Инвестиция және даму министрлігі Көлік комитеті «Нұрлыжол» бағдарламасы аясында үш ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыратын болады. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатындаКомитет төрағасының орынбасары Дмитрий Потлов мәлімдеді.
«Атап айтқанда, теңіз инфрақұрылымын құру және Каспий теңізі айлақтары арқылы экспорттық бағыттар әлеуетін дамыту бағытында Құрық порты арқылы паромдар өткелінің құрылысы жобасы жүзеге асатын болады. Бұл өткелдіңжоспарланған өткізу қабілеті жылына 4 млн. тонна жүкті құрайды. Құрылыс нысанының мерзімі 2015 -2017 жылдарды қамтып отыр. Құрылыс салу барысында қазіргі күннің өзінде нысан бойынша шамамен 115 жұмыс орны ашылды. Құрылыс жобасының құны 32 миллиард теңгені құрайды», - деп атап өтті Д.Потлов.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Құрық айлағында салынып жатқан инфрақұрылымды магистральдық теміржол желісімен біріктіруге бағытталған Боржақты-Ерсай теміржол жобасы да қолға алынған. Бұл жоба теміржол құрамдарын паромның келешектегі кешеніне кедергісіз жеткізуді қамтамасыз етеді. Нысан учаскесінің ұзындығы 14 шақырымды құрайды. Құрылыс мерзімі 2014-2015 жылдарды қамтып, 74 жұмыс орны ашылған. Жобаның құны - 9,3 миллиарда теңге. Алдағы уақытта нысанды қабылдау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы жүзеге асады.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған үшінші жоба - Шу-Алматы теміржол учаскесінің екінші желісінің құрылысы. Жоба теміржол инфрақұрылымындағы «тар жерлерді» жоюға бағытталады. Бұның өзі Қытайдан транзиттік жүктер ағынының артуына есептеліп отыр. Осыған байланысты, теміржол желісінің осы бағытымен жүктерді өткізу жылдамдығы екі есеге артатыны, ал жүк айналымының өзі 4 есеге артатыны жоспарланады.
«Теміржол құрылысының ұзындығы 110 шақырымды құрайды, ал құрылыс жұмыстары 2015-2017 жылдарды қамтиды. Құрылыс барысында 60 жұмыс орны ашылады. Жобаның құны 38,3 миллиард теңге. Құрылыс барысына Ақтөбе рельс шығару зауытының рельстік өнімдері пайдаланылатын болады», - деді Д.Потлов.