Ондаған елді мекенді топан су басып қалды
Оңтүстік Қазақстан облысында арық-жылғалардың толып қалуына байланысты ондаған елді мекенді топан су басты. Жүздеген адам қауіпсіз аймаққа бас сауғалауға мәжбүр болды. Тасқыннан Арыс пен Түркістан қаласының тұрғындары да зардап шегіп отыр.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан хабарламаға қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқыны ақпанның 18-і күні басталған. Бұған күннің күрт жылып кетуі мен толассыз жауған жаңбыр себеп болды. Арыс қаласының Монтайтас елді мекенінде ағын суларға арналған арық толып қалып, арнадан асқан тасқын 19 үйдің ауласын басып қалды. Төтенше жағдайларға жауапты мамандардың мәліметінше, баспаналарға зақым келген жоқ. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Дүйсенбіге дейін 80 метрдей жерге биіктігі 70 см болатын бөгет тұрғызылған. Монтайтаспен бірге, Ордабасы ауданындағы Темірлан, Сарыағаш ауданындағы Мақташы, Мұратбаев, Көкбұлақ, Ақжар, Қияжол, Қоңыртөбе, Саттаров, Атақоныс, Ұшқын, Аманжер, Алғабас, Жаңақоныс, Қарабура, Қызыләскер, Қазығұрт ауданындағы Молбұлақ, Төле би ауданындағы Забадам елді мекендері мен Түркістан қаласының бір ауданын да су басты. Ордабасы ауданындағы Найманарық каналы тасып, Темірлан ауылындағы 120 ауланы және Темірлан – Арыс тас жолын шайып кетті. 500 адам қауіпсіз аймаққа көшірілген. Қазіргі мезгілде су басқан өңірлерде арықтар қазылып, ағын елді мекеннен жыраққа айдалып жатыр. Топан судан ең көп жапа шеккен Сарыағаш ауданында арықтар қазылып, бөгеттер орнатылуда, Ұшқын елді мекені маңында алты бөгет тұрғызылып, тасқын Ұшқын каналына бұрылды. Көкбұлақ елді мекенінен топан суды шығару үшін ауыл іргесіндегі көлік жолын бойлай тереңдігі 3 метр болатын 20 метр жыра қазылды. Су егіс алқабына қарай бұрылды. Түркістан қаласында су басқан 40 үйдің ауласы тазартылып жатыр. Табиғи апат салдарын жоюға және тұрғындарға көмек көрсетуге жергілікті төтенше жағдайлар қызметімен бірге, №28237 әскери бөлімі, Республикалық жедел құтқару тобы, Оңтүстік аймақтық аэроұтқыр жедел құтқару тобы, Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару және өрт сөндірушілер тобы, Қызылорда облысының судан құтқару қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе көліктері, Апат медицинасы орталығы да жұмылған.