Елбасымыз Сыр өңіріне сапарын Назарбаев зияткерлік мектебінің жұмысымен танысудан бастады. Бұл білім ордасы жаңа оқу жылында оқысам-білсем деген зерек шәкірттерге есігін айқара ашты. Алыстан мен мұндалап көз тартатын әсем ғимаратқа қоныс тепкен мектеп 720 өренге арналған. Күні ертең еліміздің қарыштап дамуына сүбелі үлес қоса білетін ұландар, негізінен, химия-биология бағытында білім алады. Мектеп жанында жатақхана бар. Білім ордасында шәкірттердің алаңсыз оқуына барлық жағдай жасалған. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке оқушылар іріктеу шарасы жүргізілген. Оған облыстың әр өңірінен 4000-нан астам зейінді шәкірт қатысып, бақ сынаған еді. Олардың арасынан өзінің білім деңгейі жоғары екенін аңғартқан 550-ден астам оқушы мектепке қабылданды.
Қолдағы дереккөздеріне сүйенсек, елімізде бүгінгі таңда осындай 13 білім ордасы бой көтерген екен. Оның алғашқы қазығы 2009 жылы елордамыз – Астана қаласында қағылған еді. Бүгінгі таңда зияткерлік мектептерде білім алу әрбір қазақстандық оқушының арманына айналды. Онда алдыңғы кезекте білім мен ғылымға аса көңіл бөлінеді. Бүгінгі таңға дейін оларды бітірген мыңнан астам түлек бар. Олардың негізгі бөлігі, дәлірек айтқанда, 90 пайыздан астамы Қазақстан үшін қат мамандықтар саналып отырған техникалық және медициналық бағытты таңдайды.
Мемлекет басшысы мектепте зерек, зейінді өрендермен жүздесу барысында білім саласында ауқымды шаралар атқарылып жатқанын атап өтті. Соңғы уақытта білім саласы модернизациялаудан өткізіліп келеді. Елбасымыз осы орайда осындай зияткерлік мектептер үшін басты басымдық дарынды оқушыларды табу екеніне тоқталды. Олар келешекте Назарбаев университетіне түсе алады. Соның нәтижесінде келешекте еліміздің элитасын дайындауға мүмкіндік туады.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бүгінгі таңда елімізде химия-биология бағытындағы мектептердің маңыздылығы күн санап артып келеді. Келешекте биология ғылымының маңызы арта түсетін болады. Сондықтан бұл ғылым саласы таяу жылдарда маңызды жетістіктерге қол жеткізетін болады. Қысқасы, болашақ биологтерді дайындау болашақ ғалымдарды дайындау екені белгілі. Қазір аталған пән нанотехнология және математика ғылымымен бірге алдыңғы үштікте келеді. Сондықтан да елдің индустриясын түлетіп, экономикасын арттыруға үлес қосатын талантты балаларымыз алдыңғы лектегі ғылымды ерте бастан игергені артықтық етпейді.
Сыр өңірінде 3-6 жас аралығындағы балалардың 80 пайызы балабақшамен қамтылған. 2015 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызды қамтитын болады. Осының нәтижесінде облыста «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру жобасы мерзімінен бес жыл бұрын орындалмақ.
Елбасымыз Қызылорда қаласын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Сырдың бас шаһары бұрынғы жылдарда жасыл желектен жадау күй кешіп келгені жасырын емес. Дегенмен «қалауын тапсаң, қар да жанатыны» секілді, бұл бағытта тыңғылықты тірліктің атқарылу нәтижесінде кірпік қаққандай қысқа уақыт ішінде облыс орталығы гүл-гүл жайнап келбетін өзгерте түсті. Былтыр қонаққа келген адам биыл Қызылорданың түрленіп, жаңаша кейіпке ене бастағанын бірден аңғарады.
Ендігі кезекте Қызылорда қысқы спорт түрлерін дамытуға көңіл бөлмекші. Расында, облыс еліміздің оңтүстік өңіріне қоныс тепкен. Қақаған қыстан гөрі жайма-шуақ күндер басым болады. Сондықтан өңірде бұрын тек жазғы спорт түрлеріне мән беріліп келген. Облыс басшылығы жас өскіндердің қыстың күні де сергектікті серік етуіне назар аударды. Осының арқасында мұзайдыны бар спорт сарайы елдің игілігіне айналды. Спорттық-сауықтыру кешенін аралаған Елбасымыз игі істің атқарылуына ұйтқы болған азаматтарға ризашылығын білдірді. Кешеннің жалпы аумағы 7985 шаршы метрді құрайды. Ғимарат заман талабына сай салынған. Келешекте мұнда шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек секілді қысқы спорт түрлерімен емін-еркін айналысуға барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта Қызылордада шайбалы хоккейден команда құру жоспарланып отыр. Әзірге оған жергілікті жастарды үйрету үшін арнайы маман шақырылады деп күтілуде. Сондай-ақ аталмыш орында гандбол, волейбол, баскетбол, күрес және көркем гимнастикамен айналысуға әбден болады. Спорт кешенінде Елбасымыз Сыр топырағының түлегі, екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин бастаған облыс спортшыларымен жүздесті.
Мемлекет басшысы келесі кезекте Қызылорда қаласындағы «Бастау» бизнес-орталығында болды. Онда Елбасыға сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсете алатын халықаралық жолаушылар терминалының жобасы таныстырылды. Оның жалпы аумағы 8200 шаршы метрді құрайды. Жаңа әуежай халықаралық стандарттарға сәйкес бой көтеретін болады. Соның нәтижесінде жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы артады. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2014 жылдың күзіне дейін толықтай бітеді деп жобаланып отыр. Әуежай осыдан үш жылдай бұрын қайта жаңғыртудан өткізіліп, халықаралық талаптарға сәйкестендірілген еді.
Бизнес-орталығында жергілікті жұртшылық өкілдерімен жүздесті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің өзекті мәселелеріне тоқталды. Аймақ басшысы «Қызылорда облысының 2020 жылдарға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы» құжатының негізгі бағыттарымен таныстырды.
Кездесу барысында «Рза» акционерлік қоғамының президенті Самұрат Имандосов, «Атамекен Одағы» ҰЭП жанындағы облыстық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов, Балық шаруашылығын дамыту жөніндегі облыстық консорциум төрағасы Әділбек Айымбетов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов және өзге де азаматтар өз ой-пікірлерін білдірді. Олар мемлекеттік бағдарламалардың аймақ экономикасына оң ықпалы турасында көкейде жүрген көзқарастарын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев: Болашақ биологтерді даярлау – болашақ ғалымдарды даярлау деген сөз
Последние статьи автора