Бір кездері жаһан үшін қатерлі ядролық сынақтар алаңы болған қазақ даласы қазіргі таңда қарусызданудың әлем мойындаған орталығына айналды. Осыдан дәл 21 жыл бұрын қолда бар қуатты қарудан ерікті түрде бас тартып, дүйім дүниеге үлгі-қадам жасаған Қазақстанның қайырлы ісіне бейбіт ниеттілердің баршасы тәнті болды. Дегенмен адамзатты ядролық қару қатерінен құтқару әлі де барынша өзекті. Ендеше елорда төрінде өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияны әлемді құтқару бастамаларының одан арғы жалғасына баласа да болады.
Әлбетте, 29 тамыз – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында ғана емес, адамзат тарихындағы алтын әріппен жазылатын дата. 1991 жылғы тамыздың 29-ында Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен тұңғыш рет әлемдегі аса ірі ядролық полигон жабылды. Кейіннен осынау тарихи дата БҰҰ-ның бекітуімен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде бекітілді. Қазақ халқының саяси ерік-жігерін мойындаған халықаралық қауымдастық та дәл осы күнге ерекше сеніммен қарайтын тәрізді. Алмағайып заманда қарусыздануға ұмтылыстың тың қадамын да дәл осы күннен күтетін секілді. Бұл сөзімізге ядролық қарусыздану немесе оны таратпау жайындағы жаһан жиындарында міндетті түрде Қазақстанның, оның көшбасшысы Н. Назарбаевтың есімі аталатыны дәлел. Астанадағы алқалы жиын да – соның жалғасы. 70-тен астам мемлекеттен парламентшілер, Үкімет мүшелері, белді халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, танымал саясаткерлер мен ғалымдар қатысты. Ал алқалы жиынды ашу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Астана конференциясын «Сеулде өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші жаһандық саммитте талқыланған маңызды міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі Қазақстанның жаңа қадамы» ретінде атады.
Ядролық қарудан бас тарту Тәуелсіздіктің шешуші қадамы
Сөз басында Президент Қазақстан бастамасымен БҰҰ бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне тоқтала отырып, осынау маңызды қадамға қатысты үш сәтті ерекше бөле-жара атады. «Біріншіден, Қазақстан үшін бұл түпкілікті егемендік пен Тәуелсіздікке жасаған шешуші қадам болды. Қазақстан халқы үшін ядролық қару мен радиация соншалықты түсініксіз теория емес. Бұл – 40 жылдан астам уақыт бойы біздің Жер анамызды тітіркенткен қатал да қайталанбас зұлмат. Ел аумағында«бейбіт сынақ» аталып келген 500-ге тарта атмосфералық, жерүсті және жерасты әскери сынақтар жасалды. Бұл ядролық қару пайда болғалы бергі әлемде жасалған сынақтардың тең жарымына тең», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент ядролық радиацияның даланы, өзен-көлдерді улап, айналадағы барша тіршілікті біртіндеп жойғанын, зұлмат сынақ аймағында тұрып жатқан 1,5 миллионнан астам қазақстандықтың тағдырын жарымжан етіп, денсаулықтарына зиянын тигізгенін, оның зардабы әлі күнге сезіліп келетінін еске салды. Дәл осы тұста Нұрсұлтан Әбішұлының сөзін одан әрі сабақтап тарата түссек. Полигонның жұмыс істеген 1949-1989 жылдары аралығында осы аймаққа жалпы саны 468 ядролық жарылыс өткізілген. Олардың 125-і атмосфералық (26-сы жерүсті, 91-і ауада, 8-і биіктіктегі) жарылыс болса, 343-і жерасты (215-і көлденең қазбалы, 128-і ұңғылы) сынақтар. Яғни, мәліметке салсақ, бір кездегі «қызыл империя» жасаған барлық ядролық сынақтың үштен екі бөлігі қазақ даласында жасалды. Осындай сандық көрсеткіштердің өзі кез келгеннің жағасын ұстатары сөзсіз. Солай бола тұрса да, кезінде «бейбіт жарылыстар» деп айдар тағылған қазақ даласының қасіретті зардаптарына қарағанда, әлем жұрты жапон трагедиясы туралы әлдеқайда көп хабардар болушы еді. Ауызға да соны бірінші алатын кездері жиі болатын. «Екіншіден, 29 тамыз күні – бүкіл Орталық Азия аумағы үшін Ядролық қарудан азат аймақ ретіндегі мәртебені иелену процесіндегі қайта есептеу нүктесіне айналды. Қазақстан кеңестік «әскери машинадан» мұраға қалған әлемдегі 4-ші қуатты саналатын ядролық әлеуеттен бас тартты», – деді Мемлекет басшысы. Президенттің айтуынша, сол тұста Қазақстан иелігінде Жер шарының кез-келген нүктесіне жете алатын 110-нан астам баллистикалық зымыран, 1 мың 200-ге тарта ядролық оқтұмсықтар бар еді. Осыны ескергендер сол кезде де, қазір де осыншама қуаттан бас тартудағы еліміздің ерлікке тең қадамына мойындаулар айтып жатады. «Алайда Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуын басқа факторлармен, ондай зор арсеналды ұстап тұру мүмкіндігімен байланыстырып жататындар да баршылық. Еске сала кетейін, Қазақстан уран қоры жағынан әлемде екінші, оны өндіруден бірінші орында тұр. Еліміздің экономикалық әлеуеті ЖІӨ жағынан «табалдырықта» тұрған бірқатар елдермен тең, кейбірін басып озатынын, ал Солтүстік Кореядан 7 есеге артық екенін, КСРО ыдырағаннан соң, біздің елімізде әскери-ядролық бағдарламаны жүзеге асыру үшін қажетті мамандар, қажетті инфрақұрылымдар, жеткізу құралдары, қашықтықтан бомбалау құралдары болғанын еске салғым келеді. Сондықтан да, 20 жыл бұрын Қазақстан секілді жаңа ядролық державаның пайда болуы тек саяси ерік-жігер мен уақыттың мәселесі ғана болатын. Біз саяси ерік-жігерімізді басқаша көрсеттік, сөзге келместен ядролық клубқа мүшеліктен қағидатты түрде бас тарттық», – деді Президент.
Бұдан әрі Мемлекет басшысы Cемей полигоны жабылғаннан бастап ядролық қаруды таратпау мен қарусызданудағы жаһандық үдерістің жаңа кезеңі бастау алғанына назар аударды. «1991 жылғы 29 тамызға дейін ядролық қауіпсіздік сериялары негізінен шектеу шаралары ретінде қабылданып келді. Қазақстан тұңғыш рет «махшар күні» қаруын сынауға, жетілдіру үшін зерттеуге толық, бұлтарыссыз тыйым салатын акт жасады. 16 жыл бұрын БҰҰ шешімімен Жаппай ядролық сынақтарға тыйым салу туралы келісім жасалды. Қазақстан оған ең біріншілердің қатарында қол қойды», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы қозғаған әлгі келісімге бүгінгі күні 183 ел қосылып, 157 мемлекет ратификациялаған. Семей полигоны жабылған соң планетадағы басқа да сынақ алаңдарының Невада, Жаңа Жер, Лобнор мен Муруроа сынақтарының «үні» өше бастады. Алайда бұл қауіптің беті қайтқанын, адамзат ядролық қарусыз өркениетті таңдағанын білдіре ме? Жоқ. Олай емес екені өкінішті.
Бұл ретте Президент Ұлыбританияның «Атомшы-ғалымдар (атомшылар) бюллетені» журналы 65 жыл бойы жаһандық ядролық қауіпсіздіктің деңгейін «махшар күнінің» символикалық сағатымен өлшеп келетініне ерекше тоқталған болатын. «Биылғы жылдың басында әлгі сағаттың тілі планетада орын алуы мүмкін ядролық апат мерзіміне қарай бір минөтке алға жылжытылыпты. Бұндай бағалау немен байланысты? Мамандардың Сеулдегі Жаһандық саммитке қатысушылардың назарын осы саладағы проблемаларға аударғысы келгені сөзсіз. Шынымен де, біз бүгінгі күні жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту үдерісі серпінінің тежелуін байқаймыз. Бұл тіпті осы тақырыпты қамтитын саммиттердің жиілегеніне қарамастан орын алып отыр», – деді Елбасы.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы жаһандық ядролық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруды тежеп отырған басты бес мәселеге тоқталды. «Біріншіден, ядролық қаруды таратпау режимінің әмбебаптығына әлі қол жеткізілген емес. Екіншіден, екі жыл бұрын АҚШ пен Ресей арасында стратегиялық қару-жарақты қысқарту процесін жаңғыртатын келісімге қол қойылды. Алайда бұл «ядролық клубқа» ресми мүше басқа елдер үшін үлгі бола алмады. Үшіншіден, әлі күнге ядролық сынақтарды жалпылама тыйым салу туралы келісім күшіне ене алмай отыр». Қазақстан тарапы бастамашылық тізгінін қолға ұстап келген осы Келісімнің күшіне енбеуіне бірқатар кедергілер баршылық. Ал ол үшін Президент айтпақшы, «табалдырықтағы» бірнеше елдің келісімі ғана жетіспейді. Төртінші мәселе, ұлттық ядролық энергетика бағдарламаларының дамуына ғаламдық бақылау мәселелерінің реттелмеуі. Бесіншіден, өткен жылғы Фукусима АЭС-ты апат бүкіл әлем үшін бейбіт атом нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологияларының артта қалу проблемаларын паш етті. «Алайда аталғанның барлығы себептен гөрі салдарға саяды. Ал проблема өзегі тым тереңде. Ядролық қауіпсіздіктің қазіргі жағдайына өткен дәуірлерден мұраға қалып келген заманауи әлемдік саясаттағы ақаулар қатты әсер етіп отыр. Әскери атом «апиыны» әлі де болса қайсыбір саясаткерлер мен әскерилерді елітіп жүр. Жаһанда ғаламдық көпполярлы әлемді әлі де тар ауқымда, ең алдымен ядролық күштердің жиынтығы ретінде қарастыратын күштер баршылық», – деді Президент.
Ядролық қарусыз әлем – бұл ядролық энергетиканы әскери пайдалануға толық тыйым салу
Президент алға тартқан деректерге сүйенсек, 2030 жылға қарай әлемдік экономиканың энергияға деген қажеттілігі екі есеге артады. Қазірдің өзінде ғаламшарда 2 миллиардқа жуық адам мүлдем электр энергиясына қол жеткізе алмай отырған көрінеді. Сондықтан да, қазір ғана емес келешекте де көптеген елдер үшін кедейшілік, жұмыссыздық пен азық-түлік жеткіліксіздігі проблемаларын шешу бейбіт атом энергетикасы жобаларын жүзеге асырумен тұтас байланысты болмақ. «Яғни бұл бағыттағы қадамдар міндетті түрде БҰҰ мен МАГАТЭ-нің қатаң қадағалауында болуы тиіс. Ядролық қарусыз әлем – бұл ядролық энергетиканы әскери пайдалануға толық тыйым салу. Менің Ядролық қарусыз әлемнің жалпылама декларациясын дайындау және қабылдау туралы ұсынысымның мәні де – осында. Мен осы идеяның жақтаушысымын және сол бағытта қала беремін», – деді Н. Назарбаев.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Астана экономикалық форумында көтерілген G-GLOBAL қағидатында жаңа әлемдік құрылысты қалыптастыру туралы бастамасын тағы да тереңдетті. Президент бұл ретте G-GLOBAL бойынша бес қағидат ұсынып, осының негізінде жаһандық ядролық қауіпсіздік саласында ілкі қадам жасауға болатынына сенім білдірді. «Біріншіден, БҰҰ қамқорлығымен әзірленіп, қабылданатын барлық ядролық қаруы бар мемлекеттердің қатысуымен стратегиялық қарулануды қысқартудың жалпылама сатылы жоспары қажет. Ол үшін бірінші кезекте ядролық қару сынақтарына тыйым салу жөніндегі келісімнің күшіне енуіне қол жеткізу маңызды. Әлемдік қоғамдастық ядролық қару клубының барлық мүшелері атомдық әскери арсеналдарын қысқарту бойынша міндеттерді қабылдауына қол жеткізуге құқылы. Мәселен, оны жаңғыртудан бас тарту және ескірген ядролық зарядтарды қару қатарынан шығару тәжірибесін атап өтуге болады», – деді Мемлекет басшысы. Бұл ретте Елбасы аталған шаралар АҚШ пен Ресей секілді екі алдыңғы қатарлы ядролық державаның қарусыздану үдерісімен қатар жүруі тиістігін жеткізді. Елбасы ескерген екінші мәселе – өңірлік ядролық қарусыз аймақтардың барлық қатысушыларына қауіпсіздіктің халықаралық кепілі. Бұл ретте әскери ядролық бағдарламадан қағидатты түрде бас тартушы мемлекеттерді ынталандыру тетіктері әзірленуі керек. «Жалпы, ядролық қарусыздану және ядролық қарусыз әлемді осы процеске қатысушылардың барлығының өзара сенімділік тетігінсіз елестету мүмкін емес. Сенімділік қағидаты – бұл әскери тұжырымдамаға саналы балама бола алады. Ядролық қару – адамзат үшін өзін-өзі өлтірумен бірдей. Ал өз-өзіне қол салуды Жаратушының жазғанына қарсы шығу ретінде әлемнің барлық діндері айыптайды. Ал әскери ядролық қуатты иеленуге ұмтылуды – абсолютты күпірлік санауға болады. Ядролық қарусыз әлем – бұл біздің ортақ мақсатымыз әрі адамзат осыған ұмтылуы керек. Тек бірлесе әрекеттенгенде ғана біз өз әлемімізді қауіпсіз әрі жақсы ете аламыз», – дей келе Президент осы мақсаттағы Қазақстанның халықаралық «АТОМ» жобасын іске қосатынын жария етті. Аталған аббревиатура ағылшын тіліндегі «Эболиш Тестинг. Ауэ Мишн» (Abolish Testing. Our Mission) сөздерінің бірінші әріптерінен құрылған. Яғни «Біздің Миссиямыз Сынақтарды Болдырмау» дегенді білдіреді. Қазақстан бастама жасаған жаһандық жобаға әлемнің түкпір-түкпіріндегі кез-келген адам қатыса алады. Жер шарының кез келген тұрғыны әлем үкіметтерін ядролық қарудан мәңгілікке бас тартуға және ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының тезірек күшіне енгізілуіне шақыратын онлайн петицияға қол қоя алады. «Мен конференцияға қатысушыларды және әлемдегі еркін адамдардың барлығын АТОМ жобасын қолдауға және әлем құрылымын ядролық қарусыздандыруды біздің маңызды мақсатымызға айналдыруға шақырамын», – деді Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, Президент тоқталған тағы бір мәселе – жаһандық транспаренттілік. Мемлекет басшысының атап өтуінше, таяуда Қазақ елінің транспаренттік негізде 210 тонна өңделген ядролық отынды қауіпсіз сақтауға тасымалдау жобасын жүзеге асырды. Қазақстандық реакторларды төмен байытылған отынға алмастыру жұмыстарының ашықтығы да жалғасуда. МАГАТЭ-мен бірлесіп, табиғи уранды есепке алу, бақылау және қорғаудың бірегей автоматтандырылған жүйесі құрылуда. «Қазақстанның МАГАТЭ-ге біздің елімізде Халықаралық ядролық отын банкін орналастыру туралы өтінімін жүзеге асыру бойынша жұмыстар тәжірибеде іске қосылды. Міне, осы мысалдардың барлығы да ядролық қарудан мәңгілікке бас тартқан біздің еліміз үшін сөзсіз тиімді. Сонымен қатар, бұл басқа да мемлекеттерге үлгі», – деді ҚР Президенті. Сондай-ақ Н.Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бұрынғы Семей полигоны аумағында болғандығын айта келе: «Мен оған Қазақстанның антиядролық саясаты мен бастамаларына қолдау білдіріп, жоғары бағалағаны үшін алғысымды білдіремін. Қазақстан өзінің антиядролық тәжірибесімен бүкіл әлемге ядролық қарусыздану және таратпау мәселесіндегі баршаға ашықтығын мәлім етті», – деді.
Пікірлер
Нұрлан ҚАПАРОВ, Қоршаған ортаны қорғау министрі:
– Біз ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонын жаптық. Бірақ онымен экологиялық проблема жабылды деп айтуға болмайды. Қазақстан әлі күнге дейін ядролық сынақтардың зардабын тартып келеді. Қазіргі кезде біз сонымен айналысып жатырмыз. Семей полигоны болған жерді рекультивациядан өткізіп, ауыл шаруашылығына беру – біздің басты мақсатымыз. Біз үшін бұл – маңызды міндеттердің бірі.
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының негізін қалаушы, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі:
– Меніңше, бұл – үлкен маңызы бар конференция. Себебі оған әлемнің түкпір-түкпірінен парламентарийлер жиналып отыр. Олар алғаш рет осындай делегациямен Астанаға келіп, ядролық қарусыздандыру проблемасын кеңінен талқылауға мүмкіндік алды. Сөз жоқ, бұдан біз өзге елдердің антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналған Қазақстанға деген құрметін байқай аламыз. Енді, олар өз елдеріне барып, осы жерде айтылған мәселелерді ұлттық деңгейде көтеретін болады. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге таралады» деуші ме еді. Оның ішінде Қазақстанның бастамалары да көрініс табатыны хақ.
Әділ АХМЕТОВ, Сенат депутаты:
– Шынын айту керек, осыдан 20 жыл бұрын біздің Президентіміздің пәрменімен Семей ядролық сынақ алаңы жабылмағанда, Америкадағы Невада полигоны, мына көрші тұрған Қытайдың Лобнор ядролық сынақ алаңы да жабылмас еді. Қазақстаннан кейін Франция мен Ұлыбритания жеріндегі полигондар бірінен соң бірі өз жұмысын тоқтатты. Сондықтан Семей полигонын жабу әлемнің ядролық қарусыздандыру саласына үлкен үлес қосты. Сол кезде егілген дән бүгінде үлкен бәйтерекке айналды, бір мәуелі бәйтерекке айналды деуге болады. Сосын мына бір жәйтке назар аударайықшы, Вашингтон мен Сеулде өткен екі саммитте де Нұрсұлтан Назарбаев бірінші болып сөз сөйледі. Кореяда болған жиында – оң жақта алпауыт Қытайдың президенті, сол жақта - ядролық қаруы бар АҚШ-тың басшысы, ал ортасында бейбіт атомды тұғыр еткен Қазақстанның Президенті отырды. Саясат сахнасында жайдан-жай ештеңе болмайды. Бұл – Қазақстанның абыройы, еліміздің әлемдік қауіпсіздікке сіңірген ерен еңбегі.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Семей полигонын жабу бастамасы Қазақстанға ғана емес, бүкіл жер-жаһанға қажет болды. Оның халықаралық қозғалысқа айналғаны да содан. Тарихқа үңіліп қарасақ, II Дүниежүзілік соғыстан кейін алпауыт мемлекеттер жаппай қырып-жоятын қару-жарақ жасауға талпынып кетті ғой. Олар сол бағыттан әлі күнге дейін таймай келеді. Өткен ғасырда болған қырғи-қабақ соғыс тағы бар. Ол да тоқтады. Бірақ адамдардың санасындағы содан қалған «инерция» тоқтамай жатыр. Адамзат қарусыз да өмір сүруге болады дегенді түсінуі тиіс. Ол үшін осы іспетті конференцияларды жиі өткізіп, негізгі идеяларды сол арқылы тарату қажет.
Эни ФАЛЕОМАВАЕГА, АҚШ Конгресінің өкілі:
– Әлем бойынша төртінші орында тұрған Семей ядролық полигонын жауып, Қазақстан айрықша батылдық танытты. Осы орайда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси күш-жігерін ерекше атап өткен жөн. Білуімізше, сол үшін Қазақстан халқы Елбасын бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын ұсыну бастамасын көтерді. Алайда осы уақытқа дейін Нобель комитеті бұл сыйлықты тек ядролық полигондарға инспекция жасаған, я болмаса, осы салада ынтымақтастық орнатқандарға берген. Ядролық қару-жарақты саяси тұрғыда жойғаны үшін ондай награда әлі бірде-бір адамға тағайындалмаған. Сондықтан мен Қазақстан халқының бастамасына қосылып, Нобель комитетін Нұрсұлтан Назарбаевты осы атақпен марапаттауға шақырамын.