер­кәсіппен жоғары білім беретін оқу орында­рында қарым-қатынас жоқ. Жоғары білікті мамандардың жоқтығы, өндірісте өнер­кәсіптік дизайнның дұрыс бағаланбауы, кәсіпорындардың өз өндірістерінде өнер­кәсіптік дизайнды дамытуға мүдделі емес­тігі. Көпшілігінде дизайн мамандығын алып шыққан мамандар өздерінің орнын таппай санда­лып жүреді. Өйткені өндіріс бұларға әлі мұқтаж емес. Сол баяғы қа­лып­тағы киім-кешегін, бәтеңкесін, тауа­рын өндіруден арылған жоқ. Мұқтаждық туындаса, шетелдік дизайнерлерді тарту­да. Әсіресе сәулет өнерінде.
Ал дизайн-индустрия – тілін тапса, елдің экономикасына елеулі үлес қосатын сала. Обалы нешік, бірақ елеусіз, ескерусіз қалып жатыр.
Алмас ОРДАБАЕВ, ҚР Дизайнерлер одағының вице-президенті, Қазақстанның құрметті сәулетшісі:
– Қазақстанда өнеркәсіптік дизайн ақ­сап тұр. Осының салдарынан отандық же­ңіл өнеркәсіп өнімдері әлемдік бәсекеге қабі­летті бола алмай отыр. Мұны шешу үшін ар­найы дизайн-студияларын ашуы­мыз керек. Мамандарды жаңа бағытта дайындау ісі қолға алынуы тиіс. Өйткені өнеркәсіп ди­зайны – тек өнімнің сыртқы әрленуі ғана емес, ол – оның маркасы, ора­ма­сы, тіпті ком­панияның брендін де қамтуы керек. Дегенмен бізде бұл салаға әлі көңіл бөлінбей келеді. Мәселен, Ресей­де өнеркәсіп дизай­нын дамытуға арналған арнайы тұжырым­дама қабылданған. Ал бізде шешілмеген мәселе көп. Білікті ди­зай­нерлердің тапшы­лығы, ең алдымен, елі­міздегі жоғары оқу ор­ындарында білім алып шығатын маман­дардың санына ғана емес, сапасына да бай­ланысты. Өйткені өн­ді­руші зауыт-фабрика­лар мен студент­тер­дің арасында ешқандай байланыс жоқ, яғни алған білімін іс жүзінде пайдалана ал­маған студенттен ертең тәжі­рибесіз ма­ман шығады. Тағы бір айта кетер жайт, біз­дің дизайнерлер заманға сай кел­мейтін ескі жүйемен оқытылады. Бұл да саланың дамуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Біз­дегі жоғары оқу орындар дизай­нерлерді тек теориялық жағынан дайын­дайды, ал тәжірибелік қор мүлдем аз. Көп­теген за­уыт-фабрика дизайнерлерді жұ­мысқа алып, жұмыстарын жетілдіргісі кел­мейді. Негізі, білікті мамандарды дайын­дауға өн­діруші компаниялардың өздері мүдделі болып, студенттерге тәжірибе жи­нау­ға кө­мек жасауы керек. Шетелдерде қол­даны­ла­тын осы әдісті неге Қазақстанда енгіз­бес­ке? Алайда айтыла-айтыла жауыр бол­ған мәселе мемлекет деңгейінде шешіл­се ғана іс нәтижелі болады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста