«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, кеңестік Қазақстан тарихында парасаттылығымен ел жадында мәңгіге қалған көрнекті тұлға Дінмұхаммед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай республика деңгейінде түрлі шаралар басталды.
Жыл бойы жалғасатын салтанатты шаралар кеше тұлғаның туған күнінде басталды. Алматы қаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, ардагерлер, саясаткерлер мен өнер майталмандарының қатысуымен салтанатты жиын болып өтті. Сондай-ақ жиынға Д.Қонаевтың көзін көрген қариялар мен туған-туыстары да қатысты.
Салтанатты шараны ашқан Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов көрнекті тұлға Димаш Ахметұлын халқы мәңгі жадында сақтайтынын айта келе, Астанадан арнайы келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы бұл жиынның маңызын арттыра түсетінін айтты. Сөз алған Мемлекет басшысы Қонаев дәуірі туралы ой толғады.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті:
– Құрметті отандастар!
Қазақ елінің тағылымды тарихында заман жүгін арқалаған талай толағай тұлға болған. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев – біртуар құбылыс иесі. Қонаев есімін мәңгі қалдыру үшін менің арнайы Жарлық шығарғанымды білесіздер. Сол уақыттан бері Димекеңе қатысты көптеген шара атқарылды. Оқу орындарына, мекемелерге, көшелерге аты беріліп, мұражай-үйі ашылды. Жақында Астана қаласының кең көшелерінің біріне Қонаев есімін бердік. Бұл Қазақстанның дамуына зор үлесін қосқан тұғырлы тұлғаға деген біздің шынайы құрметіміз болып саналады.
Қадірлі қауым!
Кеңестік кезең – біздің тұтас тарихымыздың ажырамас бөлшегі. Көпшілігіміз сол кезеңде өмірге келдік, сол заманда өмір сүрдік. Сол тарихтың ауқымды бөлігі Қонаев есімімен тікелей байланысты. Дінмұхаммед Ахметұлы – өз заманының перзенті болған ірі тұлға, көрнекті қайраткер. Қонаев жоғары қызметке келген уақыт аса күрделі, қайшылықтары көп кезең болғанын сіз бен біз жақсы білеміз. Соғыстан кейін мемлекет барлық күшті неміс басқыншылары қиратқан батыстағы қалаларды қалпына келтіруге жұмсады. Қиырдағы Мәскеудің шешімінсіз республикада бірде-бір өндіріс іске қосылмайтын еді. Сол уақытта Семей өңірі ядролық сынақ полигонына айналды. Ойланбай жасалған қадамдардың кесірінен Арал теңізі жойылуға таяды. Ұлттардың мәдениетіне қайшы келетін солақай шешімдер қабылданды. Қазақ тілінде білім беретін мектептер жабылып, халық мұралары көмескі тартты. Жоспарлы экономика салдарынан Қазақстан шикізат көзіне айналды. Тың игеру кезінде де қателіктер мен негізсіз қадамдар жасалды. Алайда осындай қиындықтарға қарамастан, Қонаев елдің дамуына жағдай жасады. Республикада құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары өркендей түсті. Елсіз жерлерде жаңа қалалар мен елді мекендер сол кезеңдерде пайда болды. Сонымен қатар Қонаев өнер мен мәдениеттің кеңінен қанат жаюына өлшеусіз үлес қосты. Алды кең, жаны жомарт, парасатты жанның өнер адамдарына қолдау көрсеткеніне мен өзім талай куә болғанмын. Димекең туған қаласы Алматы үшін де көп жақсылық жасағанын білеміз. Бұл тұрғыдан алғанда, Дінмұхаммед Ахметұлын айрықша ардақтауға лайықты қарымды қайраткер деп санаймын. Сондықтан біз Димекеңді Тәуелсіздікке дейінгі тарихымыздың тегеурінді тұлғасы деп бағалауымыз керек. Тәуелсіздікті бізбен қатар алған кейбір мемлекеттер бұрынғы тұлғаларға қойылған ескерткіштерді қиратып, тарихты қайта жазуға тырысты. Ал біз ондай қадамдарға бармадық. Әрқашан өткенге құрметпен қарап келдік, алдағы уақытта да құрметімізді арттыра түсетін боламыз, – деді Елбасы Н.Назарбаев.
Бұдан кейін Дінмұхаммед Қонаевтың үзеңгілес әріптесі болған мемлекет қайраткері Сұлтан Жиенбаевқа сөз берілді. Дінмұхаммед Қонаевты жақсы білетін тұлғалардың қатары да сиреп барады. Солардың арасында тұлғамен достық қатынаста болған Сұлтан Сүлейменұлы Димекең туралы ойларымен бөлісті. Димаш Ахметұлының қарапайым инженерліктен республика басшылығына дейінгі қызмет жолын адал еңбегімен, тапқырлығымен, көрегендігімен жүріп өткені жайлы сыр шертті. Өнер майталмандарының атынан көзі тірісінде Дінмұхаммед Қонаевпен жақын араласқан ҚР Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова сөз алды. Қазақтың бұлбұлы Қонаевтың ұлт өнері мен мәдениетінің шынайы жанашыры болғанын атап өтті. «Дінмұхаммед Ахметұлына тұтас қазақ халқының, оның ішінде өнер адамдарының ерекше ықыласы бар екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Біздің өнеріміз арқылы өскенімізді көріп, шын жүректен қуанып, қашанда ілтипатын білдіріп отыратын. Димекең – өнегелі өмірінде артына өшпес мұра қалдырып кеткен тұлға. Ол кісі ел басқарған тұста республикамызда бірнеше мәдени ошақтар ашылып, ғимараттар бой көтерді. Ол қиын кезеңдерде өз халқының жүрегінен орын таба білді», – деді. Д.Қонаевтың отандық ғылымға сіңірген еңбегі ерен. Білікті ғалым біраз жыл Ғылым академиясын басқарды. ҚазақКСР-інің Ғылым академиясы рейтингісі бойынша бүкіл одақта үшінші орынға дейін көтерілген. Бұл туралы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов айтып өтті. Дінмұхаммед Ахметұлы ғылымға министрлер кеңесін басқарғанда да, кейіннен республиканың бірінші хатшысы қызметін атқарғанда да үлкен қолдау көрсетіп отырған. Ұлы тұлғаның жерлестерінің атынан Ұзақбай Несіпбаев өз ойын ортаға салса, туыстарынан Д.Қонаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың президенті Елдар Қонаев сөз сөйледі.
Елдар ҚОНАЕВ, Д.Қонаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың президенті:
– Бұл күн – тек қана атамыздың туыстары мен үзеңгілестерінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл Қазақстан қоғамының мерекесі. Бүгінде Д.Қонаев сияқты тарихи тұлғаға лайықты баға беріліп, ел алдындағы ерлігі әспеттеліп жатыр. Мұның өзі 20 жыл толған Тәуелсіздігіміздің арқасы деп ойлаймын. Д.Қонаевты еске алып, осындай шаралар өткізіліп жатқанына қуаныштымын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, жиналған қауымға, жалпы жұртшылыққа ризашылығымды білдіремін.
Ресми жиыннан кейін шақырылған қонақтардың назарына Дінмұхаммед Қонаевтың өмірі мен қызметін қамтыған шағын деректі фильм ұсынылды. Соңы өнер саңлақтары дайындаған концертке ұласты.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті: Біз Димекеңді Тәуелсіздікке дейінгі тарихымыздың тегеурінді тұлғасы деп бағалауымыз керек
Последние статьи автора